Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2021

Макулатура, пластик пен шыныға – 2 млрд теңге

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда қаптама қалдықтарын жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарына ӨКМ Операторының субсидиялау мөлшері 2,025 млрд теңгеден асты. Бұл соңғы 5 жылда салалық бизнесті қолдау шараларының рекордтық көрсеткіші.

Макулатура, пластик пен шыныға – 2 млрд теңге

ӨКМ Операторы баспасөз қызметінің хабарла­уынша, жыл басынан бері отандық кәсіпкерлер 67 166 тонна қайталама шикізатты жинап, кәдеге жаратуға жіберді. Оның ішінде 51 287 тонна макулатура, 5 307 тонна пластик және 10 572 тонна шыны қаптама қалдықтары жиналды. EcoQolday жүйесінде барлығы 4 130 өтінім пысықталды. Нәтижесінде, жыл басынан бері қаптама қалдығын жинаушыларға берілген өтемақы мөлшері 1, 507 млрд теңгені құрады. Ал кәдеге жарату зауыттарына – 152,6 млн теңге, тасымалдауды субсидиялауға 365 млн теңге берілді. Қайта өңдеу саласындағы өсу үрдісі негізінен EcoQolday цифрлы жүйесінің іске қосылғандығымен тікелей байланысты. Соның нәтижесінде қайталама шикізатты жинау тарифтері көтеріліп, тасымалдау шығындарын ішінара өтеу мүмкіндігі пайда болды. ЕсoQoldaý жобасы – қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик және шыны) жинау, өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату бағытында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған платформа.

Қазіргі уақытта EcoQolday жүйесінде 670 қатысу­шы тіркеліп отыр. Оның ішінде қаптама қалдықтар­ды жинауды жүзеге асыратын 158 кәсіпкер, 481 тасы­малдаушы және 31 қайталама шикізатты кәдеге жаратушы ұйым жұмыс істеуде.

2021 жылы 230 мың тонна көлемінде қайталама шикізатты жинау, қайта өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату жоспары бар. Осы жұмыстарды жүзеге асыруға ӨКМ Операторы биыл 13 млрд теңге қаржы қарастырған.

Ел ішінде макулатура, пластик және шыны қаптама қалдықтарын жинау көлемін арттыру мақсатында ӨКМ Операторы EcoQolday HOME жобасын іске қосты. Көп пәтерлі тұрғын үйлердің немесе жеке сектордың тұрғындары ПИК/ПИБ арқылы жиналған шикізатты сатуды жүзеге асыра алады. Қалдықтарды саудалаудан түскен қаражатты тұрғын үй кешенін жөндеуге немесе ауланы абаттандыруға бағыттауға болады. ӨКМ Операторының өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және ел ішінде қайталама шикізатты қабылдау бекеттерін көбейту жоспары бар. Айта кету керек, 31 тамызда Семей қаласында алғашқы қалдықты ақшаға қабылдайтын бекеттер іске қосылды. Ендігі кезекте Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды облыстары тұр.