Пандемияның кесірінен мәжбүр болған қашықтан оқыту білім беру саласының берекесін қашырып, оқушылардың білім сапасына айтарлықтай теріс ықпалын тигізгені белгілі. Сондықтан саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін оқу ордасындағы дәстүрлі оқытуға оралу осы жылдың басты міндеті болды. Бұл ретте білім ошақтарының індет ошағына айналмауына баса мән беріледі. Яғни коронавирус инфекциясының қаупі сейілмеген қазіргі кезде білім беру ұйымдары үшін арнайы санитарлық талаптарды сақтау жұмыстары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ офлайн оқытуға оралған жаңа оқу жылында дәстүрлі оқулығымыз – «Әліппеміздің» оралғаны басты жаңалық болды. Оқырмандардың есінде болса, осыдан бес жыл бұрын бас басылымда «Әліппе» неден жазықты болды?» атты мақала жарықкөріп, Egemen Qazaqstan газеті аталған оқулыққа алғаш рет араша түскен еді. Осылайша, оқу бағдарламасынан шығып қалған«Әліппе» биылдан бастап жаңа үлгіде 1-сынып оқушыларына тапсырылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген бас кітап білім сапасының көтерілуіне бастайды деп үміттенеміз.