«Құрылыс маусымы басталысымен қалада жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 115 көше салынып, жөндеуден өткізіледі. Оның 60-ы тұрғын үй алаптарында. Мысалы, Көктал-1-де 17 көше, Өндіріс шағын ауданында - 9 көше, сондай-ақ, Кірпішті, Железнодорожный, Оңтүстік – Шығыс, Шұбар және т.б. көшелер жол жұмыстарымен қамтылды, өткен жылдағыдай қаланың ескі бөлігіне, тұрғын үй массивтеріне және құрылыстың жаңа аудандарына баса назар аударылады», делінген хабарламада.
Бүгін қала әкімі бірқатар көшелердің, соның ішінде №27 көшенің (Ш.Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі учаскеде) салыну барысымен танысқанын атап өтті.
Оның айтуынша, аталған учаскеде ағымдағы жылы 8 жолақты магистралды көшенің құрылысы аяқталады. Ұзындығы 3 км болатын бұл көше де ауданды инженерлік желілермен және кірме жолдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта Айтматов көшесінің құрылысы аяқталғаннан кейін (Е10 көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі учаскеде) Тұран даңғылы (Сарайшық көшесінен Ұлы дала даңғылына дейін), Мұхамедханов көшесі (Тұран даңғылынан Айтматов көшесіне дейін), Е10 көшесі (Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін) жеңілдетіледі.
«Сондай-ақ Е52, Е41 (Бектұров және Төле би көшелерінің аудандары) көшелерінің құрылыс барысымен таныстым. Бұл көшелердің мәселесі бойынша бізге тұрғындар жүгінді. Құрылыс салынатын аудандардағы көшелер құрылысы аталған аудандардың дамуына қосымша серпін береді, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сүру сапасы артады. Жол жұмыстары елорданың барлық аудандарын қамтыды. Екі жыл ішінде жөнделген көшелер саны 300-ге жуық болады, бұл қаланың жол инфрақұрылымын жақсартатыны сөзсіз. Мысалы, өткен жылы 170-тен астам көше, оның 100-і тұрғын үй алаптарында жөнделді», деп толықтырды Көлгінов.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.