
Мінеки, енді сол қоғам болып күткен үйреншікті оқу жүйесіне қайта көштік. Жаңа оқу жылы еліміздегі білім беру ұйымдарында штаттық режімде басталды. Балалар балабақшаға, оқушылар мектепке, студенттер колледждер мен университеттерге барып оқиды. Десек те қашықтан оқытудың тиімді технологиялары білім беру жүйесінде қолданыла береді және карантин кезіндегі оқуда кеткен олқылықтардың орнын толтыру жұмыстары да жыл бойына жүргізілмек. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Біз білім берудің дәстүрлі форматына көштік, алайда балаларға ыңғайлы платформаларды үзбей қолдана беруіміз керек», деген болатын.
Сондай-ақ министр бағдарлама бойынша түсірілген бейнесабақтар толығымен орналастырылған білім беру платформаларын білім алушылар қалаған уақытында қарап, қайта оралып, бекітіп отыратынын айта келе: «Жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастағанмен, қашықтан оқу кезінде білім сапасындағы олқылықтарды толтыру бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатта кешенді жүйелі шараларды іске асырамыз. Халықаралық тәжірибеде жүргізілген қашықтан оқытудың нәтижесі де зерттелді. Соған сәйкес оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын коррекциялауға, үлгерімі нашар балалармен қосымша жұмысқа басты назар аударылады», деді министр.
Қашықтан оқыту пандемияның себебінен әлемдік оқыту жүйесіне енгізіліп кеткен секілді. Себебі оқытудың бұл форматы биыл да оқушылар мен студенттерге ыңғайлы болғандықтан ғана емес, кейбір пәндер онлайн оқытылатындықтан да білім беру жүйесінен толық алынған жоқ. Себебі білім алушылар бір жерде ұзақ шоғырланып отырмауы тиіс. Осы талапқа сәйкес орта, кәсіптік-техникалық, жоғары білім беру ұйымдарында ішінара пәндер онлайн оқытылуы мүмкін. Мұндай өзгеріс жайында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова:
«2021-2022 оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта бастау жоспарланып отыр. Мектептер мен балабақшалар штаттық жұмыс режіміне оралады. Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) мәліметі бойынша мектептердің 95%-ның жобалық қуаты мен оқушылар саны оқуды толық дәстүрлі форматта бастауға мүмкіндік береді. Мектептерге қажет болған жағдайда пәндердің бір бөлігін («Музыка», «Көркем еңбек», «Информатика», «Құқық негіздері», «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» секілді пәндерді) онлайн форматта өткізуге мүмкіндік беріледі. Ауысымдар ұйымдастырылып, барлық негізгі пәндер штаттық форматта оқытылуы керек. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша ауруға шалдыққан адаммен байланыста болған балалар үшін оқшаулау кезеңінде синхронды оқытумен (нақты уақыт режімінде онлайн оқыту) қашықтан оқыту ұйымдастырылады», деп түсінік берді.
Сонымен қатар балалардың денсаулығына байланысты да қашықтан оқуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Айталық, егер балалар аурудың ауыр түріне шалдығып, оған дәрігерлердің ұсыныстары болса, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту (үйде оқыту) мүмкін болатынын айтты. Балаларға оқулықтар, оқу контенті бар ақпараттық жүйе, электронды журнал қолжетімді болады. Тарау бойынша жиынтық бағалауды қашықтан немесе дәстүрлі форматта тапсыруға рұқсат етіледі.
Биылғы оқу жылында мектептердегі санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылады. Күнделікті термометрия жүргізіледі, маска режімі сақталады. Сыныптарда кварцтау, желдету, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылады. Сабақтар «бір сынып – бір кабинет» қағидасымен жүргізіледі. Тиісті ведомствоның таратқан ақпаратына қарағанда, білім алушылар оқу контенті бар ақпараттық жүйелермен қамтылады. Жергілікті атқарушы органдар оқу контенті бар цифрлы платформаларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мектептер қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. «Күнделік» жүйесі мен интернет-ресурстарда 1-11-сыныптарға арналған 13 мыңнан астам бейнесабақ орналастырылған.
Орта білім жүйесіндегі бұдан бөлек тағы бір өзгеріс бар, бұл – оқу ұзақтығындағы 5 минуттың қайтарылуы. Жаңа оқу жылында әр сабақтың ұзақтығы 45 минуттан болады. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда бір топтағы бала саны 20-25-тен аспаған жағдайда штаттық режімде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.
Колледждерде де оқу процесі штаттық режімде басталады. Еліміздің 795 колледжінде 470 мыңға жуық студент білім алатын болады. 1-курстарға 150 мыңнан астам студент келеді деп күтіліп отыр. Колледждердің жобалық қуаттылығы оқуды штаттық форматта жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар оқу пәндерінің 20%-ын қашықтан өткізуге рұқсат етіледі. Зертханалық, тәжірибелік сабақтар және өндірістік практика офлайн өткізіледі. Инфекциялық аурулардың белгілері бар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қажет болған жағдайда оқыту қашықтан ұйымдастырылады.
Білім және ғылым министрінің жоғары білім бойынша орынбасары Қуаныш Ерғалиев университеттердегі оқу жайының қалай болатынын жеткізді. Ол: «Студенттер, оның ішінде шетелдік студенттер де дайындықтың барлық бағыты бойынша дәстүрлі форматта оқиды. Бұл ретте жоғары оқу орындарының шешімі бойынша аралас оқыту форматы да қолданылады. Дәрістер онлайн, ал семинар, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн режімде өткізілуі мүмкін. Қашықтан оқыту форматын ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер мен тәуекел тобындағы білім алушылар үшін қолдануға болады. Айта кеткен жөн, студенттердің шоғырлануын азайту үшін каскадты әдіс қолданылады. Яғни оқу жылы оқу курсына байланысты басталады. Мәселен, 3-4-курс студенттері 1 қыркүйектен бастап оқиды. Ал 1-2-курс студенттері мен магистранттары үшін оқу жылы қыркүйек айында, бірақ 30 қыркүйектен кешіктірілмей басталады. Студенттерден ПТР-тестілеу талап етілмейді. Жоғары оқу орны, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханалардың аумағында Ashyq қосымшасы пайдаланылады. Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар студенттер кіре алады», деп түсіндірді.
Қ.Ерғалиевтің мәлімдеуінше, санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылады. Кіреберісте студенттер термометр арқылы тексеруден өтеді, антисептикпен залалсыздандыру қарастырылған. Маска режімі де қамтамасыз етіледі. Жоғары оқу орындарында медициналық бекеттер жұмыс істеп, қосымша санитайзерлер мен термометрлер сатып алынды. ЖОО-да жылжымалы сабақ кестесін жасап, «бір аудитория – бір топ» қағидасы сақталады. Сабақтар арасында аудиторияларды желдету және санитарлық өңдеу үшін үзілістер қарастырылған. Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сабақтар мен үзілістер әр түрлі уақытта басталады. Мәселен, бір топ үшін сабақтар сағат 9.00-де, ал басқа топта 15 минуттан кейін басталуы мүмкін.