24 Қаңтар, 2014

Банктердің билеп-төстеуіне тосқауыл қашан қойылады?

275 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Экономиканың қан тамырына айналған банктердің қоғамның дамуындағы рөлі өте зор. Оны осыдан 7 жыл бұрын АҚШ-та ипотекалық несиеден басталған әлемдік қаржы дағдарысының салдары айқын көрсетіп отыр. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде одан Қазақстан да сырт қалмады. Жалпы, қаржылық қызметті елімізде банктерден басқа, ипотекалық компаниялар, несиелік серіктестіктер, ұйымдар, қауымдастықтар, одақтар және факторингтік, форфейтингтік, лизингтік компаниялар мен микронесиелік ұйымдар да ұсына алады.

01-карикатура

 

Экономиканың қан тамырына айналған банктердің қоғамның дамуындағы рөлі өте зор. Оны осыдан 7 жыл бұрын АҚШ-та ипотекалық несиеден басталған әлемдік қаржы дағдарысының салдары айқын көрсетіп отыр. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде одан Қазақстан да сырт қалмады. Жалпы, қаржылық қызметті елімізде банктерден басқа, ипотекалық компаниялар, несиелік серіктестіктер, ұйымдар, қауымдастықтар, одақтар және факторингтік, форфейтингтік, лизингтік компаниялар мен микронесиелік ұйымдар да ұсына алады.

01-карикатура

Сарапшылардың айтуынша, қазір қаржылық қызметті ұсынушылардың ел өміріне дендеп енгені сонша, қазақстандық әрбір үшінші отбасы несиеге тәуелді болуда. Сондықтан несиелік жүйенің басты қатысушылары болып табылатын банктердің қызметіне қатысты сын да күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Оған соңғы жылдары құзырлы органдарға шағымданушылардың күрт өскені дәлел бола алады. Тіпті, бұл мәселеге Президент араласып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктегені де есімізде. Алайда, әзірге оның нәтижесі байқалмай отыр.

Ұлттық банк 2012 жылы сәуір айында екінші деңгейлі банктердің несие қоржынының сапасын жақсартуға маманданатын «Проблемалы кредиттер қоры» акционерлік қоғамын құрған болатын. Алайда, оның да көзге көрінетіндей қандай да бір нәтижесі байқалмайды. Банктердің несие қоржынының сапасы әлі күнге дейін сын көтермейтін жағдайда тұр. Ондағы жұмыс істемейтін заемдар ресми статистика бойынша 2013 жылғы 1 желтоқсанда 4 триллион 158 миллиард теңгені құрады. Бұл екінші деңгейлі банктердің бүкіл несие қоржынының 31,4 пайызына тең. Ол қазіргі таңдағы әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Бас банкир Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Қазақстанның көрсеткіші жұмыс істемейтін банк активі жоғары саналатын өзге елдердің деңгейінен 2 есе артық болып тұр.

Әйтсе де оған ұзақ уақыт бойы құзырлы органдар да, әлеу­мет­тану­шылар мен өзге де сарапшылар жеткілікті деңгейде мән бермей келе жатыр. Бұл сең тек соңғы жылдары халықтың банк­­терге деген наразылығы кү­шейіп, ол қоғамдық сипат ала бас­таған кезде ғана сетінеді. Қай­­рат Нематұлы Ұлттық банк төрағалығына таға­йын­дал­ған­нан кейін тұтынушыларға бе­ре­тін несиелерінің пайыздық мөл­шерлемесі 65 пайыздан асып, ол дәлелденген жағдайда Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау комитеті оларға қатаң шара қолданатынын айтқан еді. Бұл мәлімдемеден кейін оған тек тұтынушылар ғана емес, қоғамдық ұйымдар да қызу атсалысып, оны сая­си­лан­дыруға әрекеттенушілер бой көрсете бас­тады. Тіпті, оны биз­нес­ке ай­налдыруға тырысушылар шоғыры да пайда болды.

