Экономика • 31 Тамыз, 2021

І жартыжылдықта әлеуметтік төлемдер бойынша 390 мыңға жуық қызмет көрсетілді

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл І жартыжылдықта «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша 389,1 мың қызмет көрсетті, оның 139,3 мыңы электрондық түрде ұсынылды. Бұл туралы Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

І жартыжылдықта әлеуметтік төлемдер бойынша 390 мыңға жуық қызмет көрсетілді

Қызметтердің жартысына жуығы (46%) 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша болды.

Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер бойынша 14 375 қызмет және жұмысынан айырылу бойынша 53 936 қызмет көрсетілді.

Бұл ретте еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтердің 42,7%-ы және жұмысынан айырылу бойынша 49%-ы композиттік форматта көрсетілген, яғни төлемдерді тағайындауға өтініш медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілегеннен кейін не Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін МӘСҚ-ға автоматты түрде жіберіледі.

Бүгінгі күні цифрлық технологиялардың дамуымен қызмет алудың неғұрлым ыңғайлы тәсілі азаматтан өтініш талап етілмейтін проактивті форматта әлеуметтік төлемдерді тағайындау болып табылады.

Қызметті проактивті форматта алу үшін алушы қандай да бір қызметті ресімдеу туралы келген sms-хабарламаға жауап беруі қажет. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында МӘСҚ 49,8 мың проактивті қызмет көрсетті.

Бұдан басқа, электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемді тағайындау үшін egov.kz портал арқылы жүгіне алады. 2021 жылдың І жартыжылдығында Электрондық үкімет порталы арқылы 48,3 мың қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ, 2021 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарына қызмет көрсету бойынша жобаны іске қосты. Enbek.kz порталы арқылы барлығы 8,6 мың адамға төлемдер тағайындалды.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезге әлеуметтік төлемдердің мөлшері қорға түскен әлеуметтік аударымдардың сомасына тікелей байланысты болады. Осыған байланысты МӘСҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төленген әлеуметтік аударымдарды egov.kz порталы арқылы тұрақты негізде қадағалап отыруды ұсынады.