Тель-Авивте Қазақстан Қорғаныс министрінің ресми сапары барысында Қазақстан мен Израиль қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында Әділбек Жақсыбеков пен Моше Яалон екі ел арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Тель-Авивте Қазақстан Қорғаныс министрінің ресми сапары барысында Қазақстан мен Израиль қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында Әділбек Жақсыбеков пен Моше Яалон екі ел арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылады.

– Қазақстан іс жүзінде тәуелсіздік алған уақыттан бері Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын жалғастырып келеді. Қазақстан қорғаныс ведомствосы израильдік тараппен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі, ол қазіргі уақытта айтарлықтай жандана түсті, – деді Ә.Жақсыбеков өз сөзінде.
Өз кезегінде Израиль Қорғаныс министрі Моше Яалон Қазақстан Қорғаныс министрінің Израиль мемлекетіне алғашқы ресми сапары екі ел қорғаныс ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Израильдің әскери ынтымақтастығы Тель-Авивте қол қойылған Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді іске асыру шеңберінде жаңа қарқынға ие болатынын атап өтті.
Ә.Жақсыбеков осы келісім екі ел қорғаныс ведомстволарының жақсы перспективалық өзара іс-қимылына бағытталған тағы бір қадам болады деген үмітін жеткізді.
– Қазақстанның өз Қарулы Күштерін жетілдіру ниетін ескере отырып, бізге Израиль Армиясының жауынгерлік даярлық тәжірибесі қажет және маңызды, біз ведомстволарымыздың тең құқылы және өзара тиімді негіздегі ынтымақтастығын жүзеге асыра аламыз, – деді Қазақстан Қорғаныс ведомствосының басшысы.
Арнаулы мақсаттағы күштер арасындағы байланысты жолға қою мақсатында Ә.Жақсыбеков Израиль Қарулы Күштерінің өкілдерін 14-19 шілдеде Спасскіде өтетін «Алтын үкі» мергендер жұптарының халықаралық жарысына қатысуға шақырды.
Израильге ресми сапары барысында Қорғаныс министрі бастаған қазақстандық әскери делегация бірқатар әлемдік әскери техника өндіруші компанияларда: қару-жарақ жүйелерін өндірумен, жаңғыртумен және әскерлерге интеграциялаумен айналысатын Israel Military Industries (IMI); қару-жарақтың әр түрін, ұшақсыз ұшатын аппараттар жүйелерін, авиониканы, радиолокацияны әзірлеу және жаңғырту жөніндегі, ғарыштық барлау жерсеріктерін әзірлеуге қатысатын «Elbit Systems», әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің зымырандары мен авиациялық технологияларын, тактикалық зымыран қаруын шығаратын «Rafael» компанияларында болды. Компаниялардың полигондарында қазақстандық әскери делегацияға шығарылатын қару-жарақтың іс жүзінде қолданылуы көрсетілді.
Әскери-техникалық салада әрі қарай өзара іс-қимылды жолға қою үшін Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Израильдің қорғаныс компанияларын мамыр айында Астанада өтетін халықаралық «КАДЕКС-2014» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесіне қатысуға шақырды.
«Егемен-ақпарат».