Президент • 06 Қыркүйек, 2021

Кешенді іс-қимылдар жүйесі

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Sarap эксперттік клубының отырысы өтті. Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистері талқыланды.

Кешенді іс-қимылдар жүйесі

Sarap эксперттік клубы­ның отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың пандемиядан кейінгі ке­зең­де мемлекетті одан әрі да­мы­туға, денсаулық сақтау, бі­лім беру жүйесінің тиім­ділігін арттыруға, өңірлік атқару­шы биліктің басқару тетік­терін жетілдіруге, саяси жаңғыр­туға, адам құқықтарын қорғау­ға қа­тысты және басқа да мәселе­лерге қа­тыс­ты Жолдауда көтеріл­ген бас­тамалары талқыланды.

Отырыс барысында «Руха­ни жаңғыру» қазақстан­дық қоғам­дық даму институты Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев биылғы Жолдауда мемлекеттік билік аппаратының азаматтармен өзара іс-қимылының қолжетімділігі мен түсіністігін қамтамасыз ету бойынша нақты хабарлар бар екенін атап өтті.

«Бұл тек қана қарым-қаты­нас пен «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырым­дама­сы туралы ғана емес, сонымен бірге «Ең алдымен Азамат» қағидасы туралы. Қарапайым азаматтар үшін қолжетімділік пен қарапайымдылық бірінші орында болуы керек. Мәселен, тұрғын үй саласындағы бағдар­ламалардың көптігі сонша, оларды шатастыру оңай. Осы Жолдауда «Отбасы банкінің» алдына «бір терезе» қағидаты бойынша азаматтармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр», деді А.Есенбаев.

Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішев мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі елдің мұнай қор­ларына байланбауы тиіс деген пікір білдірді.

«Экономика жайында Жол­дауда неге бұлай айтылғанын түсі­немін. Бүкіл әлем соңғы жиырма жыл ішінде цифр­лы техно­логияларды, бағдар­лама­лық қамтамасыз етуді, ұшақ­тарды, аспаптарды, фарма­цев­тиканы дамыта отырып, мұнай бағасынан да қым­бат дүниелерді шығаруда. Сондық­тан менің ойымша, мұнай бар­реліне 100 доллардан асып жатса да, бұл біздің елімізге ұзақ мерзімді бағалық сапада құнды қор бермейді», деді ол.

Өз кезегінде Президент жанындағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеулер инс­титутының сарапшысы Ин­дира Рыстина Мемлекет басшы­сының биылғы Жол­дауының бір ерекшелігі, оны тек құжат ретінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Үкіметтің жұмысын жоспарлаудың, жо­балаудың стратегиялық құралы ретінде де қарастыруға болады деген пікірін білдірді.

«Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасының өзектілігін ашатын саяси жаңғырту бойынша бірнеше ұсыныс болды. Соның бірі – жергілікті атқарушы билік­тің жұмыс сапасын зерттеу мақ­сатында әлеуметтік сауалдамаларды енгізу. Аталған зерттеу жұмыстарын тәуелсіз ұйымдар жүргізуі тиіс. Бұл – менің ойымша, халық үнін естудің енгізіліп жатқан жаңа бір тетігі», деп атап өтті ҚСЗИ сарапшысы.

Сарапшы Ләззат Нұрқатова Жолдауда айтылған «Кәсіби біліктілік туралы» жаңа заң­ды қабылдаудың өзектілігіне тоқталды.

«Жаңа уақыт барлық маман­ға және олардың құзырет­теріне жаңа талаптар қойып жатыр. Кәсіби мәселелерді шешу үшін бү­гінде адамның колледжде не­месе университетте алатын білім деңгейі жеткіліксіз екені анық. Мұндай заңның қабыл­дануы кәсіби мамандар қауым­дастығын өзін өзі дамытуға ынталандырады және барлық жастағы тұрғындар арасында Lifelong learning қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді», деді Л.Нұрқатова.

Sarap клубының оты­ры­­­сын­да сөз сөйлеген Қазақ тех­нология және биз­нес уни­­верситетінің деканы Алма­гүл Нұрғалиева Жолдауда одан әрі экономикалық даму­дың нақ­ты перспективалары айқын­дал­ғанын тілге тиек етті.

«Экономика бір орында тұр­майды, ол әрқашан қозға­лы­с­та. Нарыққа әртүрлі бол­жау­ға қиын факторлар әсер етуі мүм­кін, мысалы, пандемия. Бұл жер­­де экономистер тарапынан даму­­дың нақты сценарийлері қа­жет, осы мәселелерді шешу­дің ғы­­лыми әдіс-тәсілін де қа­рас­­­ты­­ру қажет», деп атап өтті ол.

Саясаттанушы Самат Нұр­таза Жолдаудың ауызсуды үнемдеу, су ресурстарын пайдалану болашақта маңызды мәселе болатынын алға тартты.

«Расында су мәселесі – жер шарындағы болашақта күн тәртібінде бірінші болатын тақырып. Біздің еліміздің жағдайында ел ішіндегі барлық өзендер басқа мемлекеттердің территориясынан ағып келеді, бұл жөнінде трансшекаралық сулар жөніндегі келісім керек. Ауызсуды үнемдеуді бүгіннен бастау керек», деді ол.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» қазақ­стандық қоғамдық даму инс­титутының Sarap эксперт­тік клубының қатысушы­лары, Мемлекет басшысының биыл­ғы Жолдауы өмірдің бар­лық салаларына әсер ететінін және қазақ­стандықтардың әл-ауқа­тын жақсарту бойынша бір­қатар нақты кешенді іс-қимыл­дар жүйесі ұсынылып отырғанын атап өтті.