Теннис • 02 Қыркүйек, 2021

US Open: Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты

118 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

US Open: Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты

Осы «Үлкен дулыға» додасының 19-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 62-орында тұрған франциялық Каролнн Гарсиямен кортқа шықты.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:4 есебімен қиналмай ұтты. Е.Рыбакина бәсеке барысында 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Брейкке қол жеткізбеген К.Гарсия 1 ғана эйспен шектелді. Қазақстандық спортшының келесі қарсыласы аса мықты.

Ол – кезінде рейтингте көш бастаған 2018 жылғы Ролан Гаррос, 2019 жылғы Уимблдон турнирлерінің чемпионы, биыл жарақатына байланысты онша өнер көрсете алмаған, қазіргі кезде рейтингте 13-орында тұрған румыниялық Симона Халеп. С.Халеп те екінші кездесуінде словакиялық Кристина Куцованы 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың US Open турнирінде қарсыласына есе жібергенін, Александр Бубликтің екінші айналымға өткенін, сондай-ақ Юлия Путинцева мен Зарина Диястың Astana Open турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.