23 Қаңтар, 2014

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің бұйрығы №859

496 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

2013 жылғы 1 қараша Астана қаласы

Автомобиль көлiгiмен мүгедектердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы

2013 жылғы 1 қараша Астана қаласы

Автомобиль көлiгiмен мүгедектердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы

«Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 23) тармақшасына және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль көлігі департаменті (Е.Е. Джұмашев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, соның ішінде оны Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы «Әділет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға көшірмелерін жіберуді;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн 5 жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк тiркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жiберу туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң Заң департаментiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі М.Қ. Пішембаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 Министрдің міндетін атқарушы        С.САРСЕНОВ.

 

«Келісілді»
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова
2013 жылғы 6 қараша
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация  министрінің
2013 жылғы 1 қарашадағы  №859 бұйрығымен бекітілді

Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 23) тармақшасына, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі № 767 қаулысына (бұдан әрі – Тасымалдау қағидалары) сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету кезінде мүгедектер үшін қолжетімді көліктік ортаны қамтамасыз етудің жалпы тәртібі мен шарттарын анықтайды.
3. Қағидалар Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады және барлық жеке және заңды тұлғалар үшiн меншiк нысандарына қарамастан мiндеттi болып табылады.
4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
таксимен тасымалдаушы – жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
шағын автобус – жасаушы зауыт көздеген жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын ерекше шағын сыныптағы автобус;
инватакси – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған автомобиль;
такси – Тасымалдау қағидаларына сәйкес жабдықталған, жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль.

2. Автокөлік құралдарымен мүгедектерді тасымалдау бойынша  қызметтер көрсету тәртібі
5. Мүгедектерді тұрақты қалааралық облысаралық маршруттарда тасымалдау кезінде және халықаралық автомобиль тасымалдарында «Жолаушылар тасымалдары бойынша автокөлік қызметтері» 1040-2001 Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандартының талаптарына сәйкес келетін жолаушылар салонындағы өтудің ені 44 сантиметрден кем емес қалааралық автобустар (II класс) немесе алысқа жүретін автобустар (III класс) пайдаланылады.
6. Автобустарда мүгедектерге арналған орындар және мүгедектердің қозғалысына арналған кресло-арбалар автобустың жанама қабырғасының ені бойында бір қатарда орналастырады және олар автобустың жүрісі бойынша алға қарайды.
7. Кресло-арбаны орналасу орындарындағы жолаушылар салондарының еденінде және оларға қолжетімділік аймақтарында пандустар және баспалдақтар болмауы тиіс.
8. II және III класс автобустар орындықтарының арқасы жастығымен болады.
Бұл ретте орындықтардың арқасы еңкею бұрышы бойынша орналасуды реттеуі болады.
9. Мүгедектерді тікелей кресло-арбаларда тасымалдаған жағдайда автобуста қозғалыс кезінде кресло-арбаны бекітетін жабдықтар мен құралдар көзделеді.
10. Жүргізушінің жұмыс орны мүгедектердің орналасу орындарынан болсын, кресло-арбаларды орналастыру орнынан болсын іске қосылатын дыбыс және жарық сигналдарымен жабдықталады.
11. II және III класс автобустары жолаушылар салонында мүгедектің қозғалуы үшін арналған арнайы көліктік арбамен жабдықталады.
12. II және III класс автобустарында кресло-арбаны тасымалдау үшін пайдаланылатын багаж бөлімі көзделеді. Бөлімде жинастырған күйде кресло-арбаны бекіту үшін құралдар көзделеді.
13. Көлік құралы аялдамалар, келу және кету уақыттары жөнінде хабарлайтын дыбыс және көретін ақпараттық табломен жабдықталады.
14. Қалалық маршруттық автобустардың жолаушылар салондарында кресло-арбадағы мүгедектің автобусқа кіруі үшін арналған есікке қарама-қарсы бос алаң (бұрылу шеңбері) көзделеді.
15. Кресло-арбаны орналастыру үшін арналған еден учаскесінде бүйір қабырғаның ені бойында көлденең тұтқа орнатылады.
16. Автобустарда кемінде 2 жолаушы есігі көзделеді. Оның біреуі кресло-арбадағы мүгедекке автобусқа кіруге және шығуға мүмкіндік беретін жабдықпен жабдықталады.
Шағын автобуста жабдықпен жабдықталған және кресло-арбадағы мүгедектердің қолжетімділігі үшін де, мүгедектермен бірге жүретін адамдар үшін де пайдаланылатын бір есіктің болуына жол беріледі.
17. Кресло-арбадағы мүгедектердің автобусқа қолжетімділігі үшін пайдаланылатын есіктің тиісті белгілері (жазулар немесе пиктограммалар) болады.
18. Автобустар мүгедектерге автобусқа колжетімділігін қамтамасыз ететін рампалармен немесе кресло-арбадағы мүгедектерді автобусқа (автобустан) көтеруге (түсіруге) арналған жабдықтармен жабдықталады.

