Бір қарағанда су ағыл-тегіл тегін жатқан дүниедей көрінетіні рас. Сондықтан шығар, санамызда арзан затты «судай тегін» екен деп сипаттап жатамыз. Бірақ кейінгі уақытта бұл түсініктен арылатын кез келді. Өйткені келешекте ауқымы кең жанжалдар су жетіспегеннен басталуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жете түсінетіні анық.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасады. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет», деген еді Президент өз сөзінде.
БҰҰ-ның болжамына сенсек, 2050 жылға қарай су тапшылығы күшейіп, содан кейбір аймақтағы елдер ішкі жалпы өнім көлемінің 6 пайызын жоғалтуы мүмкін. Сондай-ақ болжам бойынша 2030 жылға таман әлем халқының 40 пайызы су тапшылығын қатты сезінуі ықтимал. Соның салдарынан 700 миллионға жуық тұрғын босып кетуі мүмкін.
Бұл өз кезегінде «домино эффектісін» береді. Яғни су тапшылығынан өндіріс көлемі азаяды. Одан кейін халықтың әл-ауқаты төмендейді. Сосын тұрғындардың жаппай көшуі басталады. Ақырында олар су жеткілікті өңірге ағылып, ол жақта да су тапшылығы туындайды.
Ғалымдар сондықтан осы бастан дабыл қағып жатыр. Жер жаһан қазірдің өзінде су тапшылығын қатты сезініп отыр. Мәселен, 2017 жылы шартарапта «тіршілік нәрі» жетпегендіктен гуманитарлық дағдарыс болып, Африка мен Таяу Шығыстағы 20 миллионға жуық адам аш қалды.
2018 жылы Оңтүстік Африка Республикасындағы қуаңшылық кезінде Кейптаунда су мүлдем таусылуға шақ қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаһар билігі оны пайдалануға жаппай шектеу қойды. Құдай сақтап дер кезінде жаңбыр жауып, африкалықтарды бір апаттан аман алып қалған-ды. Әйтсе де, сол жылғы қуаңшылық салдарынан өңірге 400 миллион доллар шығын келді.
АҚШ-тағы ең үлкен су қоймасы Мидтің арнасы тартылып барады. Қазіргі таңда ондағы судың көлемі 36 пайызға дейін азайған. Бұған дейін Мидте мұндай мәселе болған емес. Су қоймасы Колорадо өзенінің бойында, Аризона мен Невада штаттарының түйіскен жерінде орналасқан.
Ғалымдар тағы бір ыстық әрі құрғақ жаз кезіксе, Мидтің суы толарсақтан ғана келуі мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда су қоймасының маңызы зор. Ол Аризона, Калифорния және Невада штаттарын сумен ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар аталған штаттарға қажетті электр энергиясын өндіреді.
АҚШ-тың құрғақшылықты бақылау орталығының келтірген деректеріне сәйкес елдің батыс жағалауының 75 пайызы қатты құрғақшылыққа тап келді. Әйтсе де, аймақта ондаған жыл бойы құрғақшылық бәсеңдеген емес. Климат дағдарысы қуаңшылықтың әсерін күшейтті. Өйткені температураның көтерілуі онсыз да сирек жауатын қарды тоқтатып, ылғалды жойып жіберген. АҚШ Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, құрғақшылық салдарынан Колорадо өзені жүйесінің қуаты екі есе азайған. Бұл – үлкен қауіп. Өйткені әр 10 америкалықтың біреуі Колорадо өзенінің суына тәуелді.
Бразилия да су тапшылығын сезініп отыр. Мәселен, Сан-Паулу штатын сумен қамтамасыз ететін «Кантарейра жүйесі» тартыла бастаған. Соның салдарынан бірнеше бөген жүйесінің күші небәрі 40 пайызы ғана жеткен. Сол секілді 2015 жылғы қуаңшылық кезінде General Motors компаниясының суға жұмсалатын шығыны 2,1 миллион, электр энергиясына төлейтін қаржысы 5,9 миллион долларға көбейді.
Сонымен қатар Иран, Ирак, Ливан секілді елдердегі қоймалардағы су деңгейі өте төмен. Қытай 2015 жылы қағаз шығаратын кәсіпорындардың су тұтынуын 10 пайызға азайтуға міндеттеген. Көп ұзамай қағаздың бағасы көтеріліп шыға келді.
