«Музейге сый» акциясына үлес қосу үшін арнайы әкелінген жәдігерлер арасында VIII-XIX ғасырлар аралығын қамтитын мыс және күміс тиындар бар. Мамандардың айтуынша, аталған ежелгі ақша түрлері Түркістан өңірінің тарихымен байланысты.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қоры нумизматикалық коллекцияларға бай. Түркістанға келген сапарымда танысып, көрдім және ресми сайттан да қарап шықтым. Бұл жәдігерлер менің қорымда емес, арнайы тарихи орында тұру керек деп шештім. Тарихшы тарихи мұраларды жинақтауға ұмтылады. Нумизматика саласын зерттеу еңбек жолымның негізгі бөлігі болғандықтан бұл заттарды жылдар бойы жинақтадым», дейді ресейлік ғалым.
Қорық-музейдің қор сақтаушы қызметкері, нумизматика саласының маманы Толқын Жолдасов музей қорына табысталған жәдігерлердің өзіндік құндылықтары бар екенін айтты. «Жәдігерлер қатарында VIII ғасырдың түргеш тиындары мен X ғасырда соғылған саманид фелстері және XI ғасырға тән дирхемдер бар. Сондай-ақ кейінгі тарихи кезеңдерде соғылған ақшалар да кездеседі», деді ол.
Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіндегі «Музейге сый» акциясының тарихы әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бастау алады. Мәселен, кесенеде сақталған алтын, күміс жалатылған 6 шырағдан мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлеріміз болса, олардың кейінгі тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тығыз байланысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болса, қазіргі саны 26 000-ға жуықтаған.