Екінші деңгейлі банктердің тарапынан да өз активін тазартуда қолданыстағы заңнамаға көзжұмбайлық танытуы қазір шектен асып кетті. Оған Ұлттық банктің ұстанған саясаты да өз ықпалын тигізуде. Өйткені, оның тізгінін ұстаған кезде Гри­горий Марченконың жұмыс істемейтін заемдарын 2013 жылы – 20, 2014 жылы 15 пайызға түсіру туралы тапсырмасын екінші деңгейлі банктер қанша әрекеттенсе де орындай алмаған болатын. Қазіргі төраға Қайрат Келімбетов оны 2016 жылдан бас­тап кезең-кезеңімен 10 пайызға дейін төмендетуді алдына мақсат етіп қоюда. Бұл үшін олар биылдан бастап банктермен жеке-жеке келісім жасамақ. Ал оның қандай шартпен жасалатыны жалпы жұртшылық үшін әлі құпия болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары түрлі деңгейдегі сот инстанцияларында жеңіліс тап­қан соң, жаны қысылғаннан ке­йін жұртшылық назарын аудару үшін өзіне қол жұмсаушылар мен өзге де шараларға барушы­лар туралы жарыса хабар та­ра­ту­да. Бұл жағдайды күр­делен­дірмесе, жеңілдетіп жатқан жоқ. Сондықтан өткен жылғы 25 қа­зан­да орталық банк қаржылық қыз­меттерді тұтынушыларға құқық­тық көмек көрсету туралы ресми хабарлама таратуға мәжбүр болды. Онда БАҚ-та және әлеуметтік желілерде адал емес банк практикасын әшкерелеу жөнінде жекелеген азаматтар жүргізетін жұмысқа қатысты талқылаулар белсенді жүргізіліп, ақпараттар таратылып жүргені айтылды. Банк клиенттерінің мәліметтері бойынша қарыз алушылардың проблемасын реттеуге ықпал ету ақылы негізде жүзеге асырылатыны еске салынды. Кредиттерге қызмет көрсету бойынша даулар туындаған кезде Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне өтініш жасау керектігі қаржы ұйымдарының клиенттеріне ескертілді. Ұлттық банк комитеті және аумақтық филиалдары қар­жылық қызметтерде жұмыс істеп жүрген және әлеуетті тұтыну­шыларына тегін құқықтық көмек көрсететіні хабарланды.

Бас банкирдің сөзіне қарағанда, халықтың қаржы ұйымдарына қатысты шағымдарының 60 пайызы банктерге, ал оның 40 пайызы қарызды қайта құрылымдауға байланысты. Алайда, бұл шағым­дар­дың 7 пайызы ғана шындыққа сай келуде. Әйтсе де бұл мәселеде сарапшылардың пікірі бұдан бөлектеу. Мәселен, «Отаным-елім» халықаралық заң компаниясының бас директоры Омар Саидтың айтуынша, олар несие мәселесі бойынша тұтынушыларға 2008 жылдың жазынан бері қызмет көрсетіп келе жатыр. Осы уақыттың ішінде олардың кеңселеріне күніне ең кемінде 100 адам шағынып келеді. Оның кейбіреуі тегін құқықтық және экономикалық кеңес алып қайтса, енді біреулері арнайы келісімшарт жасап, құзырлы жерлерде өз құқын қорғауды компа­нияға сеніп тапсыруда.

«Бізге шағымданушылардың арасында «БТА Ипотеканың» ең кемінде 2 мың тұтынушысы бар. Олардың бәрінің кепілге қойған бас­панасын банк қызметкерлері түрлі жолдармен тартып ал­ған. Сондай-ақ, клиенттері әді­лет­сіздіктің құрбаны болдым деген банктердің алғашқы бес­тігіне Kaspi bank, АТФ банк, Қаз­коммерцбанк, БТА банк пен Халық банкі еніп отыр. Ал қар­жылық қызметіне қа­тыс­­ты тұ­тынушылардан ша­ғым­дану­шы­лары ең азы Цесна банк. Оларға байланысты жылына тек бір ғана шағым түседі. Оның өзінде бұл қаржы институтының қыз­меткерлері байланысқан кез­де шағымданушылар болса бір­ден өздеріне хабарласуды сұ­рап, істің оң шешімін табуына өздері ықылас білдіруде», дей­ді Саид Есмұрзаұлы. Оның ай­туынша, қитұрқы жолмен өз­деріне қолайлы келісімге клиент­терінің қолын қойдырып алған банктердің жүгенсіздігінен бас­панасынан айырылып, далада зар жылап қалған адамдар жүздеп, мыңдап саналады.

Мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылында тұратын Аманқыз Амитбекова 2006 жылы шілде айында «БТА Ипотека» ипотекалық компаниясынан 3 миллион 150 мың теңге қарыз алып, кепілге үйін қойған көрінеді. Алған қарызының ай сайынғы төлемақысын кесте бойынша келесі жылдың ортасына дейін уақтылы төлеп келген ол одан кейін түрлі жағдаймен оны өтей алмаған. Ал банктің еншілес ұйымы болса, клиенттің өтемақыны кейінге шегеру туралы өтінішін қабылдамай, осы уақытқа дейінгі төлегендері қарыздың өсімі екенін, ал негізгі соманың әлі кемімегенін айтқан. Кейін 27 миллион теңге тұратын баспанасын 4 млн. 42 мың 400 теңгеге сату туралы құжаттарға оның қолын өздері қойып, сырттай сот шешімін шығарып алған.

«БТА Ипотека» АҚ-тың 8 қызметкері халыққа қы­з­мет көрсету орталығының қыз­мет­керлерімен сөз байласу арқылы оның келі­сімінсіз үйімді өз аттарына ресімдеп алғанын мен былтыр ғана білдім. Оны да өздерін банк қызметкерлері деп таныстырып, пәтерімнің банк меншігіне көшкені және оны босату туралы сот шешімін әкелгенде ғана. Бұл ауданда мен сияқты банк пен халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жең ұшынан жалғасқан, сыбайластығының құрбандары көп екен. Алайда, біздің ешқайсымыздың да қыл­мыс­керлерді әшкерелеу туралы өті­нішімізге жергілікті құқық қор­ғау органдарынан құлақ ас­қан жан табылмай тұр», дейді А.Амитбекова.

Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов «Шет­елде кәсіп­керлер ғана емес, жеке адамдардың банкроттығы сөз болып оны заң қорғап жатса, бізде оны талауға салуда. Банк жү­йе­сі мен несие алушылардың арасындағы қарым-қатынасты жаңа бір жүйеге келтіру керек сияқты. Тартып алып 100 мың доллардың пәтерін өз танысына 10 мыңға заңсыз сатып жіберетіндер қазір аз емес. Сондықтан экономи­калық, банктік, қаржылық қаты­нас­тарды қайта қарау керек. Онда пирамидалардың төбесі көрініп тұр. Банкроттық туралы заңды да қайта қарау қажет. Бірақ, одан пайда тауып отырған лоббистер өзгеріс енгізуге кедергі болуын тоқтатар емес», деген өз байламын айтып отыр.

Былтыр жыл соңына қарай бас банкир 2014 жылғы 1 ақпаннан бас­­тап тұтыну несиелерін 30 пайыздан асырған банктердің депо­зит­терді алу немесе мекеме басшысын тағайындауға келісім беру сияқты лицензиялардан айырылуы мүмкін екенін жариялады. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, желтоқсанда Қазақ­стандағы екінші деңгейлі банк­тер­дің тұтынушылық несие қор­жынының жалпы көлемі 16 па­йыздан аспағанымен, 2012 жы­лы оның 100 пайызға артуы осын­дай қадамға баруға түрткі болған көрінеді. Ипотекалық несиенің де банктердің ең қымбат өнімі екенін айтқан Қ.Келімбетов қазақстандықтардың 5-10 пайызы ғана несиеге пәтер алуға қау­қар­лы екенін айтты. Ендеше, бірі тіршілік қамымен, екіншісі, баспана алу үшін банктен несие алып дағдарыс кезінде бизнесі күйіп, не жұмыс орны жабылып, төлем қабілетінен айырылған адамдарды жалғыз бас­панасынан айыру мемлекетке сын болмақ. Осы арада әйгілі орыс сыншысы Николай Чернышевсийдің «Патриот – отанға қызмет етуші адам, ал отан дегеніміз – ең алдымен халық» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

журналист.

АЛМАТЫ.

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар