Өнер • 06 Қыркүйек, 2021

Пейзаж жанрының жыршысы

776 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық бейнелеу өнері дегенде алдымен, осы өрелі өнердің кәсіби негізін қалап, шырқау биікке көтерген Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Молдахмет Кенбаев, Әубәкір Ысмайылов секілді талантты тұлғалар ойымызға келеді. Осы алыптардың ізін баса келген, көрнекті кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі Жаңатай Шәрденов те бейнелеу өнерінде өз өрнегі мен қолтаңбасын қалыптастырды. Әсіресе көзіқарақты қауым суретшінің табиғаттың таңғажайып құбылыстарын көркем бедерлеген туындыларын ерекше бағалайды.

Пейзаж жанрының жыршысы

Мақаламызға шығар­ма­шы­лы­ғы өзек болған суретшінің есімін мен алғаш рет белгілі қылқалам шебері Шыныбай Пірімбаевтің аузынан естідім. Ол кісі әңгіме ара­сында Шәрденовтің еңбектерін жоғары бағалайтындығын айтқан еді. Содан менің де осы сурет­ші­ге деген қызығушылығым оянып, шығармашылығына зер сала бас­тадым.

Бейнелеу де басқа өнер секілді түрлі жанрға бөлінеді. Соның ішін­де пейзаж жанры ерекше орын алады. Жаңатай Шәрденов − осы жанрдың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Үлес қосып қана қоймай, өзінше мектеп қа­лып­тас­тыр­ған деп айтуға бола­ды. Оны өнертанушылар өз ең­бек­те­рін­де жіліктеп жазған.

Мәселен, қылқалам шеберінің «Алатау бөктерінде» (1970), «Ағаш түбіндегі шағын үй» (1971), «Көктөбе» (1972), «Жас қа­йыңдар» (1975), «Алма-Арасан сайы», (1978) «Кешкі әуен» (1983) се­кілді картиналар осы сөзімізге то­лық дәлел болады. Автор мұнда адам мен табиғат арасындағы нә­зік үндестікті бояу тілімен көркем жет­кізе білген.

Сондай-ақ «Таулар», «Күн бату сим­фониясы», «Таудағы кеш», «Ымырт» атты еңбектеріндегі таулар бейнесі асқақтығымен ғана емес шынайылығымен де баурап алады. Жалпы суретшінің таулары – басқа шеберлер бейнелеген тауларға мүлде ұқсамайды. Көркемдігімен көз тартады.

Өнертанушы Ақбота Ілияс­жан­қызы Шәрденов туын­дыла­рын­дағы түстердің маңызына мән бере келіп: «Оның «Қысқы пейзаж» (1960), «Таудағы жылымық» (1973), «Биік тауда» (1972), «Алатау көрінісі» (1970) атты жұ­мыстарында керісінше, ашық, нә­зік түстермен, яғни ақшыл - көк, күлгін, қызғылт, кейде қыстың ызғарын беретін суық түстер, енді бірде, көкшіл, ашық жасыл түстер басым болады. Бірақ суреткер қол­данатын түстерді нақты айту қиын, өйт­кені, ол бір түсті шығару үшін бірнеше түсті келтіреді» деп жа­зады.

Сонымен қатар суретші шы­­ғар­­­ма­шылығында ағаштар мен гүл­дердің де орны бөлек. Мысалы, «Күзгі емен», «Қара өрік гүлдеді», «Қызыл гүлдер», «Қыс. Ағаштар», «Қошқыл шыршалар» туындылары өз­геше формасымен ғана емес, түрлі-түсті бояуларымен де ерек­шеленеді. Осыдан-ақ сурет­­шінің сезімін, көңіл-күйін, та­биғатқа деген көзқарасын айқын аңғарасыз. Ол кісі тек пейзаж ғана емес, натюрморт пен портрет жанрында да жемісті жұмыс іс­теп, айшықты туындылар қал­дырды. Мысалы, жазушы Са­пар­ғали Бегалин мен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің портреттері – осы жанрдың қа­зы­насын байытқан үздік дү­ние­лер саналды. Қылқалам ше­бері кейбір еңбектерінде бейнелеу мен ұлттық қол өнерді шебер үй­лестіріп,текемет пен сыр­мақ­­тардағы ою-өрнектерді туындыларына арқау еткен.

Жаңатай Шәрденовтің туын­ды­лары елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде өткен көрме­лер­ге қойылған. Оның ға­жа­йып қол­таң­басы мен өнерін аме­ри­ка­лық белгілі сурет­ші Р.Кент жо­ғары бағалаған. Қабыр­ғалы қыл­қалам шебері 1992 жылы дүние­ден озды. Қазір бас ша­һарда Жаңатай Шәрденов атын­дағы көше бар. Пейзаж жан­ры­ның жыр­шысы атанған та­лант­ты тұлғаның өнері ғана емес, есімі де ұмытылмайды деген осы...