Коронавирус • 30 Тамыз, 2021

Вакцина салу жұмысын жандандыру қажет

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында бүгінде Жамбыл облысында тұрғындарға вакцина салу жұмысын жандандыру күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өңір тұрғындары да қауіпті індеттен қорғану үшін вакцина алуда. Осы уақытқа дейін 300 мыңнан астам азамат вакцина алып үлгерген. Дегенмен аймақта жағдайды жақсарту, екпе егу қарқынын арттыру жұмыстары әлі де тиісті деңгейде орындалмай келеді. Облыс әкімі тарапынан өңірдегі тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берілгенімен, оның нәтижесі ойдағыдай емес.

Вакцина салу жұмысын жандандыру қажет

Қазіргі таңда өңірдегі эпидемиялық ахуал күн санап қиындап бара жатыр. Бүгінде облыста коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 16 700-ден асса, өткен тәуліктің өзінде 191 адам қауіпті дертке шалдыққан. Бұл ретте науқас жандарға тиісті көмек те көрсетілуде. Қазіргі кезде өңірдегі инфекциялық стационарлардағы тө­сектер 58 пайызға толса, бұл көр­сеткіш жансақтау бөлімі бойынша 43 пайызға жетіп отыр екен.

Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әсіресе облыс орталығы Тараз қаласындағы жағдайдың кө­ңіл көншітпейтінін айтып, шаһар бас­шысының жұмысын сынға алған болатын. Жалпы, қазіргі кезде Та­раз қаласы мен Шу, Қордай және Та­лас аудандары «қызыл аймаққа» кір­ген. Ал Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандары «сары аймақта» болса, Меркі және Мойынқұм аудандары «жасыл аймақта» орналасқан. Негізінен облыс бойынша 582 мың адамды екпемен қамту жоспарланса, бүгінге дейін 342 142 тұрғын екпе алып, көрсеткіш 58,8 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар Тараз қаласы мен Шу және Қордай аудандары облыстық көрсеткіштен төмен қалып қойған. Осы орайда, аудан, ауыл тұрғындарын түгелдей вакцинамен қамту бүгінде аса маңызды болып отыр. Бұл да көпшілікті қауіпті індеттен құтқарудың ең тиімді жолы екені даусыз.

Тараз қаласы облыс орталығы бол­­­ғандықтан, мұнда халық та ты­ғыз орналасқан. Сондай-ақ қалада түр­лі әлеуметтік нысандар көп. Со­ған орай, қауіпті індетпен күрес те күр­делі. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, қа­зір­гі таңда шаһар бойынша вакци­на алғандар саны 146 357 адамға жетіп отыр. «Өткен аптада бізге бе­рілген 170 мың адамның тізіміне сәй­­кес әрбір мекенжай бойынша үйлер­ді аралап, базаға енбей қалған немесе өзге өңірлерден вакцина қа­был­­дап келген адамдардың тізімін жа­ңарт­­тық. Аталған жұмыс әлі күнге де­йін жалғасын тауып, осы аптада то­лығымен аяқтау көзделуде», дей­ді ол. Алайда аймақтағы мони­то­ринг­тік топтардың жұмысы да сын­ға ұшы­рауда. Мәселен, қоғамдық кө­лік­терде, базарларда, ірі сауда орын­дарда медициналық маска режі­мі сақ­талмай отыр. Тіпті түрлі ны­сан­дарға тұрғындардың кіріп-шығуы «Аshyq» бағдарламасы бойынша жү­зеге аспай келеді. Ал облыстық са­ни­­тариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің мәліметінше, биылғы 15-22 тамыз ара­лығында об­лыстың мониторингтік топтарының жұ­мыс динамикасының талдауы ны­сандарда карантиндік режімді бұзу­шылықтарды анықтау бойынша жағ­дайдың жеткіліксіз екенін көр­сеткен. Бұл туралы жаппай іс-ша­ра­лардың өткізілуіне қара­мас­тан, Шу, Мойынқұм, Сарысу және Т.Рыс­құлов аудандарының мо­ниторингтік топ­тарымен бірде-бір бұзу­шылық тіркелмеген. Енді ал­дағы уақытта өңір басшылығы вакцина салу жұмысын жандандыруды негізгі міндет етіп қойып отыр. Сонда ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қауіп­сіздікке қол жеткізуге болады.

 

Жамбыл облысы