25 Қаңтар, 2014

Пенде мен перде

2094 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамға бір-ақ ауыз сөзбен баға бере салған біздің жұрттан басқа қандай халық бар екен?! Ешқандай пафоссыз айтып отырмыз. «Е, пенде ғой» деген анықтаманың мағынасын бұрын аса ұқпадық па, әлде немкетті қарадық па, маңызына бойламаппыз. Сөйтсек, осы бір теңеудің артына адами заттың бойындағы бар жаман қасиетті жиып-теріп сыйғыза салған екен ғой.

01-идея

 

01-идея

Адамға бір-ақ ауыз сөзбен баға бере салған біздің жұрттан басқа қандай халық бар екен?! Ешқандай пафоссыз айтып отырмыз. «Е, пенде ғой» деген анықтаманың мағынасын бұрын аса ұқпадық па, әлде немкетті қарадық па, маңызына бойламаппыз. Сөйтсек, осы бір теңеудің артына адами заттың бойындағы бар жаман қасиетті жиып-теріп сыйғыза салған екен ғой.

Күнделікті өмірде пенделікпен бетпе-бет келесіз. Бірақ аса елей қоймайсыз. Өйткені, етіңіз өліп кеткен. Бүгінде бас пайдасынан артық ештеңені ойламайтын, ретіне қарай сені де өзінің мақсатына пайдаланып қалғысы келіп тұратындардың қарасы мол болғандықтан шығар, бұл. Сол себепті, «пенделік қой», деп қойып жүре бересіз. Ал кейде... күйіп кетесіз.

Ұлттың сөзін сөйлеген болып, ұй­қысы бұзылып, ұйықтан шы­ға­рар жол іздеп әуре-сарсаңға түс­­­­­кен­дей кейіпте көрінгенмен тура ма­ғынасында халқы үшін қолын қимылдатпайтын, былайғы кезде «бұ қазақ адам болмайды» деп оты­ратын көкелерді кездестіргенде ерік­сіз ашынасың. Себебі, ол бергі жағымен жұрттың құлағына жағым­ды сөз айтып, ел алдында ұпайын түгендеп тұрғанымен, шын мәнінде Алашың адыра қалса да бәрібір...

Энциклопедиялық білімі зор, білмейтіні жердің астында бір ағам бар. Маман ретінде ғажап! Өз са­­­ласының майталманы нағыз. Қолына алған ісін құлпыртып-ақ жібереді. Арғы-бергі тарихтан әңгіме бас­­та­ғанда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Нақты фактілерді тіз­белеп алдыңа қойғанда оған қарсы уәж айтудың өзі артық екенін са­наңда азғантай ғана түйсік болса, бірден түсінесің. Ал жайшылықта тіпті танымайсыз. Боқтық аралас сөзден аузы босамайды. Реті келсе, қарамағындағыларға жұдырық ала жүгіруден қашпайды. Ең қиыны, бес уақыт сәждеге жығылып жүрсе де, анда-мұнда ащы судан татып алады. Сылқия тойғанын да көргенбіз...

Тағы бір кісіні танимын. Егде адам. Есті ағам. Бұ кісінің баспа­­­­­сөз­де қазақ қыздары туралы жазған мақалаларын оқысаңыз, жылайсыз. Қазақ тарихында өткен аналарымыз туралы талай қалам тербеп, бүгінгі сұлуларды сондай болуға шақырды, насихат қылды. Жақында елге келген. Далада жат­қан ақ қардай басы бар. Қонақүйдің алдынан шыға бергенбіз. Үріп ауызға салғандай бойжеткен өте берді алдымыздан. Екі көзі бағжаң ете қалып, кәрі бұғағы бүлк етіп әлгі қыздың соңынан ілесе кетті. Ұзақ әңгімелесті. Сосын қайта оралды. Телефон нөмірін алып қалып­­ты. Бірер күннен соң әуежайға шы­ғарып салайын деп тағы бардым. Мен кіргенде, өткендегі бойжет­кен әлгі кісінің бөлмесінен шы­ғып келе жатыр екен. Жол бойы қазақ қыздарының қа­дір-қасиеті, қоғамдағы, ер азаматтың өмі­рін­дегі рөлі туралы айтты. Сөйтті де, «баяғы аналарымыздың барлығы арлы болған ғой. Бү­гінгі қыздар бұзылып кеткен» деп бір-ақ қа­й­ыр­ды. «Ал сонда оларды бұзып жүрген кім?» деген сауал менің көкейімде қалып қойды...

