Абай • 01 Қыркүйек, 2021

Абайдың алғашқы сапары

361 рет көрсетілді

Елдегілер неге жар салмайды деген ой келеді. Ақпарат селі сәт сайын­ шайып тұрған мынадай заманда ондай құндылықтар қақас қалды, бәлкім. Биыл Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітіне – 170 жыл. Шалкиіз жыраудың «Бір жақсымен дос болсаң, азбас-тозбас мүлкі етер» дегені Құнанбай мен Алшынбай арасындағы достыққа келетін шығар, тегінде. Қарқаралыға жолы түскендер соқпай кетпейтін екі орын болса, бірі – сол мешіт. Жалғыз орын болса және өзі. Әдеби, мәдени, тарихи, киелі, қасиетті деңіз – барлығына жараса береді. Сөйте тұра бір басына мәселесі де жетеді мешіттің... Бүгін шешпегенде қашан? Біз бірақ оның шетін қылтитамыз да, жөнімізге кете береміз.

1851 жылы қыркүйек айында ашылған деседі мешітті. 1845 жыл­дың тамызында туған Абай алты жас үлкен болады сонда. «Алты жасар Алпамыс» сарыны келеді ойға. Кинодағы емес, ертегі-жыр үлгісіндегі түрі. Алты жасында ер атанбаушы ма еді Алпамыс?! Бала да, батыр да, дана да өзі. Ұқсастық дейміз бе, кездейсоқ көреміз бе, әйтеуір сол мешіт ашылғанда болашақ ұлы ақын алты-ақ жаста екен. Оқу­шы, студент кезімізде «Абай жо­лынан» Ибраһимнің әкесімен Қар­қа­ралыға сапарын оқығанда, ересек шағын елестетуші едік. Көркем шығармадағы шындық десек те, ақынның қатарынан озып туғанына бұл да бір мысал. Әйтпесе, әкесі Құнанбай бес-алтыдағы баласын текке алып жүре ме?

Қарқаралы дуанына Құнанбай мырзаның аға сұлтан болғаны, Абайдың барғаны, Қарқаралының бір топ қазағы ақын Шөжені қолтықтап, қоштап, құрметтеп өлең сұрағаны – бәрі-бәрі осы мешіт тарихымен тығыз байланысты әңгімелер романда. Әсіресе, естен кетпейтіні – бала Абайдың Бөжейге берген сәлемі мен Бөжейдің Абайға берген батасы. Сонда үлкендердің жаулығын кек тұтпаған бала Абай бейнесінің де артынан Ұлжандай текті ананың асыл өнегесі қылаң беріп қалмай ма?! Бұл мейлі көркем шындық, я тарихи шындық болса да, Мұхтар Әуезов шығармасының асыл дәнегі дер едік.

«Қарқаралыға жүрерінде атына мінгелі жатқан Абайға анасы Ұлжан өзінің ақ саусақтарын жирен аттың жалына салып, былай деп үн қатады:

– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табыл­майды дейсің, жанашырдан айырылма! – дейді.

Қарқаралыға барғаннан кейін бала шәкірт Бөжекеңді алыстан көріп қа­лады да лезде, көкірегіне қолын қойып, дауыстап:

– Ассалаумағалейкүм!.. – деп иіліп сәлем береді. Қасындағы Байсал түрін тыжырайтып, антұрғанның бала­сының сәлемін неге аласың де­гендей алая Абайға қарағанда Бөжекең:

– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.

– Бөжеке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Бұл жауапты естіген соң Бөжей бар ықыласымен балаға жақындап:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бетін сипап жүріп кетеді».

Құнанбай мен Бөжей қырғи қабақ, араз. Оны бала болса да Абай біледі. Қиядан қарап, алысты шалған анасының сөзі қаперінде. Бұл жерде нұрлы ақыл мен жылы жүрек – Бөжейде. Байсал тыжырайғанда міз бақпаған Бөжекеңнің осы қасиеті – нағыз парасат иесінің әрекетіндей көрінеді. Құнанбай мырзамен алысуға жараған Бөжей тегін болсын ба?! Абайды танып тұр ғой. Айқас үстінде жақтастары Құнекеңді нысанаға алғанда, атқызбай аман алып қалып, соңынан өзі соққыға жығылғанда: «Мен сені оққа қимап ем, сен мені боққа қидың ба, Құнанбай?!» деген Бөжейдің ірілігі мен кісілігі өз алдына бөлек әңгіме. 

Оған дейін болыс болған Құнанбай мырзаның аға сұлтан атанып, мешіт салып, атағы аспандаған тұс. Содан бері де не көрмеді бұл мешіт?! Соқ­тықпалы, соқпақсыз ғұмыр кешіп, мың­мен жалғыз алысқан ақынмен бұл да тағдырлас. Бара-бара құдайсыз шолақ белсенділер өртеп жібермек те болған көрінеді. Айшығын атып та түсірген заман болыпты. Бәрі бір осы күнге мешіт жетіп отыр. «Қарқаралы басында жалғыз арша», содан соң мешіт бар. Алланың үйі деседі ел. Шөп те шығатын жеріне шығады. Бала Абайдың Шыңғыстаудан кейін көрген жарығы Қарқаралы болып тұр ғой. Жігіттің үш жұрты болса, Абайдың өз жұртынан кейінгі на­ғашы һәм қайын жұрты да Қар­қа­ралы топырағы. Арқаға ат басын тірегендердің көбі Қарқаралыны көрсем дейді. Жолы түскендері Қар­қа­ралыдан, Құнанбай қажы меші­тінен шыға салып Шайтанкөлге жөнеледі. Бірақ кім қалай барады Қарқаралыға? Бұл енді басқа әңгіме.

 

Соңғы жаңалықтар

Цифрландыру – өзекті мәселе

Үкімет • Бүгін, 00:49

БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылды

Экономика • Бүгін, 00:34

Жеті түрлі сөз

Әдебиет • Кеше

Антына адал азамат

Қазақстан • Кеше

Елорда күніне тарту

Театр • Кеше

Ұқсас жаңалықтар