Экономика • 26 Тамыз, 2021

Грант пен несие – кәсіпкерге несібе

928 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы облысында жыл басынан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 895 жұмыссыз жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған екен. Ал былтыр мен биылды қосқанда осы курс тыңдаушыларының 1 050 бизнес-жобасына тиісті грант бөлініп, жеңімпаздар жеңілдетілген несие алған.

Грант пен несие – кәсіпкерге несібе

Жалпы, Алматы облысының тұрғындары шағын және орта биз­нестің дамуына өзіндік үлес­те­рін қосып келеді. Басым көп­шілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді. Солардың қатарында Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова да бар. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы болса да тігін ісіне қызығушылық танытып, сүйікті ісіне айналдырды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз несие алып, өзінің тігін цехын ашты. Облыста «Еңбек» бағ­дар­ламасы бойынша мыңнан аса бизнес жоба қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие иегері атанған.

– Мен 21 күн онлайн түрде кәсіп ашып, дөңгелетуді оқып-үйрендім. Содан кейін өзімнің бизнес жобамды ұсынып, сертификат ұтып алдым. Аудандық жұ­мыспен қамту орталығы арқы­лы оқуға қатысып, жобамды қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясында 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алдым. Мем­лекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жеке цех аш­тым. Қазіргі уақытта то­лық­қанды жұмыс істеп тұр. Біздің цех арнайы киімдерді тігуге ба­ғыт­талған. Алматы, Семей, Өс­кемен қалаларынан түскен тап­сы­­рыстарды орындап, жөнелт­­тік, – дейді кәсіпкер Ғалия Қожам­бер­генова.

Кәсіпкердің айтуынша, грант бойынша берілген қаражатқа маман­дандырылған тігін машинасы және қажетті құрал-жаб­дық­тар, маталар сатып алынды. Қас­келең қаласындағы бизнес орта­лық­тар­дың бірінде цех ашуға жарайтын ғимарат жалдаған. Бүгінгі күні үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар жергілікті тұр­ғын­дардан ғана емес, басқа да қа­ла­лардан түсуде.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық фи­лиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, биыл ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 484 ынталы тұрғын оқып, оның ішінен 70 бизнес-жоба қаржыландырылған.

Сондай-ақ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында Ең­бекшіқазақ ауданы Есік қала­сы­­ның тұрғыны, жас кәсіпкер Алпамыс Жақұпов та несие алып, автөкөліктерге техникалық қызмет көр­сететін орталық ашқан. 29 жас­та­ғы Алпамыс Жақұпов «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, былтыр 550 мың теңге көлемінде грант ұтып алған болатын. Бүгінгі таңда Алпамыс ашқан орталық автокөлікке арналған техникалық бай­қаудың барлық түрінде қызмет ете­ді. Мысалы көлік жуу, қиын­дығына байланысты жөндеу жұ­мыс­тары, диагностика және тағы бас­қасы. Жас кәсіпкер ха­лықтың темір тұлпарына жоғары дәрежедегі техникалық бақылау жасап қана қоймай, ауданның жұмыссыз жастарын жұмыспен қамтып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биыл 350 адам оқуға ниет еткен. Оның ішінде 280 тыңдаушы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуді бастап та кетті. Шағын несиені 80 тұрғынға беру жоспарланса, оның 60-ы 235,8 млн теңге несиені алып та үлгерген. Тағы 115 тұрғын мемлекеттік грант иесі атанады. Оның 85-і ұсынған жобасын қорғап, оларға 50 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

Айтпақшы, Алматы облысында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының арнайы кон­­­курсы шеңберінде берілген грант­­тар да тиімді игеріліп отыр. Жақында осы қордың қар­­жы­сы­на жүн өңдейтін және ұлт­тық көрпелер шығаратын этно ше­берхана іске қосылды. Ше­бер­хана Ақсу ауданында, «Там­шыбұлақ» қорының жетек­шісі Жанат Есімбековтің бастамасымен Қапал ауылында ашылды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарды кәсіпке үй­ре­ту­ге бағытталған әлеуметтік ма­ңызы бар жоба «Азаматтық бас­та­­ма­ларды» қолдау орталығының ар­найы конкурсы шеңберінде бе­ріл­ген грант есебінен жүзеге асты.

– Қазіргі уақытта өз кәсібіңді ашып, еңбек ету керек. Сондықтан біз уақыт ағымына қарай өз кәсі­бімізді бастауға бел будық. Бағ­дарлама жеңімпазы атанып, қай­тарымсыз несиеге қол жет­кіз­дік. Ен­дігі кезекте ұлттық өнердің қай­­та жаңғырып, дамуына өз үле­сі­­­мізді қосқымыз келеді, – дейді Жанат Есімбеков.

Жобаның жалпы құны 500 мың теңге екен. Бүгінгі күні 2 жұ­мыс орны құрылып, 10 адам ұлттық өнердің қыр-сырын оқып-меңгеруде. Басты мақсат – ұлттық өнерді әдемі көрпелерге кестелей отырып дәстүрді қайта жаңғырту. Алғашқы кезеңде этношеберхана ауыл халқын өніммен қамтамасыз етуге бағыттайды.

Сондай-ақ Қапшағай қала­сында көпбалалы ана Жанат Медетқызы да құрақ бұйымдарын жасаудың ескі технологиясын ойдағыдай дамытуда. 15 жылдан астам тәжірибесі бар қолөнер майталманы қапшағайлық бойжеткендерге өз білгенін үйре­туде. Сондай-ақ тапсырысты Қазақ­станның барлық қалаларына жет­кі­зеді. Жанат Медетқызының айтуынша, бір күнде цех тігіншілері 40-50 қалыңдыққа арналған жасау жүктерін тіге алады. Әрбір өнімге тігіншілер білек сыбана кірісіп, тапсырыстың сапалы шығуына барын салады. Тігіншінің ойын­ша, құрақ тігісі көп уақытты қажет етсе де, көркемдік талғамды қажет ететін өте қызықты іс. Өйт­ке­ні түс­тер мен пішіндерді бір-бірі­­мен үй­лестіріп, үйлесімді үлгі­ге айналуы үшін таңдау керек. Құрақ жас­тық­тар, көрпелер, жап­қыш өзі­нің қанық түсті, сан түрлі оюларымен көптің таңдайын қақ­ты­ра­ды. Цехта барлығы 20-дан астам өнім түрлері шығарылады.

– Әрбір өнер, әрбір пішіннің өзіндік мағынасы бар. Сондықтан әр жағдайға байланысты тиісті пішіндер бар. Көп жағдайда біз жастық, көрпе, төсек жапқышты ұлттық оюмен көркемдейміз. Ата-бабамыз қолданған оюмен өрнектейміз. Кей өнімге заман ағымына сәйкес өзгеріс те енгіземіз. Жас жұбайлар жинағын аққу, қос ғашықтың суретін салып не болмаса ізгі тілектер мен есімдерін жазып көркемдейміз. Қолымыз тиген әрбір өнімге жанымыздың бір бөлшегін сала кірісеміз, – дейді шебер.

Жалпы, Жетісудағы ежелгі өнер­дің барлық шеберлерін тек өз ойын жүзеге асыру, өз ісін ашу, өз бизнесін дамыту ғана емес, ең алдымен өскелең ұрпаққа ата-бабаларының мол шығармашылық мұрасын, баға жетпес дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін сақтау және беру ниеті біріктіріп отыр.

Бұдан бөлек, облыста кәсіп­кер­лікті дамытудың басқа да те­тік­­те­рі іске қосылып, нәти­жесін бе­ріп отыр. Облыстық кәсіп­кер­лер палатасының жобаларды сүйе­­­мелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатованың айтуынша, қазір бау-бақша мен ландшафт ор­та­лы­ғын дамытуды қолдау бо­йын­ша ақпараттық-консалтингтік көмек көрсетілу жолға қойылыпты. Бұл бағыттағы бастамаларды мем­­ле­кеттік бағдарламалар шең­бе­рін­де қаржыландыру да шешімін таба бас­таған екен. Мәселен, тал­дық­орғандық кәсіпкерлер Олеся Ильченко мен Яна Беленко қалада тұң­ғыш рет бау-бақша мен ландшафт орталығын ұйымдастырыпты. Осыған дейін олар табиғи өнімдер сататын «Сельпо» дүкенін ашқан болатын. Аталған орталық осы жобаның жалғасы екен. Екі жобаны да жүзеге асыруға Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы белсенді қолдау көрсеткен.

– Біз сатып алушыға сапасы жоғары тауарларды ұсынуға да­йынбыз. Сондықтан біз жеке тұлғалармен жұмыс істемейміз, тек тәлімбақтармен ғана жұмыс жүргіземіз. Мысалы, көшеттердің сапасы жақсы деңгейде болып, бейімделуден өтуі керек. Ор­та­лық­та сатып алушыларға ке­ңестер беріліп, тауарға қа­тыс­ты барлық ілеспе құ­жат­тар ұсы­нылады. Бұл жұмыс біз үшін аса маңызды, – дейді кәсіпкер Олеся Ильченко.