Үндістандағы ахуал мүлдем қиын. Елде жүргізілген есептеулерге сүйенсек, қазіргі таңда 21 негізгі қала маңындағы жерасты суы таусылуға жақын. Демек, 100 миллион адам «тіршілік нәріне» мұқтаж болуы мүмкін. Сондай-ақ Үндістандағы аудандардың төрттен үші, яғни 638 миллион тұрғын су тапшылығынан түрлі қиындықтарға тап келмек.
«Судың да сұрауы бар» екенін жақсы түсінген көптеген компания қазірдің өзінде «тіршілік нәрін» тиімді пайдалануға кірісті. Бассейндердің көлемі әр қилы, әр аумақта орналасқаны белгілі. Көптеген бизнес өкілі өзендердің осы артықшылығын игілігіне жаратпақ. Мәселен, Apple компаниясы өзінің зауыттарын суы мол өзендердің маңайына шоғырландыра бастады.
Бір қызығы, Жер шарының басым бөлігін (71 пайызға жуық) су алып жатыр. Дегенмен су мұншалықты көп екеніне қарамастан, тұтынуға келмейді. Өйткені оның 97 пайызы тұзды. Қалған үш пайыз ғана тұщы. Оның өзінде, тұщы су қорының басым бөлігі Антарктида, Арктика секілді мәңгі қар құрсанған аймақтар мен құзар шыңдардағы мұздықтарға тиесілі. Күнделікті өмірімізге керек ауыз су, экожүйеге кететін өзен суы 1 пайызға да жетпейді.
Жыл сайын адамзат пайдаланатын тұщы судың көлемі 4,3 триллион шаршы метрді құрайды екен. Мұның 70 пайызы ауыл шаруашылығына, 19 пайызы өнеркәсіпке, ал қалған 11 пайызы күнделікті тұрмысқа жұмсалады. Әлбетте, бұл – әлемдегі орташа көрсеткіш. Әйтпесе, әр мемлекеттің суды тұтыну мөлшері әрқалай екені түсінікті. Мысалы, АҚШ-та су тұтынудың 37 пайызы өндіріске, 40 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Үндістанда ауыл шаруашылығына кететін су мөлшері 90 пайыздан асады. Қытайда бұл салаға 65 пайызға жуығы кетсе, 22 пайызы өндіріске жұмсалады.
Жалпы, Азия «үшінші полюс» саналады. Өйткені құрлық тұщы су қоры жөнінен Арктика мен Антарктидадан кейін үшінші орында тұр. Яғни мұздықтар өте көп. Оған қоса, әлем халқының басым бөлігі осында мекендегенін ескерсек, олардың бәрі таулар басындағы ақ жабынға мұқтаж.
Өкінішке қарай, климаттың өзгеруі салдарынан Азияның шыңдарындағы мұздықтар жылдам еріп барады. Кейінгі он жылда өзендерге құйылған су көлемі 16 пайызға азайған. Соның кесірінен құрлықтағы негізгі 14 өзен мен оның алабы келешекте сусырап қалуы мүмкін. Соның үшеуі, атап айтсақ, Балқаш су алабы, Сырдария су алабы мен Әмудария су алабы Орталық Азияда жатыр.
Сондықтан су мәселесі Орталық Азияны да айналып өтпейді. Оның үстіне, аймақтағы ірі өзендердің барлығы трансшекаралық. Ондаған жылдан бері сол трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды. Әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендерін бірлесе пайдалану өте өзекті. Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, Әмудария Тәжікстаннан алады. Сондықтан Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Дәлірек айтқанда, негізгі су ағынын реттеу тетігі солардың қолында.
Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін үлкенді-кішілі 25 өзен бар. 2001 жылы қос тараптың үкіметтері трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісім жасасқан. Бірақ Ертіс пен Іленің тағдыры толыққанды шешілген жоқ. Екі өзеннің тағдыры Қазақстан үшін аса маңызды. Себебі Ертіс пен Іленің 70 пайыз суы Қытай аумағынан бастау алады. Оған қоса, Бейжің билігі өз аумағында өзен суын қолдану көлемін жыл сайын арттырып отыр.
Енді қайтпек керек? Президент атап өткендей, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ. Қанша қаласақ та, Тянь-Шань мен Алатаудың басына қар жылдағыдан көп түспейді. Өзен суы кенеттен молайып кетпейді. Оның үстіне, өзендердің аяғында жатқандықтан Қазақстан үшін су көршілес елдерге қарағанда өте өзекті. Ендеше, сөзден іске көшетін сәт келді.