Әлем • 26 Тамыз, 2021

Испаниядағы табиғи апат

273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Ис­па­нияның оңтүстік-шы­ғысындағы лагу­на­ның жағасына бірнеше тонна өлі балық шығып қалды. Балық­тың қырылуы жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаны қорғау­шыларды алаңдатып отыр.

 

Испаниядағы табиғи апат

Жергілікті үкімет Мурсияның оңтүстігінде орналасқан Мар Менорада балықтың қырылуына жақын күндері болған ыстық ауа райын себеп қылған. Алайда ғалымдар жергілікті ауыл шаруашылығының қоршаған ортаны ластауы судың сапасын нашарлатты деген пікірде. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау саласының өкілдері арнайы тергеу жүргізіп жатқан көрінеді. Ал тұрғындар болса кінәлілерді тауып,  тиісті шара қолдануды талап етіп наразылық акцияларын өткізді.

Испандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, орталық үкімет Мар Менорды апат аймағы деп жариялау туралы өтінішті қарастыруда. Бұл сұранысты көптеген жыл бойы экологиялық проблемалардан зардап шеккен лагунаны құтқару жөніндегі қысымға қалған жергілікті билік өкілдері жіберіп отыр.  

Испанияның Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан лагунада бір кездері туризм жанданып, келушілер көп болған, сондай-ақ осы аймақты мекен еткен теңіз жануарларының саны да аз болмаған. Алайда соңғы жылдары судың сапасы нашарлап, аймақтың экожүйесі күрделі мәселелерге тап болған. Салдарынан осыған дейін де, 2016 және 2019 жылдары балықтың жаппай қырылуына жол берілген.