Зайсандағы «Шығыс» құрылыс-монтаж басқармасының құрылғанына ширек ғасырға таяу уақыт өтіпті. Оны өз ісінің білгір маманы Қуатбек Әбжанов басқарады. Қазіргі таңда ұжымда 500 адам еңбек етеді. Аталмыш құрылыс компаниясы бүгінге дейін ауданда және одан тысқары жерлерде ондаған ғимараттарды пайдалануға берді. Олардың қатарында Зайсандағы 60 пәтерлі тұрғын үй, кәріз жүйесі, көпір, басқа да құрылыс нысандары бар. Бүгінгі күні «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша ұжым 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің, 300 орындық жатақхананың құрылысын салып жатыр. Олар осы мекемеде еңбек ететін жұмысшыларға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен кезекте тұрғандарға берілмек. «Зайсан сулары» мекемесі шығарып жатқан родон суының атағы алысқа кеткен. Оның сыртында басқарманың өз шаруа қожалығы бар, олар өндірген ет, сүт өнімдері арзан бағамен саудалануда.

Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан ауданда құрылыс материалдары комбинатын салу арман болатын. Шығыстағы ауылдық өңірде ең бірінші болып құрылыс материалдары комбинатын салсам деген ойын өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлына айтқан кезде ол қызу қолдау тапты. Енді, міне, іскер азамат Қ.Әбжановтың ерлігіне жұртшылық тәнті болып отыр. Бастапқыда шалғайдағы аудандағы құрылыс материалдарын басқа жаққа жөнелту тиімді емес дегендер табылған. Еліміздегі индустриялық-инновациялық бағдарламаға енген құрылысқа Үкімет «Даму» қоры арқылы 1 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлді. Қуаттың жігіттері ең алдымен ұзындығы 9, 10.5, 6 метрлік төбелерді жабатын плиталар шығаратын цехты пайдалануға берді. Оның жанында жылына 5 миллион кірпіш шығаратын зауыт орналасқан. Сонымен іске кіріскен құрылысшылар өткен жылдан бері плиталар мен көпірге, таған жұмыстарына қажет, барлығы 153 түрлі темір-бетон бұйымдарын шығара бастады. Сапасы да жаман емес, көрші Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандарынан сұраныс түсе бастады.
Жақында құрылыс материалдары комбинатында болудың сәті түсті. Жанымызда аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев, «Шығыс» құрылыс-монтаж басқармасының басшысы Қуатбек Заманбекұлы бар. Атшаптырым цех ішінде қайнаған қызу еңбек. Арнайы қалыптарға құйылған төбе жабатын плиталар бірнеше күннен кейін дайын болады екен.
– Аудан экономикасының дамуына құрылыс комбинаты үлкен үлес қоса бастады. 500 адамға жұмыс тауып беріп, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліп, 60 пәтерлі екі тұрғын үйді салып жатқан Қуат сияқты азаматтар баршылық. 1 миллиард 400 миллион теңгеге кәріз жүйесін де салып бітірмек. Жақында Италиядан 410 миллион теңгеге сатып алған жаңа технология келіп түспек, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Нұрханұлы.
– Елбасының жақындағы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын көтеруге барлық азаматтардың үлес қосуы қажет екені айтылғаны белгілі. Экономика күшейсе халықтың тұрмысы жақсарады, жұмыс орындары ашылады. Бізде қазір 300-ден астам адам еңбек етеді, жалақыларын уақтылы алады. Құрылыс компаниясымен бірге жасасып, ыстығы мен суығына бірдей төзіп келе жатқан Қуат Елекенов, Айдар Мұсабеков, Мәлімбек Мұсабеков, басқаларға ыстық ілтипатымды білдіремін. Аудан әкімі Алмас Оңдақанов бізге жиі келіп, көмегін көрсетіп тұрады. Зауыт жанынан үй терезелері мен есіктерін пластиктен жасайтын цех жұмыс істей бастады. Онда еңбек ететін Дәлелхан, Омархан, Бақытхан да өз ісін шебер меңгеріп алды. Аманшылық болса, алға қойған мақсат айқын, алдағы уақытта да экономикасы дамып келе жатқан өңірдегі құрылысқа қажет темір-бетон бұйымдарын сапалы етіп жасай бермекпіз. Зайсанда газ, көмір өндіріледі. Мұнай да жақын арада ел игілігіне жарамақ. Жетпей тұрғаны құрылыс материалдары комбинаты еді, ол да жұмыс істей бастады, – дейді Қуатбек Заманбекұлы.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.
Сурет автордікі.