
Өмірін өлеңмен өрнектеген, жырларынан асқақ Алтайдың өрлігі де, кәрі Хазардың тәкаппарлығы да, сағымды Сарыарқаның сыршылдығы да, Оңтүстік өлкенің жанға жайлы ауасының жылығы да айқын көрініп тұратын Фариза ақынды туған халқы, елі, жырсүйер қауым түгел жоқтап жатыр. Біз бұдан біршама уақыт бұрын газетіміздің сайтында сондай хаттардың бірқатарын жариялап едік, енді, міне, солардың соңын ала тағы бір дүркін ойлар мен тілектер келіп жетті.
Бітімі бөлек жан еді...
Фариза апамыз да мәңгілік сапарға аттанды.
«Сұхбат» кітабы арқылы танып, жиырма жылға жуық қасында жүргенде, бітім-болмысынан көп өнеге алдым.
Ол еркіндікті, бостандықты сүйетін. Ойлаған ойы, айтқан сөзі, жасаған ісі бірдей болып тұрушы еді.
Оны «асау, тарпаң» деп табиғатын танымағандар, шындықты бетке айтатын турашылдығынан, өз ұстанымынан таймайтын мінезінен тайсалатындар айтатын.
Тарпаңдығы тәкаппарлықтан, өркеуделіктен емес еді.
Ол ешуақытта ешкімді жамандамайтын, біреулерге көңілі толмаған сәттерде «жай адам ғой» деп қана қоя салатын, әңгімені ұзақ-сонарға созбайтын.
Жалғандықты, жасанды көлгірсуді жаны сүймеуші еді. Жаны өте нәзік болатын.
«Ақындарды салыстырып қарауға болмайды, әркімнің деңгейі бар, шамасы келгеніне қарай жазады, сондықтан анау артық, мынау кем деу орынсыз» дейтін.
Шыншылдығы сол – өлең жазуды қойып барамын, поэзияда айтарымды айтып болдым, – деп ашық мәлімдеді.
Сөйте тұра, қаламы қолынан түскен жоқ. Осы кесел жабысқалы Пушкиннің өлеңдерін аударды, «Марк Твенге ерекше көңіл бөліп жүрмін» деуші еді.
20 қаңтарда соңғы рет ауруханға барып көңілін сұрағанымда: «Мұхамед пайғамбар» деген кітабымда бұрынырақ жазылғандықтан өзгертуге жататын мынадай-мынадай жерлері бар, соны компьютеріңдегі нұсқада түзетіп қойшы» деп тапсырып еді.
Ешқашан, қайсыбір жағдай болмасын ұсақтық танытқанын көрмедім. Бұл мінезді өзгелерден де талап ететін. «Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан, Сақтағай деп даламның жігіттерін» дегені жай ғана жалынды сөз емес еді.
Ол өзінен үлкендерге ерекше құрметпен қараушы еді. Мәриям Хакімжанова, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Әбдіжәмил Нұрпейісовтерді ілтипатпен ұдайы айтып отыратын.
Ол – қазақтағы қыз біткеннің анасындай еді. Біздің үйдегі сіңлісін айрықша жақсы көрді.
Отбасындағы мейірімі ерекше болатын, ерте қайтыс болып кеткен ағасының ұл-қыздарының бәрін жетілдіріп, қамқор болды.
Адамның бәрі – бұл өмірде жолаушы ғана ғой, мәңгілік орнына беттеген апамның жаны жәннәтта болып, нұры пейіште шалқығай деп тілеу қалды да бізге...
Мырзагелді Кемел.
Фариза қыз фәниден өтті!
Нарын құмының ызыңдаған қурайы мен шағыл бұйраттарынан қанаттанып, арманшыл бала қиялы көн тарихты киелі топырақтан нәр алып, қазақ поэзиясының көгінде Ақиық ақынның аманатын арқалап, қалықтаған аршын -ақын Фариза дүниеден озды.
Әйел тек ерлік тағдыр кешеді. Жар салып, жарияламай ерлік жасайды.
«Биік тұрған бір күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
Ол нәзіктік,
мәңгі шуақ, нұры – құт,
Сарқылмайтын жылылық,
ол – тірліктің қуаты –
әйел атты ұлылық! – деп әлемге жар салғың келеді» деп Фариза апамның өзі жырлағандай, алты алаштың Анасы, қазақ қыз- келіншектерінің панасы, ұлт руханиятының жоқшысы пенделерге қош деді! Өмірдің жалғандығын айтсаңшы! Сағым ба дерсің?!
Жанашыр апам, рухани анамнан айырылып, құлазып қалдым!
«Су сұрасаң бал берген,
Сарайшықтың қыздары-ай» деймін, адалдығы мен ақиқатын айтар туралығы, кісілігі және кісі танитын қасиеті, әсіресе, көлгірсуді жаны сүймейтіндігі енді естелік болып қалды. Елінің қамын жеп, абыройын ойлаған қазақ ұлдарының тілеуін тілейтін тілеушіміз еді ғой.