3. Мүгедектерге такси қызметтерін  ұйымдастыру және көрсету
19. «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру кезінде жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаның отыз және одан да көп таксиі болған кезде әр отыз таксиге арнайы қозғалыс құралдарын пайдаланатын мүгедектерді тасымалдау үшін бейімделген кемінде бір таксиі болады.
20. Мүгедектерді тасымалдау үшін, соның ішінде кресло-арбада отыратын мүгедектерді тасымалдауға арнайы қайта жабдықталған «Такси тасымалдары бойынша автокөлік қызметтері» 2272-2012 Қазақстан Республикасы мемлекеттік стандартының талаптарына сәйкес келетін жеңіл автокөлік құралдары пайдаланылады.
21. Таксидің алдыңғы және артқы жақтарында төртбұрыш түрінде «Мүгедек» айрықша белгілер және «Қазақстан Республикасы Жол қозғалысының ережелерін, Көлік құралдарын пайдалануға жіберу жөніндегі негізгі ережелер мен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың міндеттерін және Арнайы түстік-графикалық схемалар бойынша арнайы түстік және дыбыстық белгілермен жабдықталуға және боялуға жататын жедел және арнайы қызметтердің, көліктің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы № 1650 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерінің 7.17-жол белгісі нышанының бейнесі белгіленеді.

