Президент • 03 Қыркүйек, 2021

Елдік ұйысу кезеңі

253 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент отырысының ашылу сессиясындағы халыққа Жолдауын мемлекетті күрделі сын-қатерден алып шығатын, қоғамды ұйыстыра түсетін жолды көрсеткен бағдарлама деп санаймыз.

Елдік ұйысу кезеңі

Бүгінде жұртты толғандырып отырған мәселе – әлемдік пандемия кезіндегі экономикалық дамуымыз бен елдің әл-ауқаты, саламаттылығы екені түсінікті. Мемлекет басшысы мұны да нақты, дер уақытында жүйелі реттеуді тапсырды. «Бюджет кірісін ұлғайту шаралары қажет. Бірақ бізге бірінші кезекте мемлекеттік шығындар көлемі мен тиімділігін бақылау қажет. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені іске асыруды жеделдету қажет, сәйкес заңнамалық түзетулер 2021 жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс. Жалпы алғанда, елге мемлекеттік қаржыны, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын, Ұлттық қорды басқарудың бірқатар ережелері қажет. Мен Үкімет пен Ұлттық банк­тен жыл аяғына дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын дайындауды сұраймын», деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен бірге ел басшысының: «Бұл нарықты монополиялауға болмайды. Бұл жағдайды істі ретке кел­тіретін уақыт жетті» деген ой-тұ­жы­рымы да қоғамға терең ой салып, кей­бір топтардың айылын жиғызады деп санаймыз.

Осы тұста, әлбетте, әлеуметтік мәселені айналып өтуге болмайды. Мемлекет – қашанда қиналғандардың, кембағалдардың қолтығынан сүйейтін кепіл-күш. Біз мұны әлемдік дерт меңдеген соңғы бірер жылда қатты сезіндік. Президент Жолдауда қиын­дық­қа қарамай халыққа мемлекет тарапынан берілетін жүйелі жәрдемнің үзілмейтінін былайша қадап айтты: «Елімізде ең аз жалақы көлемі 2018 жылдан көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына салдарын тигізді. Оның үстіне ең төменгі жалақы көлемі бойын­ша Қазақстан ТМД-ның бірқатар мем­лекеттерінен қалыс қалған. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бас­тап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 тең­геден 60 мың теңгеге арттыру туралы шешім қабылдадым. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Және сарапшылардың пікірінше бұл ІЖӨ-ді 1,5 есе артуына ықпал етеді».

Мына заманда ел экономикасын көтеруге себепші түрлі көздерді де табу – баршамызға сын. Мысалы, 2017 жылы астанада өткен ЭКСПО көрмесінің де мақсаты – замануи баламалы энергия мәселесін шешу болатын. «2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болады. Әлемдік тәжірибе шығудың ең оңтайлы жолын ұсынады, бұл – бейбіт атом. Әрине, бұл мәселе оңай емес, сондықтан оны шешуге мүмкіндігінше рационалды түрде, эмоциясыз қарау қажет. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жыл ішінде Қазақстанда қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерттеуі тиіс» деп тиісті орындарға айрықша тапсырма берген Президент: «Перспективалы бағыт –  жасыл сутекті, жалпы сутегі энергиясын өндіру. Үкіметке осы мәселе бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырамын», дей отырып, жақын болашақтың энергетикалық мүмкіндіктерін де бағдарлап берді.

Ойлана қарасақ, қазіргі де, келе­шектегі де елдің даму траекториясы ғылымға барып тіреледі. Осы ретте Мем­лекет басшысы іргелі және қол­дан­балы ғылыми жобалардың қаржы­лан­дыру мерзімін 5 жылға дейін созуды ұсынды. Мұны біз зор қуаныш­пен қабылдадық.

Ғылыммен қанаттас мәселе – цифр­ландыру. Бұған қатысты Прези­дент: «Цифрландыру Қазақстан үшін ма­ңызды. Кем дегенде 100 мың IT-ма­мандарын дайындау қажет. Мемле­кеттік органдардың бизнес-процестері цифр­ландырылуы тиіс. Көршілес мемлекеттерге қызмет көрсетуі тиіс қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталықтарын құру қажет. Қазақстан цифрлық хабқа айналуы керек», деп міндеттер кезеңін айқындап берді.

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпайды. Бұл – әрі әлемдік, әрі өңірлік мәселе. Биылғы Жолдауда ғаламдық осы проблема да сөз болды: «БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын». Біздіңше, бұл гидрологиялық қауіпсіздік пен даму мәселесіне де отандық ғалымдардың нақты ұсыныстары мен тұжырымдамалары қажет. Осы бағыттағы мамандарды Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық университеті ғана даярлайды екен. Бірлесе күш ортақтастыратын кезеңге де жеткен сияқтымыз.

