Саяси экономика барлық экономикалық ілімнің күретамыры іспеттес. Ол өзге ғылымдарға тамырын жайды, солармен керегесін кеңейтті, олардың әрқайсысы өзіндік даму шеңберін айқындады. Қазақстандағы экономикалық бағыттың іргетасын қалауға атсалысқандардың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Жатқанбаев.
Саяси экономика барлық экономикалық ілімнің күретамыры іспеттес. Ол өзге ғылымдарға тамырын жайды, солармен керегесін кеңейтті, олардың әрқайсысы өзіндік даму шеңберін айқындады. Қазақстандағы экономикалық бағыттың іргетасын қалауға атсалысқандардың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Жатқанбаев.
Ержан Байғожаұлының өмір жолы қасиетті қазақтың дарқан даласының бірінде Бесқайнар елді мекенінде бастау алды. Соғыстан кейінгі барлық балалар секілді, Ержан Байғожаұлының да өмірі жеңіл болған жоқ. Алайда, ата-ана қамқорлығының, өзінің маңдай терімен келген етене еңбегінің жемісінде Ержан Байғожаұлы М.В.Ломоносов атындағы ММУ экономика факультетін ойдағыдай тәмамдап шықты. Ол кеңес дәуірінің ғалым-экономистері А.Цаголов, В.В.Куликов, Н.В.Хессин, В.П.Шкредов және тағы басқалардан тәлім алу бақытына ие болды.
Міне, жарты ғасыр бойы, Ержан Байғожаұлы қазақтың білімі мен ғылымын дамытуға адал әрі өнімді еңбек етіп келеді. Ол Жамбыл жеңіл және тағам өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалынан басталатын, кейін, ҚазКСР ЖОО министрлігінде педагогикалық әрі ғылыми-тәжірибелік қызметінде жалғасқан, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де ұласқан, кандидаттық және докторлық диссертация қорғау сынды күрмеуі көп қиын-қыстау қызмет баспалдағынан өтті. Терең білімі және адами құндылықтарының сарқылмас кені ол кісіні басшылықтың төріне бастады. Университеттің жетекші бөлімдерін басқарды. ҚазҰУ экономика және әлеуметтану факультетінің, халықаралық қатынастар факультетінің деканы да болды, халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін де атқарды.
Ержан Байғожаұлы заманауи экономикалық білім берудің жаңаша жүйесі туындаған шақта қызмет етті, жаңаша тәсілдер мен оқу әдістерін енгізіп, оқушыларының және әріптестерінің тұрақты өзіндік жетілуіне, дербес дамуына қолдау таныта білді. Жас мамандарға ерекше қолдау көрсетті, біліктілігін арттыруға, шетелде тәжірибе алмасуға студенттерге сондай-ақ, оқытушыларға қолынан келгенше қамқор бола білді. Әкімшілік жұмысбастылыққа қарамастан, Ержан Байғожаұлы студенттерге арнап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кәнігі ғылыми жұмыстар, монографиялар, оқу және әдістемелік құралдар жазды.
Ерекше дарынды ұйымдастырушылық қабілетіне, үлкен тәжірибелік қызметіне, жинақталған ой қазынасына орай Ержан Байғожаұлы жоғары кәсібилікті мамандарды және ғылыми қызметкерлерді экономика саласына дайындады, оның басшылығымен, экономика ғылымы бойынша 40 кандидаттық және докторлық диссертация, үш PhD (философия докторы) докторлық диссертациясы қорғалды.
Ержан Байғожаұлы біздің жүрегімізге үміт ұшқынын ұялата білді. Біз оның шәкірттеріміз, біз үшін бұл асқан бақыт. Қазақстанның зиялы ұрпағын қалыптастыруда, енді біз ол кісімен бірге білім баспалдағымен бірге көтеріліп, сананың сатысынан шыңға бастар жолда бірге жетіліп келеміз.
Осы жылы біздің құрметті де сүйікті ұстазымыз жетпістің биігін еңсерді. Ержан Байғожаұлына көптеген ыстық ықылас пен алғыс айтқымыз келеді, денсаулық, бақыт, шығармашылық күш-жігер, жүректің жастығын тілегіміз келеді.
Раушан ДУЛАМБАЕВА,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Ілияс ҚҰЛИЕВ,
доцент.
АЛМАТЫ.