Соңғы бес жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың анықталуы ғана емес, арнайы антиретровирустық ем қабылдайтын жандардың саны үштен бірге ұлғайды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 73 пайызға жетті, пациенттердің 84 пайызында вирустық жүктемесі басылған. Ендігі жерде ЮНЭЙДС 90-90-90 мақсаттарына қол жеткізу көрсеткіштері осындай.
Осы арада тоқтала кетуге тура келеді, бұл дерттен құлан-таза айықтыратын ем әлі күнге дейін табылмаса да, антиретровирустық терапия оны жұқтырғандардың денсаулығын бір қалыпта ұстауға, өмірді ұзарта түсуге септігі бар.
Ал вирустық жүктеме – бұл бір мл қанға АИТВ-мен ауыратын адамның қанындағы вирустық бөлшектердің саны. Вирустың мөлшері неғұрлым көп болса, оның серіктестеріне парентеральды (қан арқылы), жыныстық немесе тікелей жолмен (жүктілік, босану, емізу кезінде АИТВ-мен анадан балаға) берілу қаупі соғұрлым жоғары болады және әлсіз иммунитеттің салдарынан пайда болатын кейбір оппортунистік аурулардың туындау мүмкіндігі жоғары, мысалы, туберкулез, пневмоцистік пневмония немесе онкология.
Қазақстандық мамандардың маңызды жетістіктерінің бірі – АИТВ жұқтырған әйелдердің дені сау балаларды дүниеге әкелуі 99,6 пайызға дейін артқаны.
Бүгінде Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының эпидемиясы шоғырланған сатыда тұр. Осы аурудың эпидемиясы басталғаннан бері елімізде АИТВ-инфекциясын 41 мыңнан астам адам жұқтырғаны анықталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларының 0,3 пайызға өсуі байқалады. Соңғы жылдардағы үрдіс – жұқтыру қаупі көбірек халықтың негізгі топтарын тестен өткізу, яғни қамту артты.
Жуырда «Қазақстанда АИТВ-ның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу» республикалық онлайн-конференциясының қатысушылары мен сарапшылары АИТВ-инфекциясын жеңудегі жетістіктерді, проблемалар мен сын-тегеуріндерді талқылады. Іс-шараға мемлекеттік, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың отандық және шетелдік сарапшылары, сондай-ақ азаматтық белсенділер қатысты. Мұндай республикалық форумға АИТВ-мен өмір сүретін жасөспірімдер алғаш рет қатысып отыр. Талқылаудың басты бағыты – ЮНЭЙДС 90-90-90 мақсаттарына қол жеткізу және 95-95-95 мақсаттарын 2025 жылға дейін жоспарлау.
«Қол жеткізіп отырған жетістіктер мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен табысты қызметін көрсетіп отыр. Сонымен қатар COVID-19 пандемиясы аясында дәрігерлер тарапынан емдеуге бейілділікті және эпидемиялық бақылаудың тұрақтылығына деген ұмтылыстың өзектілігін көрсетеді. Ауруды ерте анықтау, сапалы диспансерлік бақылау, уақытында басталған антиретровирустық терапия және емделуге бейілділік емделушінің өмірі мен денсаулығын сақтайды, белсенді өмір салтын жүргізуге, дені сау балаларды дүниеге әкелуге мүмкіндік береді және АИТВ-ның жыныстық жолмен берілу қаупін бірнеше есе төмендетеді», дейді ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.
Қатысушылар елдегі тұрақты үрдіс АИТВ-ға тестіленушілер санының өскені екендігін атап өтті. Бүгінде бұл қазақстандықтардың 13 пайызынан астамын құрайды. ЖИТС-тың барлық өңірлік орталықтарында байланысқа дейінгі профилактиканы енгізу соңғы айлардың инновациясы деуге болады. Бұл АИТВ-ның алдын алу мақсатында ДДҰ ұсынымы бойынша әлемде табысты түрде қолданылып келеді. Байланысқа дейінгі профилактика тек АӨА-мен ғана емес, теріс нәтижесі және АӨА-мен жыныстық қатынастары бар адамдарға да АРВ-препараттарын алуға мүмкіндік бермек.
АЛМАТЫ