Президент • 06 Қыркүйек, 2021

Әлеуметтік саясаттың сабақтастығы

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – «мемлекеттік аппарат азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» деген негізгі қағидаттың сабақтастығы бай­қалады. Қазақстандықтардың әл-ауқаты­н, өмір сапасын жақсартуға бағыт­тал­­ған мемлекеттік саясатты ұстану – Прези­денттің бес негізгі бастамасында бекітілген.

Әлеуметтік саясаттың сабақтастығы

Бірінші кезекте Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл қадам табыс деңгейі төмен азаматтардың экономикалық белсенділігін арттырады, сондай-ақ елдің ішкі жалпы өнімін 1,5%-ға арттырады. Алайда бұл бастама, ең алдымен, отандастарымыздың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыруды көздейді.

Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мемлекет бастамашылық еткен жалақыны арттыру жөніндегі шаралардың іске асырылуын бірінші болып сезінеді. Алайда Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде шамамен 6,5 млн-ға жуық жалдамалы жұмысшы бар. Олардың жалақысын арттыру үшін мемлекет бизнеске қатысты «жұмсақ» шараларды қолданатын болады. Мұндай қадамдар жекелеген азаматтардың табысын «көлеңкеден» шығаруға бағытталған. Сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізіледі. Бұл ретте, оның мөлшері 34%-дан 25%-ға дейін төмендейді. Бұл бастаманы іске асыру үшін төлем жүйесін құру көзделіп отыр.

Президенттің тағы бір маңызды бастамасы – 600 мың азаматтық қызметкердің жалақы­сын арттыруы дер едім. Олардың жалақысын 2022-2025 жылдары 20%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Мұндай бастаманы іске асыру – аса маңызды. Себебі барлық отандастарымыз мемлекеттік қызметшілердің жеңілдіктеріне қол жеткізе алмайды, әрі олардың басым көпшілігінің жалақысы нарықтағыдан төмен.

Азаматтардың БЖЗҚ-да жинаған артық қаражатын 2021 жылы тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу үшін пайдалану тәжірибесі бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, әрі оны іске асыру қажеттілігіне жетелейді. Президент биылғы Жолдауда осы мәселеге қатысты нақты тапсырма берді.

Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған елеулі әлеуметтік пакет бар. Сондықтан пандемия кезіндегі мемлекеттік саясаттың әлеуметтік сипатының сабақтастығы қоғамдағы тұрақтылыққа және елдің саяси, экономикалық бағытын сақтауға ықпал етеді.

 

Ермек ТОҚТАРОВ,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері