23 Қаңтар, 2014

Ақын рухы асқақтады

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігінің ұйым­дастыруымен Қазақ­станның халық жазу­шысы, атақты ақын Қадыр Мырза-Әлінің құрметіне бұрын өзі тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды.

02-КАДЫР 007

01-КАДЫР 007

Алматы қаласы әкімдігінің ұйым­дастыруымен Қазақ­станның халық жазу­шысы, атақты ақын Қадыр Мырза-Әлінің құрметіне бұрын өзі тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды.

Жетпістен аса поэзиялық, прозалық, сондай-ақ, әдеби сын жанрларында жазылған бірнеше кітаптың авторы, екі жүзге тарта өлеңіне ән жазылған арқалы ақынды ұлықтау шарасына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ақынның туған жері Орал өңірінен арнайы келген азаматтар және қазақ әдебиеті мен өнерінің өкілдері қатысты.

– Бүгінгі қазақ поэзиясын Қадыр ақынсыз елестету мүмкін емес. Қазақтың бірнеше буыны оның өткір де, асқақ жырымен сусындап өсті. Өткен мен бүгіннің, тіпті, келешек қоғамның бүлкілдеген тамырын дөп басатын өрелі ақын қазақтай халық бар кезде ешқашан ұмытылмақ емес, – деді қала әкімі А.Есімов сал­­танатты шарада сөйлеген сөзінде.

Иә, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деп жыр­лап өткен Қадыр ақын еге­мендікке қол артқан тұста Ал­маты қаласында алғашқы қазақ мектептерін ашуға ұйытқы болған еді. Және оның бұл аза­маттық еңбегі әр қазақтың жүрегінде әрдайым сақталатыны да рас.

Бүгінде Қадыр Мырза-Әлінің пьесалары республикамыздың барлық дерлік театрларында сахналанып жүр. Оның ешкімге ұқсамайтын озық ойлы туындылары әлемнің бірнеше тілдеріне тәржімаланып, ол аударған әлемдік классиктердің еңбектері өз оқырмандарын бекзаттыққа баулып келеді.

1980 жылы ақынға «Жер­ұйық» атты жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, 1993 жылы рухы биік әдеби туындылары үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯС» сыйлығы берілді. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен және әр жылдарда «Парасат», І дәрежелі «Достық» ордендерімен наградталды.

Салтанатты шара барысын­да ақынның замандастары, жары мен қоғам қайраткерлері естеліктер айтып, келешекте Алматы қаласынан Қадыр Мырза-Әлінің атына көше беру туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

–––––––––––––––––––––––––––––––

Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.

Соңғы жаңалықтар