
Жапониядағы Хоккайдо университетінің бір топ палеонтологы гадрозаврдың (үйректұмсықты динозавр) қаңқасын тапты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Ғалымдар гадрозаврдың қаңқасын Хоккайдоның оңтүстік бөлігіндегі Мукава қаласы маңынан тапқан. Алғаш рет динозаврдың қаңқасы бұл аймақта 2003 жылы табылған болатын.
Былтыр мамандар Мукава маңындағы тауда экспедициялық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде, жануардың құйрығын, жамбас сүйегі мен бірнеше тіс сүйегін олжалады. «Бұл жерден гадрозаврдың қаңқасы түгелдей табылуы әбден мүмкін», – дейді зеттеу тобының жетекшісі, профессор Ёсицугу Кобаяси.
Әзірге ғалымдар жануар қаңқасының 30 пайызын құрастырып бітті. Оның ұзындығы – 8 метр, ал салмағы – 7 тоннадан асатын көрінеді. Бұл - осыған дейін табылған гадрозаврлардың ең ірісі болып отыр.
Гадрозаврлар Жер бетінде 85 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Оның үйректің тұмсығына ұқсайтын аузы болған. Ғалымдардың айтуынша, ол сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүгірген екен.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Itar-tass.com