23 Қаңтар, 2014

Винокуров рекордтар кітабына енді

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облы­сының тумасы, Лондон Олим­пиадасының чемпионы Александр Винокуровтың есімі «Гиннестің рекордтар кітабына» енді.

 

Солтүстік Қазақстан облы­сының тумасы, Лондон Олим­пиадасының чемпионы Александр Винокуровтың есімі «Гиннестің рекордтар кітабына» енді.

«Гиннестің рекордтар кітабы» Винокуровты 2000 жылы Олим­пиаданың күміс медалінен кейін араға 12 жыл салып, Олим­пиада чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш спортшы ретінде тізімге енгізді.

Александр Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл деген ауылда туған. Ол 2000 жылы Олимпиадаға қатысқан кезде «Deutche Telekom» командасының капитаны Ян Ульрих пен Андреас Клёдэнмен бірге мәреге бірінші келіп, жүлделі орындарды өзара бөліскен еді. Сол кезде Ян алтын медальді, Александр күміс жүлдені алса, Адреас үшінші орынды иеленген болатын.

Соңғы уақытта Ульрихтың допинг қолданғаны жайлы көп айтылып жүр. Егер мұнысы әшкере болса, Сиднейдің алтын медалі де Винокуровқа алып беріледі. Ал Лондонда жасы 40-қа жақындап қалған Александр Винокуровтың 250 шақы­рымдық жарыста алтын жүлдені жеңіп алғанын білеміз.

 

БІЗДІҢ БОКСШЫЛАР АЗИЯНЫҢ ҮЗДІГІ

Азия бокс федерациясы өткен жылғы жұмыстарын қорытындылап, құрлықтың үздіктерін анықтады.

Онда «Жылдың ең үздік ер боксшысы» номинациясы бойынша бас жүлдеге Мерей Ақшалов ие болды. Бұл атақты құрлықтық федерация Ақшаловқа былтыр әлем және Азия чемпионатын жеңіп алғаны үшін берді. Келесі «Жылдың ең үздік жас боксшысы» атағын да қазақстандық боксшы иеленді. Бұл номинация бойынша сыйлықты Абылайхан Жүсіпов алды. Ол былтыр 57 кило салмақта Украинаның Киев қаласында өткен әлем чемпионатын ұтып алса, Шымкентте Азия чемпионы атанған болатын. Қазір Абылайхан 16 жаста. Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) қазақстандық былғары қолғап шебері Самат Башеновті Азияның жыл боксшысы деп атады. Былтыр «Astana arlans» командасының құрамында WSB чемпионы атанған Самат бес жекпе-жекте жеңіске жетіп, біреуінде ғана украин Василь Ломаченкодан есе жіберген. Халықаралық әуесқой бокс федерациясы Саматтың оның осы табысын лайықты бағалап, құрлықтың үздігі деп таныды.

Ал Қазақстан бокс федерациясы 2013 жылдың «Азия құрлығындағы ең үздік федерация» деп танылды. Сонымен бірге, «Жылдың басты жаңалығы» атағын қырғыз Азат Үсенәлиев иеленді.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар