25 Қаңтар, 2014

Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі

430 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оны сақтау – полицияның басты міндеті

Кеше Астанада Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда осы ведомствоның басшысы Қалмұханбет Қасымов Қазақстан полициясының өткен жылы жүзеге асырған жұмыстары мен алдағы атқаратын міндеттеріне тоқталып өтті.

 Оны сақтау – полицияның басты міндеті

Кеше Астанада Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда осы ведомствоның басшысы Қалмұханбет Қасымов Қазақстан полициясының өткен жылы жүзеге асырған жұмыстары мен алдағы атқаратын міндеттеріне тоқталып өтті.

Министрдің мәлімдеуінше, өткен жылы еліміздегі аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға, кісі өлтіру – 12, тонау – 7, қарақшылық 18 пайызға қысқарған. Кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар 8 пайызға, қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар 11 пайызға азайған. Жалпы санаттағы қылмыстардың статистикалық өлшемі онша ауыр емес және ауырлығы орташа (бұзақылық, алаяқтық және ұрлық) қылмыстардың 26 пайызға өсуінің негізгі себебі қылмыстарды тіркеу саласындағы саясаттың өзгеруі болып отырған көрінеді.

Қ.Қасымов ұйымдасқан қылмысты анықтау мен болдырмау, сондай-ақ, экстремистік және лаңкестік бағыттағы қылмыстар, есірткі бизнесіне қарсы күрес, заңсыз көші-қон, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстардың алдын алу сияқты ішкі істер органдарының маңызды мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, алқа отырысында қыл­мыс­тық-атқару жүйесінің дамуы­на байланысты басым ба­ғыттар нақтыланды. Олар – сот­талғандарды топтықтан жеке камераларда ұстау, сотталғандарды еңбекпен қамту және кәсіби даярлыққа жағдай жасау, сондай-ақ, сотталғандар санын қысқарту мен пробация қызметін дамыту.

Ішкі істер министрі құрылым­дық бөлім басшыларының алдына бірнеше міндет қойды. Оның ішінде қалалық және аудандық ішкі істер органдарының жедел-қызметтік бағыттағы жұмысты жетілдіру, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды толыққанды тіркеуді қатаңдатуға бағытталған шараларды жалғастыру, қыл­мыстар бойынша арыздар мен хабарламаларға жедел ден қою, қылмыстарды ашу бойынша тиімді жұмысты ұйымдастыру, тергеу мерзімін қысқарту мен сотқа дейінгі іс жүргізу бойынша жеңілдетуді кеңейту, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи инновациялық технологияларды енгізу мен жеке құрам арасында жауынгерлік және қызметтік дайындық дең­гейін көтеру.

Үкімет басшысы С.Ах­метов алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, оның жұмысын қоры­тындылады. Ол өз сөзінде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында құқықтық тәртіпті нығайту және біздің азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету осы стратегияның басымдықтарының бірі екендігін атап көрсеткендігін еске салып өтті. Осы мақсатқа орай, Ішкі істер министрлігін қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. Штаттағы қызметкерлер саны нығайтылуда, жалақы көтерілуде. Полиция мен ішкі әскерлер қажетті техникалармен жарақтандырылуда.

«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында қалыпты жұмыс істеуге жағдай жасалғандығын, енді қоғам сіздерден соған сәйкес қайтарым күтетіндігін нақты айтқан болатын. ІІМ алдында тұрған міндеттер – маңызды, ал күтілетін тиімді жұмыс деңгейі одан да жоғары», деп атап өтті С.Ахметов. Премьер-Министр өз сөзінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, тергеу және талдау жұмыстарының сапасын көтеру мәселелеріне назар­ аударды. Осыған байланыс­ты, министрлікке құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алудың жаңа бағдарламасын қабылдау жө­нін­де ұсыныстар енгізу, әкім­дік­термен бірлесе отырып, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін орта мерзімдік кезеңге арналған Өңірлік бағдарламаны бекіту жөнінде тапсырма берді. «Олар жай ғана әйгілеу сипатында болмау керек. Қазіргі жағдайларды есепке ала отырып, нақты шаралар көрсетілуі керек. Бұл жөнінде егер сіздерге шетелдік қылмыспен күрес мамандарының тәжірибесі қажет болса, оларды да осы іске тартуға болады», деп атап өтті С.Ахметов.

Үкімет басшысы жасөспірім­дер қылмысының алдын алу мә­селесіне ерекше назар аударды. Осы жөніндегі мәліметтерге қарағанда, жасөспірімдер жасайтын қылмыстың әрбір бесіншісі – ауыр және өте ауыр санаттағылар. Кәмелет жасына толмаған қылмыскерлердің 60 пайыздан астамын мектеп, лицей және гимназия оқушылары құрап отыр. Осыған орай, С.Ахметов Ішкі істер министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен, жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі инспекциялардың, «мектептік» инспекторлардың жұмыстары сапасын арттыру жөнінде шаралар әзірлеуді тапсырды.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі сіздер көрсе­тет­ін қызметтің негізін құрайды. Сіздер Мемлекет басшысының, тіпті, ұсақ құқық бұзушылыққа да төзбеушілік таныту жағдайын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын нақты қамтамасыз етуге тиіссіздер. Бұл полиция­ жұмысының бөлінбейтін бөл­ше­гіне айналуы тиіс», деп мәлім­деген Премьер-Министр Мем­ле­кет басшысының жолдағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше алаңдаушылық танытқандығын жеткізді. Бұл жағдай түбегейлі бетбұрыстық шараларды қажет етеді. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігіне жолдағы кісі өлімінің деңгейін нөлдік көрсеткішке дейін жеткізген әлемдік тәжірибелерді зерттеу жөнінде тапсырма берілді. Бұл ретте бірлескен жол-патрульдік полиция жұмысының сапасын жақсартудың маңызы зор екендігі атап көрсетілді.

«Бұл қызметке қойылатын талап өте зор. Көшелердегі тұрақты патрульдік жұмыстар қылмыс санын төмендетуге ықпал етуі тиіс. Міне, нақ осы қызмет жәбір көрушіге бірінші болып көмекке келуі керек», деп атап өтті С.Ахметов. Халықтың өмірі мен денсаулығына, бүтіндей алғанда, ұлттық қауіпсіздікке есірткі тарату мен айналымының келтіретін қаупі өте үлкен. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды да күшейту қажет. Премьер-Министр қылмыстың алдын алу мәселелеріне ерекше екпін түсірді.

«Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында «погондағы адамдар мінсіз тәр­тіп пен жоғары кәсібилігімен ерек­ше­леніп тұруы қажет» деген еді. Мен ІІМ жеке құрамдық, тәртіп күзетінде барынша тиімділікпен қызмет етеді, адамдардың қауіп­сіз­дігін, құқығы мен заңды мүд­де­лерін кірпік қақпай қорғап, кәсіптік шеберлік пен ерлік деңгейінде жұмыс істейді деп үміттенемін» деген Үкімет басшысы олардың жұмысына табыс тіледі.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Елдік тұжырымдама

Пікір • Бүгін, 08:50

Ғасыр үні жаңғырған кеш

Руханият • Бүгін, 08:30