Білім ордасының ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің 98%-ы вакцина алды. Қызметкерлер мен оқытушыларды вакциналауға тарту үшін түсіндіру жұмыстары мен ынталандыру шаралары жүргізілген. Вакцина алған 500-ге жуық қызметкерге сыйақы түрінде материалдық көмек берілді.
– Вакциналау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, медицина қызметкерлерімен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде қазір студенттердің арасында вакциналау қарқынды жүруде, – деді Жасұлан Құдайбергенұлы.
Биылғы оқу жылында вакцина алған ақылы бөлімнің студенттері үшін оқуға 5% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар студенттер арасында сыйлық сертификаттарының ұтыс ойыны өткізіліп, 60 студент қаржылай сертификатқа ие болды. Ақшалай жүлделер ұтыс ойынында 70 студентке берілмек. Алдағы қыркүйек айында студенттердің Абай жеріне туристік сапары және «Простор» жазғы экспедициялық кампусында тимбилдинг өткізу жоспарланып отыр.
Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес шектеу шаралары енгізіліп, жатақхана, кітапхана, барлық оқу корпустарына оқытушылар мен студенттер Ashyq жүйесі арқылы кіреді.
Университет басшысы айтып өткендей, оқу корпустары мен жатақханалар санитайзер, дезинфекциялық және кварцтауға арналған шамдармен, дезинфекциялық кілемшелермен қамтамасыз етілген. Медициналық пункт барлық қажетті препаратпен жабдықталған. Студенттер мен қызметкерлердің денсаулық жағдайын бақылау үшін «Олимп» зертханасымен келісімшарт жасалып, COVID-19 тестілерін жедел өткізу үшін экспресс-тесттер сатып алынды.
Санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалған Регламент бойынша кіреберістерде дезинфекциялық тоннельдер орнатылған. Маскалық режім, термографиялық бақылау, ғимаратты санитарлық өңдеу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Барлық аудиториялар мен зертханаларда, асхана мен кітапханада қашықтық сақтау таңбалары жасалды. Дәрігердің кезекшілігі ұйымдастырылып, жатақханада студенттердің денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Кітапхананың оқу залы кең және көпфункционалды. Студенттер кітапхана қорына еркін қол жеткізе алады. Қажетті кітаптарды өз бетімен алуға, тіркеуге және пайдалануға жағдай жасалған.
Университеттің басқа қала-аудандардан келген студенттерге арналған 1500-ден аса орындық үш жатақханасы бар. Бұл жатақханаға қажеттілікті толығымен жабады. Болжам бойынша жатақханаға қажеттілік – 985 орын, оның ішінде «Серпін» бағдарламасымен оқитын 178 студент бар.
Жаз бойы жатақхана бөлмелерінде, жылу және су жүйесіне, тұрмыстық техникаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа жиһаздар жасалды. Барлық жатақханаларда фитнес залдары жабдықталған.
Университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева түсіндіріп өткендей, биыл студенттер бакалавриат, магистратура және докторантурада аралас оқыту форматы бойынша білім алады: дәрістер онлайн, тәжірибелік және зертханалық сабақтар офлайн өтеді.
Пәндердің электрондық мазмұнын оқытушылар Oren Edx, MOODLE ВКТУ, Google Classroom платформаларында жүктеді. Студенттер апта сайын бейнематериал түрінде берілген дәрістермен өз бетінше танысады және тақырып бойынша оқиды. Дәріске қатысу арнайы жүйелермен бақыланады. Ал тәжірибелік сабақтар қоңыраулардың икемді кестесімен және екі ауысыммен, сабақтар арасындағы әртүрлі уақыттағы үзілістермен өтеді.
Студенттер аудиторияда 2 метр, зертханада 5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, шахмат тәртібімен отырады. Аудиториялардың толымдылығы 50%-дан аспайды. Оқу практикасы теориялық оқытуға біріктірілген және студенттер базалық инженерлік біліктіліктерді университеттің құзыреттілік орталықтарында ала алады.
– Физика мен химия пәндерінің зертханалық жұмыстарға алдын ала жазылады. Зертхананың жұмыс кестесін, жұмыстың әдістемелік нұсқаулықтарын білім беру порталында орналасқан EKTU-LAB парақшасы арқылы білуге болады. Онда алдын ала жазылып, зертханалық жұмыстардың орны мен уақытын брондауға болады, – деді проректор Жадыра Қоңырбаева.
Дене шынықтыру пәні бойынша оқу процесін ұйымдастыру кезінде студенттерге «Таңдау», «Команда», «Денсаулық», «Кәсіпқой» бағдарламаларының бірін таңдау ұсынылады. Оқу жүктемесінде дене шынықтырумен айналысудан басқа, дарынды студенттерді анықтау, оларды спорт секцияларына тарту, жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындау ұйымдастырылады. Мәселен, «Команда» бағдарламасы бойынша студенттер спорттың 15 түрі бойынша жыл сайынғы Универсиадаға дайындалады. «Денсаулық» бағдарламасындағы сабақтарға анықтама бойынша босатылған студенттер қатысады. Ал «Кәсіпқой» бағдарламасы кәсіби спорт түрлерімен айналысатын спорт шеберіне үміткер студенттерге арналған.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