4. Инватакси қызметтерін көрсету тәртібі
22. Инватакси қызметтерін көрсетуді жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырады.
23. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс инватаксиі бар, қызметтерді көрсетуге қажетті персоналдың жұмысына арналған жағдайлар, соның ішінде мүгедектерден тапсырыс қабылдауға арналған, өтінімдерді қабылдау үшін кемінде екі телефон нөмірімен жарақтандырылған, өтінімдерді қабылдау үшін ұялы байланысты қоса алғанда, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен санын бақылау үшін телефон келіссөздерін жазу мүмкіндігін қамтамасыз ететін құрылғымен жабдықталған диспетчерлік қызметі бар ұйымда орналастырылады.
24. Инватакси қызметтерін көрсетуге қойылатын талаптар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау туралы шартта айтылады.
25. Инватакси қызметтерін көрсету үшін отырғызуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық немесе жылжымалы (ашылатын) құрылғымен және кресло-арбаларды бекітуге арналған құралдармен жарақтандырылған автокөлік пайдаланылады.
26. Инватакси қызметтерін көрсету үшін жеңіл автомобиль көлігін пайдалануға жол беріледі.
27. Жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметтерін автомобиль көлігінің сағатпен өлшенген (машина-сағат), бірақ бір автокөлік құралына тәулігіне 10 машина-сағаттан кем емес нақты жұмыс уақытына байланысты төлейді.
28. Инватакси қызметтерін көрсетуге айғақтамалар:
1) «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі № 754 қаулысымен бекітілген жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерді көрсетуге медициналық айғақтамалары;
2) «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі №750 қаулысымен бекітілген бөлмеде жүріп-тұруға және серуендеуге арналған кресло-арбамен қамтамасыз ететін медициналық айғақтар болып табылады.
29. Мүгедектік белгіленген мерзімге берілген медициналық ұйымның қорытындысы мүгедектерге инватакси қызметтерін көрсетуге негіз болып табылады.
Қызметтерді алу үшін мүгедек инватакси қызметін көрсететін ұйымға мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
1) өтініш (еркін нысанда);
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген 035-1/у нысан бойынша медициналық ұйымның қорытындысы;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі №750 қаулысымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес мүгедектіктігі туралы анықтаманың көшірмесі.
2), 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар салыстырып тексеру үшін, түпнұсқада және көшірме түрінде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқасы мүгедекке қайтарылады.
30. Инватакси қызметтері осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес Инватакси қызметтерін көрсетуге арналған объектілердің және белгіленген пункттердің тізбесіне сәйкес көрсетіледі.
31. Объектілер мен белгіленген пункттердің тізбесі жергілікті бюджеттің мүмкіндігі ескеріле отырып, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша кеңейтуге болады.
32. Инватакси қызметтері бірінші кезекте жұмыс істейтін және оқитын мүгедектерге жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес көрсетіледі. Басқа мүгедектерге инватакси қызметтері олардың өтініш білдіру тәртібінде көрсетіледі.
33. Инватакси қызметтерін алу үшін өтінім жоспарланған сапар күніне дейін бір күн бұрын инватакси қызметін көрсететін ұйымға телефон арқылы беріледі.
34. Инватакси қызметтерін көрсету тапсырыс қабылдау, мүгедекті қарсы алу, отрығызуға/түсіруге (қажет болған жағдайда) жәрдемдесу, мүгедекті және ертіп жүретін адамды (болған кезде) өтінімде көрсетілген белгіленген пунктке дейін жеткізу кіреді.
35. Тапсырыс беру кезінде мүгедек мынадай деректерді: тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда), сапар күнін және уақытын, белгіленген пункттің нақты мекенжайын, тапсырыс берушімен байланысу үшін телефонын, өзге де қосымша ақпаратты (жолаушылардың санын, жүк көлемін және жай-күйін, поездың, автобустың, ұшақтың келу/кету уақытын және сол сияқты) атайды.
36. Диспетчер инватакси маршрутын жасау кезінде өтінім уақытын түзетеді және оны мүгедекпен келіседі.
37. Қызметтерді көрсету кезінде инватаксидің жүру бағыты бойынша бір мезгілде бірнеше мүгедектердің өтінімін орындауға жол беріледі.
38. Өтінімді алып тастаған жағдайда мүгедек бұл туралы тапсырыстың белгіленген уақытына дейін бір сағаттан кешіктірмей диспетчерлік қызметке хабарлайды.
39. Инватакси тапсырыс орнына келгені туралы хабарланғаннан кейін инватакси мүгедекті 20 минут күтеді. Одан кейін тапсырыс алынады, инватакси келесі тапсырысқа кетеді, өтінім орындалды деп есептеледі.
40. Маршрут бағытын өзгерту қажет болған жағдайда мүгедек бұл туралы диспетчерге алдын ала телефон арқылы хабарлайды. Егер сапар мекенжайының өзгеруі инватакси маршрутымен сәйкес келмесе, диспетчер мүгедекке тапсырыс беру мекенжайын өзгертуден бас тартады.
41. Егер мүгедек белгіленген уақыттан кешігетін болса, ол бұл туралы диспетчерге телефон арқылы хабарлайды. Диспетчер тапсырыс уақытын ауыстырады немесе мүгедектің кешігуі инватакси қызметтерін көрсету кестесіне кедергі келтірсе, тапсырысты алып тастайды.
42. Инватакси салонында мүгедекке арналған бір орынға 20 килограмм салмақтан аспайтын багажды тасымалдауға рұқсат беріледі.
43. Қажет болған кезде мүгедекпен бір адам еріп жүре алады. Еріп жүретін адамдар сапары тегін болып табылады.
44. Мүгедектің ғимарат ішінде қозғалуына, орын ауыстыруына, мүгедектің жүгін/заттарын/ сөмкелерін тасуға көмек көрсету, сондай-ақ қандай да бір нәрсені сатып алуларды жүзеге асыру жүргізушінің міндетіне кірмейді.
45. Белгіленген пунктке келгеннен кейін мүгедек инватакси жүргізушінің өтініміне қол қояды, организм қызметтерінің бұзылуы салдарынан мүмкіндігі болмаған жағдайда, еріп жүретін адам қолын қояды.
46. Адамның өтініші бойынша бордюр, саты, баспалдақ және басқа да тосқауылдардан өтуге көмек көрсету түріндегі кедергілерден жүргізушінің келісімімен ғана орындалады.
47. Жүргізуші салонда қалып қойған, ұмытылған мүгедектің заттарының сақталуына жауап бермейді.
Автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер  көрсету қағидаларына  қосымша
Инватакси қызметтерін көрсетуге арналған объектілердің және белгіленген
пункттердің тізбесі
1) мүгедектің жұмыс орны;
2) мүгедектің оқу орны;
3) жергілікті өкілді және атқарушы органдар;
4) сот, прокуратура;
5) әлеуметтік сала объектілері;
6) заң консультациялары;
7) нотариус;
8) медициналық мекемелер (жедел (шұғыл) медициналық көмекті көрсету жағдайларды қоспағанда);
9) әуежайлар, темір жол вокзалдары, автовокзалдар, теңіз және өзен  порттары;
10) арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар.

Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылғы 11 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №8950 болып енгізілді.