Экономика • 31 Тамыз, 2021

Қаржы нарығындағы ахуал қандай?

614 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық банкі 2021 жылғы шілдедегі қаржы нарығындағы ахуалға байланысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаржы нарығындағы ахуал қандай?

Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың шілде айында инфляция 0,7% (2020 жылғы шілдеде – 0,3%) болды.

Жылдық инфляция 8,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік бағасы 11,0%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,2%-ға, ақылы қызметтер – 6,1%-ға өсті.

2021 жылдың шілде айында халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 8,5% болды.

Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылғы шілдеде, алдын ала деректер бойынша, 0,2%-ға төмендеп, 35,0 млрд АҚШ долларын құрады (жылдың басынан бері 1,9%-ға).

Клиенттердің кетуіне және мемлекеттік борышты төлеуге байланысты ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі қаражаты азаюынан еркін конвертацияланатын валютадағы активтер қысқаруы есебінен резервтер төмендеді. Алтын портфелінің өсуі ЕКВ активтердің төмендеуін шамамен толық реттеуге мүмкінді берді.

Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (56,9 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, жалпы елдің халықаралық резервтері 2021 жылғы шілденің соңында 91,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылғы шілдеде 0,3%-ға кеңейіп, 10 300,2 млрд теңге болды (жылдың басынан бері – 5,3%-ға). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 6 117,7 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға тарылды (жылдың басынан бері 20,2%-ға кеңейді).

2021 жылғы шілдеде ақша массасы 0,3%-ға ұлғайып, 28 239,5 млрд теңге болды (жылдың басынан бері - 13,3%-ға), айналыстағы қолма-қол ақша 3 034,4 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға (жылдық басынан бері - 7,3%-ға) ұлғайды.  

Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк 2021 жылы 26 шілдеде базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,25% деңгейінде белгілеу шешімін қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме саналатын TONIA индикаторы 2021 жылғы маусымда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылғы шілдеде TONIA орташа алынған мәні жылдық 8,4%-ды құрады (2021 жылғы маусымда - 8,3%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2021 жылғы шілденің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 5,3 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 27,0 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 249,5 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1 669,4 млрд теңге болды.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 4,6%-ға азайып, 2021 жылғы шілденің соңында 3 313,8 млрд теңге болды.

2021 жылғы шілдеде жалпы сомасы 1 829,3 млрд теңгеге 6 аукцион, оның ішінде 1 402 млрд теңге сомасына 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,00%), 327,3 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,16%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,18%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылғы шілдеде 2 013,7 млрд теңге болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2021 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 311,98 млрд теңгеге ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. 2021 жылғы шілдеде барлығы 17 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 2,8  жылдан 13,6 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,07%-дан 10,75%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылғы шілдеде 2,13%-ға ұлғайып, 10 207,7 млрд теңге болды.  

Шілденің соңында кірістілік қисығы 4 жылға дейінгі сегментте өскенін көрсетті, бұл ретте 4 жылдан жоғары сегментте 2021 жылғы маусымның соңындағы деңгеймен салыстырғанда кірістілік төмендегені байқалды.

Валюта нарығы

2021 жылғы шілдеде теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 424,40 – 429,96 теңге аралығында өзгерді. 2021 жылғы шілденің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 424,45 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 13,7 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 3,1 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 10,6 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 63,6% немесе 6,7 млрд АҚШ долларын құрады (2021 жылғы маусымда – 69,6% немесе 7,6 млрд АҚШ доллары), бұл оның меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды.  Осы операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы мен ұсынысының арақатынасына әсер етпейді.

2021 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 266,2 млрд теңгеге балама қаржыға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда бұл шығыстар 12,3%-ға ұлғайды (2021 жылғы маусымда - 237,0 млрд теңге), 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (170,6 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 1,6 есе өсті. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын саты алуға – 62,9% немесе 167,4 млрд теңге, Ресей рублін – 24,8% немесе 66,0  млрд теңге, еуроны сатып алуға – 12,1% немесе 32,3 млрд теңге бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 8,5%-ға (өсім 29,0% ж/ж), Ресей рублін сатып алуға - 24,4%-ға (өсім 2,4 есе ж/ж) және еуроны сатып алуға қатысты шығыстар 10,7%-ға (өсім 2,5 есе ж/ж) өсті.

Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы шілденің соңында бір айда 0,3%-ға ұлғайып, 25 205,1 млрд теңгені құрады (жылдық көрсеткіш бойынша өсім 21,8% болды). Заңды тұлғалардың депозиті бір айда 12 957,2 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға, жеке тұлғалардың депозиті 12 247,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 16 137,7 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы 9 067,4 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы шілденің соңында 36,0% (2020 жылғы желтоқсанда - 37,3%) болды. 

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы шілдеде 8 115,5 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы 4 841,7 млрд теңгеге дейін 4,4%-ға төмендеді (заңды тұлғалар депозиттерінен 37,4%).  

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 022,2 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттері 4 225,7 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға төмендеді (жеке тұлғалардың депозиттерінен 34,5%).  

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,3%-ға ұлғайып, 17 264,4 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 180,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар 6 084,1 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы шілдеде 7,3% (2020 жылғы шілдеде – 7,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,5% (10,0%) болды.  

Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,9%-ға ұлғайып, 2021 жылғы шілденің соңында 16 016,5 млрд теңге болды (жылдық көрсеткіш бойынша 15% болды).  Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 151,7 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 8 864,7 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 14 107,2 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер шамамен өзгерген жоқ, жеке тұлғаларға кредиттер 3,7%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 909,3 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,9%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 7,5%-ға төмендеді. 2021 жылғы шілденің соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 88,1%  (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 13 737,7 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2 278,7 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы шілдеде 2 837,3 млрд теңгеге дейін 4,1%-ға (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінен 39,7%) ұлғайды.

Корпоративтік сектордың салалары бойынша бөлуде банктердің экономикаға берген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 31,5%), сауда (21,3%), құрылыс (7,2%) және көлік (5,7%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы шілдеде – 12,0%), жеке тұлғаларға - 18,2% (16,7%) болды.

Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2021 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 63,0 трлн теңге сомасына 4,9 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы маусыммен салыстырғанда саны бойынша 4,3%-ға ұлғайды, сомасы бойынша - 7,6%-ға азайды). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,2 трлн теңге сомасына 245,7 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылғы 1 тамызда 21 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 55,3 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы шілдеде төлем карточкаларының 47,6%-ы (26,3 млн) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.  

Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып 2021 жылғы шілдеде 8,2 трлн теңге сомасына 625,9 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы маусыммен салыстырғанда транзакциялар саны 17,4%-ға ұлғайды, бұл ретте сомасы 2,1%-ға азайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкалары пайдаланып операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 96,3% (602,9 млн теңге) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 81,1% (6,6 трлн теңге) болды.

2021 жылғы шілдеде халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 97,2 млрд теңге сомасына 0,3 млн аударым болды. 2021 жылғы маусыммен салыстырғанда ақша аударымдарының көлемі 10,9%-ға азайды. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс транзакциялардың жалпы санынан 80,9%-ы (0,2 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасынан 94,7%-ы (92,1 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санынан 19,1% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 5,3% (5,1 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 23,9 млрд теңге сомасына 0,1 млн транзакция алынды.

Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 102,7 млрд теңгеге немесе 0,8%-ға азайып, 12 810,7 млрд теңге болды.

2021 жылғы қаңтар-шілдеде зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 798,3 млрд теңгеге, 2021 жылғы 1 тамызда 6 351,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылғы 1 тамызда 10,9 млн шот болды.  

2021 жылғы қаңтар-шілде аралығында зейнетақы төлемдерінің сомасы 1,9 трлн теңгені құрады.

2021 жылғы 1 тамызда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 39,2% және 25,2%) тиесілі.

Кәсіпорындар мониторингі

Кәсіпорындарға жүргізілген мониторингтің нәтижелері бойынша нақты секторда экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі байқалады. Қалпына келуі өндірістік қуаттың, өндіріс көлемінің жүктемесі өсуімен, активтер мен айналым қаражатының айналысы жеделдеуімен, сондай-ақ валюта бағамының теріс әсері азаюымен байланысты.

2021 жылғы II тоқсанда кәсіпорындардың өндірістік қуатының жүктемесі ұлғайды, өндірістік қуат жүктемесінің орташа алынған деңгейі 52,1%-дан 53,5%-ға дейін өсті. Нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайды. Диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) өсу жағына өтіп, 40,5-тен 53,8-ге дейін өсті.

Сонымен қатар нақты секторда дайын өнімге сұраныстың көрсеткіші 51,1-ден 50,2-ге дейін аздап төмендеді. Индекс тауарларды өндіру секторында (52,1-ден 51,3-ке дейін), қызмет көрсету секторында (50,1-ден 49,1-ге дейін), тау-кен өнеркәсібінде (52,6-дан 51,8-ге дейін) және өңдеу өнеркәсібінде (52,5-тен 51,1-ге дейін) төмендеді.

2021 жылғы II тоқсанда жалпы экономика бойынша кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны 59,2-ден 61,5-ке дейін ұлғайды. Өңдеу және тау-кен өнеркәсібінде ДИ тиісінше 65,3-ке және 61,8-ге дейін ұлғайды. 2021 жылғы III тоқсанда кәсіпорындар шикізат пен материалдардың бағасы өсу қарқыны төмендеуін күтуде.

2021 жылдың II тоқсанында сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 17,5% кредит алу үшін банкке жүгінді, кәсіпорындардың 16,7%-ы (немесе кредит алуға өтініш бергендер санынан 95,4%) кредит алды. Кәсіпорындардың басым көпшілгі (84,6%) айналым қаражатын қаржыландыру (материалдарды, шикізатты, жартылай фабрикаттарды және басқаларын сатып алу) үшін кредит  тартты.

2021 жылдың II тоқсанында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері бойынша кәсіпорындардың 34,1%-ы үшін Қазақстан экономикасының жай-күйі  бизнесті жүргізуде кедергі болып табылды. Нарықтық бәсекелестік (28,9%), сатып алушыларды іздестіру (22,8%), салық ауыртпалығының деңгейі (22,4%), білікті кадрлардың жетіспеуі (18,1%), дебиторлық берешекті қайтару күрделігі (12,2%) басқа негізгі кедергілер болып табылады.

Нақты сектор кәсіпорындары сауалнаманың біріктірілген бағалауын білдіретін композиттік алдын ала индикатордың (КАИ) серпіні нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келу белгісін көрсетті, КАИ 100,1-ге дейін көтерілді. 2021 жылғы III тоқсанда экономикалық белсенділіктің өсуі жалғасатыны күтіледі (КАИ күтулер бойынша 100,2 болады).