23 Қаңтар, 2014

Алысқа қарағанның алымы мол

332 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

p8kiwsp22hc8o4wgw4wcБір Мақсатқа жұмылсақ, бір Мүддеге ұйыссақ Болашағымыз да бір болары сөзсіз

«Жолдауды оқи отырып, Елбасының алысқа қарайтынына және көз жетпесті көретініне тағы да сене түсесіз» – Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанда» газет басшысы Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатындағы осы сөзі мақаламның тақырыбын осылай қойғызды. Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер ретіндегі кемелдігі алысты көруінен танылады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың жаңалығы ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын алға шығарып, оның ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығына айналатынына сенім білдірді. Бұл жолы да солай болды.

 

Бір Мақсатқа жұмылсақ, бір Мүддеге ұйыссақ Болашағымыз да бір болары сөзсіз

«Жолдауды оқи отырып, Елбасының алысқа қарайтынына және көз жетпесті көретініне тағы да сене түсесіз» – Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанда» газет басшысы Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатындағы осы сөзі мақаламның тақырыбын осылай қойғызды. Иә, Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер ретіндегі кемелдігі алысты көруінен танылады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың жаңалығы ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын алға шығарып, оның ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығына айналатынына сенім білдірді. Бұл жолы да солай болды.

Мәңгілік Ел!.. Адамзат баласы алғашқы қауымдастықтан шығып, бір орталықтан бағынатын іргелі ірі ұжымға ұйысқаннан бергі сан мыңжылдықтар бойы талайлардың жүрегін тербеп, қиялын қияға жетелеген Құдіретті күш, Ұлы Арман ғой бұл! Қай заманда да, қандай жағдайда да кім өз елінің, өз мемлекетінің мәңгілік болғанын армандамады дейсіз. Бәрі армандаған. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткеніндей, мәңгілік ел болу «біздің ата-бабаларымыздың да сан мың жылдан бергі асыл арманы» болған. Бірақ олар да, басқалар да өз елдерін «Мәңгілік Ел» ете алмады. Армандары жүзеге аспай, арман күйінде қалды. Дүниені дүр сілкіндірген небір ұлы ұлыстар мәңгілікке қол созғанымен, армандарына жете алмай, белгілі бір дәуірлеу кезеңдерін бастан өткеріп барып, уақыт тылсымының тұңғиығына батып, ғасырлар тозаңына көміліп қала берген. Олардың орнын басқа жаңа мемлекеттер басқан. Осылайша олардың бір де біреуі «Мәңгілік Ел» болуды мақсат еткенімен, армандағандарымен, оны жалпы халықтық мұратқа, ұлттық игілікке, ұрпақтық ұранға айналдыра алмаған.

