Коронавирус • 26 Тамыз, 2021

Өзін де, өзгені де ойлау – әр азаматтың міндеті

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаһанға жайылып, жер жүзіндегі барша халықты алаңдатқан коронавирус індетімен күрес әлі жалғасуда. Карантин кезеңіне де екі жылға жуықтады. Десе де, басты талап қауіпті індеттен барынша қорғанып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып отыр.

Өзін де, өзгені де ойлау – әр азаматтың міндеті

Бұл күнде Жамбыл облысын­дағы барлық ауруханалар мен емханалар күрделі жұмыс кестесіне ауысты. Өңірде қатаң карантин шаралары енгізілді. Осындай қиын кезеңде жедел жәрдем қыз­меті тәулік бойы көпшіліктің өмі­­рін сақтап қалу үшін еңбек етті. Бір күнде жедел жәрдем қыз­­­метіне 1800-2000 қоңырауға де­йін түскен. Аймақтағы ақ ха­лат­ты абзал жандар сын са­ғатта бә­ріне де үлгеріп, науқас жан­дарға ме­ди­циналық көмек көрсетті.

«Біздің станса – Жамбыл об­лысындағы үлкен мекемелердің бірі. Мұнда қызметкерлер де өте көп. Бір тәулікте облыс тұр­­ғындарына 93 бригада қыз­мет көрсетеді. Ал 93 көлік жүр­гізу­ші мен 150 медицина қыз­мет­кері күндіз-түні аяғынан тік тұрып, жаны қиналғандарға ал­ғашқы көмектерін көрсетіп, қа­жет болған жағдайда ауру­хана­лар­ға жеткізеді», дейді облыс­тық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Күл­захира Қызғараева.

Соңғы тәуліктің өзіне жедел жәрдем қызметіне 1800-ден астам қоңырау түскен. Жедел көрсетілген көмектің нәтижесінде 226 адам коронавирус инфекциясымен жұқпалы аурулар ауру­ханасына жатқызылған. Қазіргі кезде өңірде 2 130 науқас стационарлық ем қабылдауда. Дайындалған төсектік орын 59 па­йызға толтырылған. Сонымен қатар жансақтау бөлімшесінде 173 науқас емделуде. Аймақтағы қабылданған шаралардың нәти­жесінде қауіпті індеттен жазы­лып шыққандар да бар. Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны, 62 жастағы азамат Исмаил Камалов облыстық оңалту орталығының инфекциялық стационарына өкпенің 56 пайызының зақым­дануымен, тыныс алудың қиын­дығымен келіп түскен. Мұн­да да дәрігерлер аталған азамат­тың өмірін сақтап қалу үшін бар­лық қажетті шараны жасаған. Алай­да науқастың коронавирус індетіне қарсы вакцина ал­ма­ға­ны анықталған. Десе де, бүгін­де аталған азамат науқасынан айығып, үйіне қайтарылған. «ПТР-тест ер адамның коронавирус індетін жұқтырғанын көр­сет­кен. Науқастың жағ­дайын буын ауруы мен қан қысымы­ның жоғарылауы одан әрі қиын­датқан. Орталық дәрігерлерінің қамқорлығы мен біліктілігінің арқасында жағдайы жақсарған соң, екі аптадан кейін науқас үйіне шығарылды. Ауыр халде жеткен науқас ауруханаға ты­нысының тарылуымен түскен. Дертке шалдыққандарды аурудан айықтырып, үйіне жеткізу – біздің парыз. Ағза толық қалпына келу үшін одан әрі оңалтатын ем-дом жасау қажет. Ауру айтып келмейді. Үйде симптомсыз бас­талып, аяқ астынан өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан халық аурудан сақтануға салғырт, бейжай қарамаса екен», дейді емдеуші дәрігері Ақмарал Құлымбаева.

Жамбыл ауданының тұрғы­ны Исмаил Камалов та бұл күн­де жағдайының жақсы екенін айтады. Дегенмен ол күнделікті тіршілік қамын күйттеп жүріп қауіпті індеттен сақтануды аса қаперіне алмағанын да жеткізді. «Ауыр науқастан кейін үйге аман-есен оралғаныма өте қуа­ныш­тымын. Карантинге қарамас­тан медициналық бетперде кимей көшеде жүрдім, арасында базарға да баратынмын. Содан ақыры індет жұқтырып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ауруханада 14 күн ем қабылдадым. Дәрігерлер мені аяққа тұрғызды. Ол кісілерге өте ризамын. Барлығы да өз міндетін кәсіби деңгейде орындап, бізге жылы шырай танытып, үйдегідей күтім жасады. Орталықта жұмыс істейтін қызметкерлерге кәсіби біліктілігі мен көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіремін», дейді ол.

Сол сияқты қауіпті індетке шалдыққан бірқатар азаматтар да науқасынан айығып, үйлеріне шығарылған. Алайда дәрігерлер тұрғындарға арқаны кеңге салмай, қауіпсіздік шараларын қа­таң сақтауды міндеттеп отыр. Соң­ғы тәуліктің өзінде жедел жәрдем қызметіне 2 мыңға жуық қоңыраудың түсуі індеттің өршіп бара жатқанын көрсетеді. Ал одан сақтану, өзінің де, өзгенің де қауіп­сіздігін ойлау әрбір азамат­тың басты міндеті болуы керек.

 

Жамбыл облысы