Коронавирус • 06 Қыркүйек, 2021

Қазақстанда дельта штамына қарсы вакцина шығарылады

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстанда коронавирустың дельта штамына қарсы вакцина өндірісі басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсулу Закария мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда дельта штамына қарсы вакцина шығарылады

«Үкіметтің тапсырмасы бойынша, дельта штамымен жұмыс вирус Қазақстан Республикасының аумағына енген кезде басталды. Клиникаға дейінгі зерттеулер толығымен жануарларға жасалды. Ал біздің вакцинадағы штамм құрамын ауыстыру жануарларда жоғары нәтиже көрсетті. Бүгіннен бастап оны Денсаулық сақтау министрлігіне жібердік. Біз вакцинаның келесі партиясының штамдық құрамын ауыстыру үшін олармен тығыз жұмыс істейміз. Денсаулық сақтау министрлігі бұл қиын жағдайды түсініп, бұрын-соңды болмаған қадамға барды - ДДСҰ-мен кеңеспей, тұмауға қарсы вакцина тәжірибесіне сүйене отырып, жақын күндері дельта штамының құрамын ауыстыруға ресми рұқсат береді. Біз Ухань штамын дельта штамына ауыстырамыз», деді К.Закария.

Оның айтуынша, осыдан екі ай бұрын штамм құрамын ауыстыру жүргізіліп, жануарларға сынақтар жүргізілген. Клиникаға дейінгі зерттеулерден кейін ғалымдар штамм құрамы өзгертілген вакцинаны сынау үшін өздеріне салдырған. 

К.Закарияның айтуынша, модификацияланған штамдық құрамы бар вакцина жақсы нәтиже көрсеткен және оның өндірісі жақын арада басталады.