Солай дей тұрғанмен, қарт тарих ақыры баянсыз болғаны болмаса, заманында өзгелерден оза шығып, «Мәңгілік Ел» болуды жалпы халықтық мұратқа, ұрпақтық ұранға айналдыруға талпынған, сол жолда әрекет еткен айтулы дара тұлғаның болғанын да жоққа шығармайды. Тарихта ондай дара тұлға болған. Ең ғажабы әрі мақтанарлығы, «Мәңгілік Ел» идеясын адамзат баласы тарихында жалпы халықтық мұратқа, ұрпақтық ұранға айналдырмақ болып, жалғанға жар салған Алғашқы Дара Тұлға – өзге емес, өзіміздің бабамыз Туұлы Бумын (Момын) қаған еді. Бұрынғы бабалары орнатқан мемлекетінен айырылып, бірнеше ғасыр бойына өзге елге тәуелді болып, қуғын-сүргін көріп, азапты тірлік кешкен халқының қолын азаттыққа жеткізіп, өздеріне тән дербес Тәуелсіз Мемлекет орнатқанда, елін «Мәңгі Ел» деп атаған тарихқа танылған тұңғыш билеуші осы Бумын қаған болатын. Бұл бір далалықтар арасында ғана емес, бүкіл адамзат баласы тарихында бұрын-соңды болмаған Ұлы Жаңалық еді. Бұрын көшкінші халықтардың сан мыңжылдықтар бойына қалыптасқан дәстүрі бойынша жаңадан бір мемлекет шаңырақ көтерсе, ол сол мемлекетті құруға ұйытқы болған тайпаның атымен, яғни билеуші тайпаның атымен аталатын. Мысалы, кейінгі «Қырғыз қағандығы», «Ұйғыр қағандығы», «Түргеш қағандығы», «Қарлық қағандығы» деген сияқты. Бумын болса, бұл дәстүрді бұзды. Өйткені, оның арман-мүддесі басқа еді. Ол сонау тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ өзі шыққан тайпасының ғана емес, бүкіл түркітектес бауырларын бостандыққа жеткізіп, бір үлкен шаңырақтың астына біріктіруді көздеді. Ол кейінгі Азия тарихшылары (Рашид Ад-дин, Хондемир, Әбілғазы) жазатын, жарты әлемге әмірін жүргізген Ежелгі Түрік Мемлекетіндей ел болуды армандап, ертеңіне елеулі өзгеріс кіргізуді мақсат етті. Мерзімдікке мәз болмай, мәңгілікке ұмтылды. Болашаққа батыл жол ашуды армандады. Талай жыл өздеріне үстемдік жүргізіп келген Жыужан мемлекетін құлатып, сол арманына жеткізер өрлеу баспалдағының алғашқы сатысына аяқ басқанда өз елінің негізін қалаған құрама жұртты көне дәстүрмен өзі шыққан тайпаның атымен атандырмай, оларға баршасының тектестігінің ортақ бірлігін танытар киелі түрік есімін берді. Сөйтіп өздерін «біз – түрік халқымыз» («түрк будынымыз») деп жалғанға жария етті. (Осыны арада 1400 жыл өткеннен соң негізін оғыз тайпалары қалаған Османлы империясы құлағаннан кейін жұртында қалған құрама халықты «түрік халқы» деп атап, Мұстафа Кемал Ататүрік қайталады, оған дейін қазіргі түріктер өздерін «османлы» деп атап келген еді – Қ.С.). Осылайша христиан дәуірінен кейінгі VI ғасырда, Орталық Азияда «түрік» деген жаңа халық пайда болып, «біз бұрынғы бабаларымыздың қателігін қайталамаймыз, олар секілді мемлекетіміздің құлауына жол бермейміз, мәңгілік етеміз» деп, елдерін «Мәңгі Ел» деп атаған-ды. Қазіргі таңда ресми тарихқа «Бірінші Шығыс Түрік қағанаты» деген атпен әйгілі болған мемлекеттің елдік атауы әуелде осылай аталған. Ортағасырлық түріктер осылайша «Мәңгілік Ел» идеясын ту қылып көтеріп, жер бетіндегі түріктектес халықтардың басын бір шаңырақтың астына біріктірген. Бумын (Момын) мен Істіми (Ысты би) секілді атақты қағандардан кейін екі ғасырдан соң билік басына келген, солардың тікелей ұрпағы Білге қағанның сол заманда тасқа қашап жаздырған: «Төрт бұрыштағы халықтарды көп алған, бейбіт еткен, бастыны еңкейткен, тізелі бүктірген, ілгеріде (шығыста) Қадырхан (Хинган) қойнауына дейін, керіде (батыста) Темір қақпаға дейін жайлаған, осы екі аралықта жүрген иесіз көктүріктерді осылай қоныстандырған білге (дана) қағандар, алып қағандар болған екен» деген сөздері сол тарихи шындықтың нақты айғағы еді (Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы. 1986. 46-б.). Алайда, дана түріктер көтерген Ұлы Идеяны, игілікті істі кейінгі шала түріктер жалғастырып кете алмады. Бұл шындықты да Білге қаған ұрпағым сабақ алсын деген үмітпен тасқа қашап жаздырды. «Жоғарыдан аспан баспаса, төменде қара жер айырылып, жұтпаса, түрік халқы саған кімнің шамасы жететін еді?! Табғаштың тәтті сөзіне алданып, жібегіне арбалып, аға мен іні араздасқаннан, ағайындар бір-бірімен жауласқанынан осындай күйге ұшырадың. Текті ұлың құл болды, ару қызың күң болды» деп күңіренді (Бұл да сонда). Бір кезде сәтті басталған ізгілікті іс, жүректерге нұр құйған ұлы идея осылайша жалғасын таппай, сағымға айналып, қайтадан қол жетпес арманға айналды.

Содан бері де күн тізбегін құрап талай айлар, ай тізбегін құрап талай жылдар өтті. Біріне бірі жалғасқан сол жылдар саны артық-кемі жоқ 1500-ге, яғни мыңжарым жылға жеткенде баяғы «Түрік» атты алып бәйтеректің жапырақ жайған жаңа бір бұтағы – Қазақ халқының жасампаз екінші бір перзенті үш ғасырға созылған бодандық бұғауынан құтылып, Тәуелсіз Мемлекетке қол жеткізгенінің жиырма екінші жылында, басталған жылдың басты құжаты – Жолдауда елімізді дамытудың өзекті экономикалық мәселелерін тиянақты сөз ете келіп, орындалмай қалған аталар арманын жүзеге асыру мақсатында «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғыртып жария етті. Бұдан туатын міндеттер де Жолдауда жан-жақты айтылды. Оны жүзеге асырудың да жолдары көрсетілді. Тәуелсіздікке қол жеткізуден гөрі оны баянды етудің, мәңгілік елге айналдырудың қиын екеніне халық назарын аударып, ерекше тоқталды. «Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтардың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама», дей келіп Елбасы біздің өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ алуымыз керектігін баса ескертті. Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етуді ұсынды. Елбасының бұл бастамасын бүкіл халық зор ынтамен қабылдап, жабыла құптап жатыр. Сан мыңдаған жылдар бойы бабалар армандаған асыл мұрат енді бүгінгі ұрпақтың басты мақсатына, жетер нақты нысанына айналмақшы. Өз Жолдауында Президенттің бұл жолда ел жастарына үлкен үміт артып: «Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер» деуі де содан болар.

Иә, Ұлы Бастама көтерілді, «Мәң­гілік Ел» идеясы Тәуелсіз Қазақ­стан аспанында қалықтап, шарта­рапқа қанат қақты. «Мәңгілік Ел» ендігі жерде жалпы халықтық мұ­ратқа, ұлттық игілікке, ұрпақтық ұран­ға айналмақ. Бүкіл Қазақ елі бо­лып, бір Мақсатқа жұмылсақ, бір Мүд­­де төңірегіне ұйыссақ, Бо­ла­шағы­мыздың да бір болары сөзсіз. Бәрі сәтімен болғай, ағайын!

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты.

Соңғы жаңалықтар