Президент • 25 Тамыз, 2021

Мемлекет басшысы Ербол Қарашөкеевке бірқатар тапсырма берді

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жағдайы мен оның тұрақты дамуына бағытталған шаралар туралы министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ербол Қарашөкеевке бірқатар тапсырма берді

Ербол Қарашөкеев Президентті өсімдік шаруашылығын дамыту, оның ішінде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру, цифрландыру және егіншілік технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығының заманауи жүйесін құру жөніндегі міндеттер туралы хабардар етті.

Салалық ведомство басшысы мал шаруашылығын дамыту, егістіктер мен жайылымдардағы өсімдіктердің түрлік құрамын бақылау үшін ғарыштық мониторинг пен қашықтықтан зондтауды пайдалану жоспарлары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау шаралары мен субсидиялау тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыс, сондай-ақ ветеринарлық қызметті, аграрлық ғылымды, кадрлар даярлау жүйесін реформалау қарқынымен танысты. Саланы реформалаудың негізгі бағыттары агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын болады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы дайын өңделген өнім өндірісін дамытуға, егін жинау жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуді ұйымдастыруға, алдағы қыс мезгілінде мал шаруашылығы саласын азықпен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді.