Сайып келгенде, мұның өзі біздің елдегі туризм индустриясынан нәпақа тауып жүрген жандар үшін үлкен олжа болды. Саяхатшылармен бірге осы саладағы кәсіптің тамырына қан жүгірткен қаражат түріндегі табыстың келе бастағаны да рас еді.
Мұндай жағдай Қарағанды облысында да қалыптасты. Өңірдегі ең ірі туристік кластер Балқаш көлінің жағасы екені даусыз. Соңғы жылдары туризм ту тіккен бұл аймаққа жергілікті атқарушы билік айрықша назар аудара бастады. Мысалы Балқаш туристік аймағын дамыту мақсатында бюджеттен және жеке инвестиция аясында 30 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Былтырдың өзінде Балқаш қаласының маңындағы Шұбартүбек және Тораңғылық елді мекендеріндегі жолдар жөндеуден өтті. Ал қаланың өз басында көл жағасы көрікті кейіпке еніп, абаттандырыла бастады. Мұндағы демалыс орындары ала жаздай адамнан босамады.
Арқадағы ғажап мекен Қарқаралы-
ның да саяхатшы қауымды қызықтырар мүмкіндігі мол. Кейінгі жылдары бұл ауданда туризм индустриясын дамытуға қомақты қаржы салынып, салада тың өзгерістер орын ала бастады. Бүгінде табиғаты таңдай қақтырған бұл өңірде 25 демалыс орны болса, келесі жылы кәсіпкерлердің күшімен тағы да бес нысан бой көтермек.
Кейінгі жылдары Қарқаралы туристік аймағында қысқы демалыс қарқынды түрде дамып келеді. Мысалы, саяхатшылардың сүйсіне келетін жерінің бірі – «Шахтер» демалыс үйі. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты бұл базаның жанында тау шаңғысы кешені бар. Қыстың қызығын осында келіп көргендер Самалкөлдің жағасына орын тепкен демалыс үйінің атақты Шымбұлақтан кем емесін сезінер еді. Мысалы, мұнда да 500 метр биіктіккке шығаратын аспалы арқанжол бар. Межелі биікке көтерілгеннен кейін шаңғымен немесе шанамен құлдилаймын десеңіз, ерік өзіңізде.
«Шахтер» демалыс үйіне келушілер мұндағы қонатын бөлмелердің жайлылығын, тамағының дәмділігін, жалпы, сервистік қызметтің жоғары деңгейде екендігін айтады. Мұндағы баға да қолжетімді: кісі басына тәулігіне 12 мың теңгеден алынады. Бұл соманың ішіне жатын орын және төрт мезгіл тамақ кіреді. Ал қалған қызмет түрлерінің, мысалы, саунаға түсу, бильярд ойнау, қыста шаңғы тебу, жазда қайықпен жүзудің ақысын тіпті де су тегін деуге болады.
Балқаш пен Қарқаралыдан кейінгі туризмі тартымды өңір – Ұлытау аймағы. Бұл жер тұнып тұрған тарих. Мысалы, бір ғана Жошы хан кесенесінің өзі неге тұрады? Оның жанындағы Алаша хан кесенесі де өзінің жұмбақ тарихымен адам баласының санасын баурап алады. Бұдан бөлек, Тоқтамыс хан, ер Едігенің мәңгілік тыныс тапқан жерлері де тарихқа құмар саяхатшыларға таптырмайтын мекен.
Жасыратыны жоқ, Ұлытаудағы туристік инфрақұрылым ұзақ жылдардан бері дамуды қажет етіп келген еді. Ал енді, соңғы жылдары аталған өңірге деген көзқарас оңынан өзгеріп, бұл бағытта көптеген игі жобалар жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен салынған визит-орталықтың құрылысы аяқталып қалды. Бұл орталықтан саяхатшы қауым үшін «Ұлытау», «Жезқазған-Ұлытау (Әулиетау)», «Жошы», «Теректі әулие» кешені, «Жезқазған-Қорғасын» сияқты бес туристік бағыт бойынша экскурсия ұйымдастырылады.
Айрықша атап өтетін жайт, биыл Жошы хан кесенесінің маңында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл жерде туристер үшін демалатын 20 орындық 10 жайлы бөлме болады.
Туристік нысандарға бастайтын жол мәселесі де бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Мысалы, бүгінде аталған кешен басына алып баратын күре жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Яғни келесі жылы жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын жол құрылысы басталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларынан Жезқазған өңіріне Qazaq Air компаниясы әуе рейсін жолға қоюы мүмкін деген жағымды жаңалық та бар.
Жалпы, Ұлытау өңірінде кейінгі жылдары этнотуризм екпінді түрде дамып келеді. Мұнда жыл сайын өтетін Kokmaisa fest фестиваліне шет мемлекеттерден тарихымызға, салт-дәстүрімізге қызығушылық танытқан көптеген турист келіп жатады. Олардың арасында ЮНЕСКО, National Geographic, Discovering Kazakhstan ұйымдарының да өкілдері бар.
Жоғарыда аталған үш туристік кластерден өзге саяхатшыны өзінің табиғи сиқырымен арбайтын сұлулықтар да бар Арқа төсінде. Соның бірі – Осакаров ауданындағы «Бұйратау» ұлттық паркі. Бұл өңірде жағасын жасыл желек көмкерген Әжібай және Бозайғыр өзендері бар.
Жалпы, Бұйратау паркі экологиялық туризмді дамытуға мақсатты бағыт алған. Нақтырақ айтқанда, бірнеше жыл бұрын Осакаров ауданында аумағы 400 гектар болатын далалық сафари паркі ашылған болатын. Яғни бұл территория темір тормен қоршалып, оның ішіне асыл тұқымды маралдар жіберілген. Қазіргі уақытта осы маралдардан өрген төл парк аумағына жерсініп, жергілікті экотуризмнің ауыз толтырып айтар негізгі мақтанышына айналған.
Бұйратауға ат терлетіп келген туристер осы маралдарды, сонымен қатар арқар, бұлан, елік, қабан, түлкі, қоян, қарсақ, сілеусін және жанат тектес ит сияқты жануарлар түрін табиғи ортада сырттай бақылап, тіпті селфи жасап суретке де түсе алады. Сондай-ақ олардың табиғат аясына шатыр тігіп, Әжібай мен Бозайғыр өзеніне қармақ салып, балық аулауына да болады. Бір сөзбен айтқанда, Бұйратаудың ұқсата білсе, экологиялық туризмнің саяхатшылар сүйіп келетін мекеніне айналар түрі бар.
Негізінде, туризм кластерін дамытудың бюджетке пайда әкеліп, экономиканың өсуіне оң әсер ететіні өз алдына, ол ең алдымен, ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеуге, табиғатымызды тани түсуге және тарихымызды терең ұғынуға да өзінің игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қарағанды облысы