Тарих • 27 Тамыз, 2021

Үш мың жыл бұрын құйылған жамбы

997 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбы дегеніміз – көне түрік тілінде «ямбу», яғни құймалы алтын немесе күміс ұғымын білдіреді. Жамбы – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан, тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, т.б. деп аталған. Жамбының жасалған материалына байланысты: ақ күмістен жасалған болса, «ақ жамбы», алтыннан жасалса, «алтын жамбы» деп те атаған.

Үш мың жыл бұрын құйылған жамбы

Ал мына суретте өздеріңіз көріп отырған күміс жамбы осыдан 3 366 жыл бұрын Мысыр перғауыны Тутанхамонның сарайында құ­йылған дейді. Зерттеушілердің айтуы бойынша бұл күміс жамбы өз заманында ақшаның орнына жүрген көрінеді. Сондықтан да жамбы ерте дәуірде, Орта ғасырда бағалы эквивалент ретінде танымал болғаны жайлы дерек бар.

Осы орайда, көшпенділер бейбіт күн­дері жауынгерлік сайыс ұйымдастырып, мергендерді алтын немесе күміс жамбы аттыру арқылы қабілет-қарымын сынайтын болған. Бұндағы басты мақсат: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіру болса, екіншіден ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап, оларды көтермелеу үшін қажет болған, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы топ жасақтап, соғыс кезінде күштік құрылым ретінде пайдаланған.

Сөйтіп, қазақта «Жамбы ату» дейтін дәс­түрлі ойын пайда болған. Бұл туралы ба­тырлық дастандарда көп айтылады. Мысалы, Қо­быланды батыр ай астына тігілген ақ жамбыны атып алып, ақысына Құртқа сұлуды алған.

Қазақ этнографиясынан жамбының «Ай­қабақ ату» деген түрін білеміз. Айқабақ жам­быдан ауыр, көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылған бұйым. «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қоя­ды. Оны мерген садақшы аттың үстінде шауып келе жатып дәл атып түсіруі керек. Бұл садақ­шылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер оңай мал табу үшін мерген болуы қажет еді.