Және бір жарықтық бар. Тәуел­сіздік алғаннан бері тіл туралы талмай жазып, айтып келеді. Реті келген жердің барлығында қазақ тілінің мүшкіл халін жыр етеді. Тілді дамытуды, көтеруді, жалпыұлттық сипат алғанын армандайды. Жақында білдім. Осы кісінің немересі орыс мектебінде оқиды екен. Жарайды, баласы Кеңес өкіметі тұсында туды, өсті, тәрбиеленді. Қазақ мек­тебі болмады. Болған күннің өзінде, сая­сат жөнді емес еді. Ал енді азат Қазақстанда өмірге келген неме­ресін неге қазақ мектебіне бер­мейді? Сонда оның туған тіліміз үшін шырылдағанынан не пайда?..

Бүгінде әнші пір болған заман. Газет-журналды ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, радионы басып қалсаң әнші отырады. Ақыл айтады. Өнер туралы толғайды. Өмір жайында сыр шертеді. Тәрбие мен тәлім үйретеді. Қысқасы, қазіргі әнші әмбебап. Дей тұрғанмен, сіз солардың сахна сыртындағы өмірін көрдіңіз бе? Көрмей-ақ қойыңыз. Шын айтам...

Осы бір жерде мына бір екі оқиға ойға оралып отыр. Өткенде біздің аймақта тәп-тәуір қызметте отырған, елге билігін өткізіп, сөзін жүргізетін бір кісі хабарласты. Аз-кем амандық-саулықтан соң әңгіменің ауаны әлдеқайда бұрылып кетті. Көктемде көк қуған қойдай болған сөзі әр тұстан бір шығады. Төркінін ұқсақ та, түбі қалай болар екен деп күтіп отырмыз. Содан жарты сағаттан соң негізгі мәселеге келіп тірелдік қой. Сөйтсек, біздің басылымға мақаласын шыға­ру керек екен. Бағанадан бері бипаздап отырғаны осы болып шық­ты. Қиылып сұраған соң, көңі­лін қал­дырмайық дедік-ау. Басшы­лықтың разылығын алдық. Сонан соң барып қана іске кірістік. Ана адамға мақаланың көлемді болмайтынын, газет бетінде орынның аз екенін түсіндіргенбіз. Ертесі сала құлаш мақала поштамызда жатыр екен. Көз майымызды тауысып, артық жерін алып, кем-кетігін қосып, Астанаға сауырынан сипап жібердік. Осыдан кейін телефонға күнде тыным жоқ. Жағдайымызды біл­ген болып, мақаласының жайын сұрайды. Одан көмекшілері арқылы хабарласады. Қысқасы, бірнеше күн бойына біздің өмірімізден молынан мағлұмат алып тұрды ғой. Мақаласы шығар күні әдеттегідей жағдайды білді. Сонан соң бір шетін әңгіменің ұшын шығарды. – Мен мақаламды қайта қарап шық­тым,– дейді өте бір зиялы дауыс­пен. – Өзі біздің жұмысымыздың айғағындай болған, халыққа пайдалы ақпаратты жеткізерліктей мақала болып шығыпты. Енді осы­ны газетке тұтастай бассаң қайте­ді? Біз мақаланың дайындалып Астанаға кеткенін, енді қайта қарамайтынымызды, әрі-бері­ден соң көлемі артық екенін ай­тып жатырмыз. Түсінбейді. Олай айт­тық, бұлай айттық. Ұқтыра алмай қойдық. Сосын қатты кетуге тура келді. Ауыр сөзден соң барып қана екпінін басты. Міне, сізге пен­де­ліктің үлкен көрінісі. Өлердегі сөзін айтып, қандай көлемде болмасын мақаласын шығарып беруді өтінді ме? Өтінді. Біз мойнымызға алдық па? Алдық. Уақытында жасап отырмыз ба? Отырмыз. Енді не керек? Ал ол алдындағы келісімді ұмытып, мақұл деген сайын ақылы тасып, болмашы дүниесінің бәрін көлдей етіп газетке бергісі келеді. Пенделік емей немене? Барға – қанағат, жоқ­­қа – салауат деген ұғымнан пенде­­лігінің асып кетіп тұрғанын көрсетпей ме осы көрініс? Біз осылай түсінеміз.

Байқап қараңызшы, адамдар бетперде киіп алып өмір сүріп жүр. Әр пенденің өз пердесі бар. Пен­­­­денің бергі беті керемет. Ал пер­денің арғы жағы тым күңгірт. Жә-жә, қо­лыңызды бетіме қарай жүгірт­пеңіз! Менің де өз бетпердем бар...

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

Соңғы жаңалықтар