Қоғам • 06 Қыркүйек, 2021

Жаңа заң жайылым мәселесін шеше ала ма?

956 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Күні кеше халыққа үшінші Жолдауын жариялаған ел Президенті Үкіметке қысқа мерзімде «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасын дайындауды тапсырды. Жаңа заң қарапайым ауыл халқының қордаланған мәселелерін шешіп бере ала ма? Бүгінде өте өзекті болып отырған жайылымдық жерге қатысты қандай нормалар енгізілуі керек? Жайылым иелерінің құқықтық мәртебесін реттеу кезінде нені ескеруіміз қажет? Осыдан 5 жыл бұрын қабылданған «Жайылымдар туралы» заң неге жұмыс істемейді? Халықтың арасында қызу талқыға түскен осы сұрақтарды ауыл шаруашылығы саласының жағдайын жақсы білетін сарапшы, мамандарға да қойған едік.

Жаңа заң жайылым мәселесін  шеше ала ма?

Жер көп, бірақ
жайылым жоқ

Қазақстан жер көлемі бо­йынша әлемдегі ең ірі мем­лекеттердің қатарында, 9-орында. Еліміз жайылым жерлердің көлемі бойынша 5-орында. Алайда ауылда мал жаятын жер жоқ. Шаруалар төрт түлігін қай­да жаярын білмей зар қақсап жүр. 90-жылдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жайылымдық жерлерге қол жеткізе алмаған ауыл халқы малын қорасында қамап ұстауға мәжбүр. Ауыл­дағы ағайынға жетпей жатқан жайылым мәселесі күні кеше туындап отырған проблема емес. Тек соңғы 2-3 жылда өзек­тілігі арта түскен бұл мәселе шарықтау шегіне жетіп, елдің сабыры сарқылып, төзімі таусыла бастады. Мәселен, биыл жазда Түркістан облысының төрт бірдей ауылы жергілікті билікке Төле би ауданындағы жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына қайтарылсын деген талап қойды. Шыдамдары түгесілген Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тұрғындары да мал жаятын жер қалмады деп жоғары жаққа шағымдарын жеткізді.

Павлолар облысында Ақтоғай ауданының халқы да жекенің қолына өтіп кеткен 240 га жайылымдық жерді даулап, шу шығарды. Жетісу жерінде де жайылым үшін жанжал толастар емес. Жыл са­йын тарылып бара жатқан жайылымдық жер мәселесін айтып, әбден титықтаған жергілікті халық ашынғаннан «малымыздан айырылсақ, ауылда өмір де тоқтап қалады», дейді.

Мал жаятын өрістің жыл сайын азайып, көбінің жекенің қолына өтіп кеткенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауға дейін де көтерген болатын. Соңғы рет жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әкімдердің ықпалды азаматтардың ығына жығылып жүргенін тілге тиек етіп: «Жайы­лымдар ең алдымен, ауыл тұрғын­дарына қолжетімді болуы керек. Жер­гілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйым­дастырмай отыр. Соның салдары­нан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайы­лым­дардың 99 пайызы шаруа қожалық­тарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайы­лымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын» деген еді. Жолдауда жайылымдық жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығына ерекше тоқталған Президент ауыл халқының мал жаятын жерге қолы жетпей жүргенін тағы өткір сынға алды. Тіпті «мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдардың иеленіп алғанын», жайылымдық жерді «адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағанын» да ашық айтты.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, еліміздегі жайылымдық жердің көлемі 180 миллион гектардан асады екен. Оның ішінде, 21 млн гектары елді мекендегі жайылымдар болса, 76 млн гектар жайылымдық айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын өнеркәсіптерге берілген. Еліміздегі жайылымдық жердің 80 миллион гектары нақты пайдаланылса, 30 млн-ны деградацияға ұшыраған.

 «Бізге нақты іске асатын заң керек»

2017 жылы қабылданған «Жайы­лым­­дар туралы» заңды дайындау жұмыс­та­рының басы-қасында болған Пар­ла­мент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Жексенбай Дүйсебаев жайы­лым­дық алқапты тиімді пайдалану – мал шаруашылығын дамытудың басты бағытының бірі екенін сол кезде-ақ ескерткен еді. Нарықтық жағдайда мал шаруашылығы саласын дамыту үшін, бірінші кезекте жемшөп қорын тұрақты жолға қойып, жайылымдық алқаптарды ұтымды пайдалану керек екенін айтқан ол: «Іс жүзінде, қолда бар 188 миллион гектар жайылымдық алқаптың 43 па­йызын немесе 80 миллион гектарын мал жаюға қолданылып отыр, бұл жерлердің көбі ауыл маңына жақын шоғырланған, ал кейбір жайылымдық учаскелер белгісіз себептермен тиімсіз пайдалануда» деген еді.

