Шараға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінен 1 300-ден астам әскери қызметші және 400-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылады. Атап айтқанда, С-300ПС, С-75, С-125, «Куб», «Бук-М2э» зениттік-зымыран кешендері, радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің техникасы, Су-30СМ, Су-27 көпфункционалды жойғыштары, сондай-ақ С-295 әскери-көлік ұшақтары, Л-39 жаңғыртылған жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтары, Ми-171Ш, ЕС-145 тікұшақтары және ұшқышсыз ұшу аппараттары бар.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу-жаттығу кезінде ШҚҚ жауынгерлік есептоптары зениттік-зымыран кешендерінен іс жүзінде оқ атады. Әскери авиация экипаждары әуедегі және жердегі нысаналарды авиация құралдарын ұрыста қолдану арқылы зақымдай отырып, күндізгі және түнгі ұшуларды пысықтайды.
«Оқу-жаттығу әскери басқару органдарының дайындық деңгейін, жауынгерлік есептоптар мен экипаждардың үйлесімділігін арттыру, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы және әуеде шайқастарды жүргізу тәсілдерін пысықтау мақсатында өткізіледі. Қарулы қақтығыстарда авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін қолдануды ұйымдастыру бойынша түрлі тактикалық эпизодтар көрсетіледі», деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Фазылолла Бәденов.