Ғылым айтылған жерде жоғары мектеп пен білім жайы да қозғалды. Осы орайда мамандық таңдау мен оны жетілдірудің маңызына да тоқталды. Рас, қазір студент-жастар алып жатқан мамандық оқу бітіргенге дейін-ақ қажетсіз мамандыққа айналып жатады. Осы проблеманы қозғаған Президент: «Жаһандық өзгерістер жағдайында, бітіруші еңбек нарығына шыққанға дейін алған білімі ескіруі ықтимал. Сондықтан тиісті министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа шындыққа бейімдеу бойынша шұғыл міндет тұр», деді.

Мемлекет басшысы пандемия кезіндегі қашықтан оқыту ұлттық теле­коммуникация желілерінің сын көтер­мейтінін көрсеткенін де ашық айтып, осыдан туындайтын қиындықтарды реттеудің жөн-жобасын былайша байыптады: «Бұл бастапқы білімі жоқ студенттердің көп болуына әкелді. Тағы бір үлкен проблема туындады, тіпті оны қиындық десек те болады, балалар мектептен кетуді қалайды, себебі оқудың қажеттілігін көрмейді. Үкіметке бұл мәселеге байыпты қарау тапсырылды. Атап айтқанда, қашықтан оқыту форматы үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру керек. Біздің білім қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс».

Халықтың өсуі – әлеуметтік-эко­номикалық сұранысты арттыратын тетік. «Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы – мектептерде орын же­тіс­­пеушілігі болып отыр. 225 мың орын тапшы. Шұғыл шаралар қолданыл­маса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын», деді Президент.

Шынын айтайық, пандемия ең бірінші денсаулық пен білім саласын сынады. Алғашқысын мамандар айта жатар, біз Қазақстанның білім саласында сауатты, жүйелі, бастамашыл іс-әрекеттер жүргізілгенін жақсы білеміз. Жас та болса тәуекелшіл және тәжірибелі министр Қ.А.Аймағамбетов 2020 жылы наурызда-ақ бүкіл саланы ел басшылығы талап еткен ақылға қонымды жүйемен жүргізді. Апта са­йын өткізілген республикалық шұғыл онлайн жиналыстар, кеңестер өз жемісін берді. Нәтижесінде, балабақша тәрбиеленушісі де, мектеп оқушысы да, студент пен магистрант та қараусыз, білімсіз қалған жоқ. Біз осы жолы елге ортақ сенім мен жауапкершілік мектебінен өткендей болдық. Сөз жоқ, әлем ғұламалары айтқандай, «Дағдарыстан да, қиындықтан да сабақ алу керек».

Соңғы әлемдік геосаяси дағдарыс жер тұтастығы мен ел бірлігіне қатысты болып отырғаны жасырын емес. Түрлі елдерде мемлекеттік деңгейде шаң беріп жатқан радикализм, басқа да әлемдік үйлесімге жат қылықтар дүние жүзін толғандырып отыр.

Бұл туралы да Мемлекет басшысы қағидатшыл көзқарасын жеткізді: «Этносаралық қатынастардың үйле­сімді дамуы әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болған және бола береді. Бұл тәсілді қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтар үшін келісім, толеранттылық – бұл өмірдің өзі, мәдениеттер мен тілдердің араласуы. Біз Конституция бойынша біртұтас ұлтпыз. Және бұл біздің сөзсіз күшіміз. Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз сонымен бірге радикализмнің кез келген түрін қатаң түрде жоямыз. Біз мем­лекеттік егемендігімізге, аумақтық тұ­тастығымызға қол сұғуға жол бер­мей­міз».

Бүгінде тіл – қалыпты коммуникация мәселесі ғана емес, саясаттың ойы­ны болуға да айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан үш тілділік теңдік пен үйлесімді мұқият сақтап келді және солай бола беретініне сенеміз. Мемлекет басшысы соңғы уақытта солтүстік көрші тарапынан айтылған «орыс тілі мәселесіне» ресми нүкте қойды. «Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Бұл – табиғи құбылыс, сондықтан қазақ тілінің өрісі шектеулі деп айтуға негіз жоқ. Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Оны қол­дануға біздің заңнамаға сәйкес кедергі келтіруге болмайды». Қазақстанның мемлекеттік позициясы – осы. Бұған біреу шәк келтіре алады деп ойламаймыз.

Елдік ұйысудың жаңа кезеңін әр са­ла­ның, әрбір маманның жауапкершілігі, біліктілігі, отаншылдығы анықтайды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, әлемдік бұл қиындықты да кешікпей еңсереміз деп сенеміз.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

ректоры, академик