Жайылымдық жер мәселесінің туын­дауына негізінен төрт түлік малдың басым көпшілігі ауыл маңына жақын аумақтарда ұсталуы да себеп болып отыр. Бұл жерлердің басым бөлігі іс жүзінде бүлінген әрі тозып кеткенін де бүкпесіз айтқан Ж.Дүйсебаев: «Ха­лық­тың жеке ауласындағы және шаруа қожалықтардың меншігіндегі малдар осы жерде жайылады, тиісінше бұл аймақтағы малдың тығыздығы, қол­да­ныстағы нормативтен бірнеше рет жоғары» дейді. Тәуелсіздік алған ал­ғаш­қы жылдары совхоз-колхоздарды таратып, керісінше, шаруашылықтарды жекешелендіру кезінде ауылдан шалғай жатқан жайылымдардың көбі ірі АҚ-лар мен ЖШС-лардың меншігіне өтіп кеткенін еске алған ол: «Бұл мекемелердің дені қазіргі таңда не өздері мал өсіру шаруа­шылығымен айналыспайды, ал малмен айналысатын шаруашылықтар мен қосалқы шаруашылықтарға жайылымдық жерлерді пайдалануға рұқсат та бер­мейді. Себебі мұндай кедергілер, заң шең­берінде нақты реттелмеген», дейді.

Ал ауылшаруашылық жөніндегі сарапшы, «Шопан ата» ұлттық қауым­дастығының төрағасы Алмасбек Са­дырбаев еліміздегі 40 пайыздан астам ішкі өнімді жеке қосалқы шаруалар беріп отырғанымен, осы уақытқа дейін оларға қатысты арнайы заңның қа­былданбай келгенін растап отыр. Жеке заң болмағандықтан да шаруалар мемлекеттен қолдау таппай, жеңілдетілген несиеден қағылып келген. «Біз сөз етіп отырған жеке қосалқы шаруашылықтар дегеніміз 2-3 сауынды сиырын бағып, 15-20 қойымен ағайын-туғанын асырап отырған ауылдағы қарапайым қазағымыз. Өйткені елдің бәрінде мыңғырған қой, үйір жылқы мен табын сиыры жоқ», дейді сарапшы.

«Экономикамыздың басты ерекшелігі де осында – біз осы жеке қосалқы шаруашылықтардың арқасында елді асырап отырмыз» деген А.Садырбаев «Жаңа заң жобасын дайындау кезінде ең бірінші нені ескеруіміз керек?» деген сұрағымызға ойланбастан «қаржыны» деп жауап берді. «Себебі заң қабылдау оңай, ал оның өміршеңдігі, нақты іске асуы қаржыға барып тіреледі. Билік шаруашылықтар туралы дербес заңды шығарып қана қоймай жобаны қолдауға келгенде, өмірге бейімдегенде ақшадан тартынып қалмауы керек. Өйткені қазіргі таңда шаруаларға берілетін несие де, субсидия да мардымсыз. Жаңа заң жарияланса, ауыл шаруашылығында қосымша субъектілер пайда болады. Ал қосымша субъектілер қосымша қаржыны талап етеді», дейді «Шопан ата» ұлттық қауымдастығының төрағасы.

Бізде әлемдік стандарттарға сай арнайы «Жайылымдар туралы» заң болғанымен, оның нақты жұмыс істемейтінін сарапшы да мойындап отыр. Аталған заңның жұмыс істемеуіне ең алдымен жергілікті атқарушы билік ешқандай әрекет жасап отырмағанын ашық сынға алған ол: «Кез келген заң өмірге бейімделген болуы керек. Президент Жолдауында отыз жыл бойы қордаланып келген мәселені қозғады. Өйткені жайылым мәселесі күні кеше туындап отырған жоқ. Бұл мәселенің келесі Жолдауға дейін шешімін табуы да екіталай. Жайылымдық жер мәселесіне тек Президент, Үкімет пен құзырлы органдар емес, бүкіл қоғам болып араласуымыз қажет. Заң жұмыс істеуі үшін оған қоғам болып атсалысқан жөн. Ал халыққа нақты іске асатын заң керек», деп мәселені ашығынан жеткізді.