«Бәрін алған – құлқынның құлы, барын берген – ұлы» дейді Хафиз шайыр, сол айтқандай Фаризажан, Фариза қыздың жұдырақтай жүрегі тумысынан елім деп соғып, саналы ғұмырында күйкі тірліктің күйбеңінен алыс, таза болуға тырысты.
Фариза апаның мен үшін өмірдегі орнын айтып тауыса алар емеспін. Өнердегі сіңлілері бір төбе, ал билікке енді араласқан намысты қазақ қыздарына да ерекше ілтипат білдіріп, қамқорлығына алды. Елге келгенде хал-жағдайымызды сұрап, «Сендерді басшыларың ренжітпеді ме? Қолдап жүр ме?» деп сұрап, басшыларымызға туған қызындай, сырлас сіңілісіндей тапсырып, мәртебемізді асырып кететін.
Өзінің жыр кештеріне де ел басында жүрген сіңлілерін арнайы шақырып, кешке барған әкімқаралар болса соларға табыстап жататын. Ең алдымен, қазақ қыздарына деген қамқорлығы ерекше еді.
Бүгінде Алаш жұртының басын қосқан елордамызға Парламент депутаты ретінде алғашқылардың бірі болып келіп, Астананың рухани өсуіне аянбай еңбек етті. Қалалық ономастика комиссиясының белді мүшесі ретінде көшелерге бояуы қанық, сәні мен салтанаты келіскен атаулардың барынша дендеп қойылуына ат салысты.
Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың алғашқы тәлім-тәрбиені қазақ балабақшасынан алуы үшін, білім нәрін қазақ мектебінен сусындауы үшін дауылпаз жырларымен тыңдарманды қанаттандырып, қатқан тоңды бұзып, сеңді қозғады, көпшіліктің санасын оятып, насихаттаушысы болды.
Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегімен, нәзік лирикаға толы жырларымен қолтаңбасын қалдырған Фариза апамыздың қай өлеңін алсақ та, оның өн бойында алмас қылыштай жарқыраған өткірлік пен мөлдір судай тазалық жатады. Апамыздың қайсар мінезі мен өр тұлғасынан, «ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің куәсі болып, аялап өткен өлеңдерінен» кешегі Махамбет пен Исатайдың екпінін сезесің. Өлеңдерінде иненің жасуындай да жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
Әйел жаратылысының нәзіктігі мен қылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін тап Фаризадай жарқыратып, сүйсінте жазған ақын аз-кем.
Әбділда Тәжібаев: «Фаризада халықтық рух бар, ол – елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын», – деген екен.
Мен де Фаризадай қазақтың біртуар қайталанбас бір қызымен бес күндік жалғанда ғұмыр кешкенім үшін, дәмдес, дастарқандас болғаным үшін, қасында жүріп өнегелі өсиетін тыңдағаным үшін бақыттымын!!!
Әлі есімде, елорда төрінде ақынның жыр кешін өткізген күндеріміз. Екі күн қатарынан жырдан шашу шашып, «Фариза және оның сіңлілері», «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты жыр кештерінде халық бір толастамай, аяғынан тік тұрып қошамет-құрмет көрсеткені кеше ғана секілді.
Жастар – жара түспеген жанына әлі
түсінгендей жанымды табынады;
менің асқақ әм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі, –
деп жазған ақын апамызды, арамызда жүргенде сәл көрмесек, орны ойсырып, сағынатын апамызды уақыт өткен сайын іздеріміз, аңсарымыз хақ. Әрине, сағынамыз, жырына табынамыз.
Бақұл бол, менің жан апам! Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын!
Оразгүл Асанғазы,
Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты.
Фариза апамның қазасын естігенде
Алатаудың басынан
Ақжаулығы ұшты ма?
Тиылмай көз жасынан
Дірдектетті қыс мына!
Қысты қойшы, жанымның
Жаурағанын айтайын!
Тосын сөзден қанымның
Қайнағанын айтайын!
Орны толмас қазаның
Қайрылғанын айтайын.
Жалғызынан қазағым
Айрылғанын айтайын!
Әппақ қарға ақ қайың
Құлағанын айтайын.
Сыңары жоқ аққуға
Жылағанын айтайын!
Көкірегіме азалы үн
Сыймайтынын айтайын.
Қалың елім – қазағым
Қимайтынын айтайын.
Бұл обырдың бір емін
Таба алмадым, қайтейін!
Ажалыңа араша
Бола алмадым, қайтейін!
Инедей боп тебенің
Жетімдерді жебедің.
Жеті пейіш есігі –
Ашылғай деп тіледім!
Айтайын мен, айтайын,
Айтпағанда қайтейін!?
Ханбибі Есенқарақызы.