Аймақтар • 27 Тамыз, 2021

Жемқорлық үлесі 78,3 пайызды құрады

986 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 7 ай аралығында Жетісудағы жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыс үлесі 78,3 пайызды құраған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді.

Жемқорлық үлесі 78,3 пайызды құрады

Атап айтқанда, жыл басынан бері жедел-тергеу бағыты бойынша 84 қылмыстық іс қозғалған. Оның 66-ы жемқорлық фактісі бойынша орын алған. Ал ауыр құраммен 56 қылмыс, аса ауыр құрам бойынша 5 қылмыс тіркелген. Жалпы, осы уақыт ішінде тіркелген сыбайлас жемқорлықа қатысты қылмыстар саны 78,3 пайыз көрсеткішті құрап отыр екен.

– Есепті кезеңде қылмыстық жауапкершілікке барлығы 147 тұлға тартылды. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылған 19 басшының құрамында облыстық маңызы бар 6 басшы, аудандық деңгейдегі 7 басшы, қалалық деңгейдегі 5 басшы және 1 ауылдық деңгейдегі басшы бар. Сонымен қатар осы аралықта «жүйелі» сыбайлас жемқорлықтың 8 фактісі анықталды. Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 22 адам әшкереленді. Жалпы саны 31 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыстық іс сотқа жолдаумен аяқталды, 1 адам сотталды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

Жалпы, жыл басынан бері барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 812,5 млн теңгені құраған. Бүгінге дейін 792,1 млн теңге өтеліп, яғни аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың өтелуі 97,5 пайызға жеткен екен. Ал есепті кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыруға өзге де жолмен жәрдемдескен облыстың үш тұрғынына 612 570 теңге көлемінде ынталандыру ақысы төленіпті.