Жаңа заң жобасын дайындау кезінде жайылымдық жер иелерінің құқықтық мәртебесін анықтауға ерекше мән берілуі тиіс. Мұны осы саланың мамандары бірауыздан мақұлдап отыр. Сарапшы да ең бірінші жер игеріле ме, әлде, бос тұрған жер ме осы мәселеге баса көңіл бөлу керектігін айтты. «Егер жер игерілетін болса, қора-жайы салынған ба, шаруаға қажетті жағдай жасалған ба? Осы сұрақтарды ескеру керек. Ал шаруаның қора-жайы ауылға жақын орналасса, мемлекет нарық заңына сәйкес құнын төлеп беруі керек. Содан кейін сол жеріне балама немесе ауылдан 15-20 шақырым қашықтағы көлемі екі есе үлкен жер беруі керек. Ауыл маңындағы шаруалардың жерін осындай жолмен ғана қайтарып алуға болады. «Мемлекеттің қажеттілігін өтеу» дегенді желеу етіп, тартып алуға, белден басуға мүлдем болмайды. Ал игерілмей тұрған жер болса, онда ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Себебі ол жердің талай жылдан бері бос жатқанын ел-жұрттың өзі де біліп отыр», дейді А.Садырбаев.

 «Халықтың пікірі
ескерілуі керек»

Парламент Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин жаңа заңда бірінші орынға жеке қосалқы шаруашылықтардың мұң-мұқтажы, яғни қарапайым халықтың жағдайы шығуы тиіс екенін айтты. Сенатор елімізде бұрын-соңды мұндай заң болмағандықтан жаңа нормаларды дайындаудың оңайға түспейтінін де айтады. «Сондықтан заң жобасы мұқият зерттеліп, жан-жақты зерделеніп, сарапшылармен бірге халықтың, оның ішінде ауыл тұрғындарының пікірлері ескеріліп әзірленуі керек», дейді спикер.

«Қазіргі таңда ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың негізгі шаруашылығы, тіршілігінің көзі – қолындағы төрт түлігі. Бүгінде малдың көбі сондай жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Бірақ олар мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалып отыр. Ондай қолдаулардың игілігін көбіне шаруа қожалықтары, түрлі серіктестіктер көріп келеді», деген Дүйсенғазы Мағауияұлы еліміз үшін ауыл шаруашылығының орны бөлек екенін еске салып өтті. Ең алдымен, жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін заң арқылы бекіту керектігіне тоқталған депутат тиісті заң қабылданғаннан кейін ғана қаржы секторлары жұмыс істеп, мемлекеттік қолдау жасалатынын алға тартты. «Ал бұл қаржы көптеген ауыл тұрғыны үшін жаңа мүмкіндік екені сөзсіз», дейді ол.

«Біз ең алдымен, мәселенің түп-тамы­рына үңілуіміз керек. Қазақстанда жайы­лымдық жерлері жоқ емес, бар. Тіпті кейбір ғалымдардың айтуынша, біздегі жайылымдық жерлердің эквиваленті 25-30 миллион тонна арпаның азықтық құндылығына тең. Демек, бұл саладағы әлеуетіміз зор. Бірақ мәселе – басқада. Мысалы, кішкентай елді мекеннің маңайындағы жайылымдық жерлер де шағын болады. Дегенмен қазір ауылдағы халықтың мал басы өсіп келеді. Ал жа­йылымдық жердің көлемі ұлғаймайды. Соның салдарынан жайылымның жетіс­пеу­шілігі туындап отыр. Мұндай мәселе әсіресе халқы тығыз орналасқан оңтүс­тік өңірлерде жиі байқалады», дейді Д.Мусин.

Сенатордың айтуынша, керісінше, еліміздің солтүстік, орталық өңірлерінде игерілмей жатқан жайылымдар көп. «Ол жерлерді игеруіміз үшін мемлекет тарапынан инфрақұрылым, суландыру мәселелері шешімін табуы қажет. Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан халықты солтүстік өңірлерге қоныстандыру ісінде де осы жағын ескерген дұрыс. Ауыл маңындағы ұлтарақтай жерге халықты таластырып қоймау керек. Сондықтан Үкімет, тиісті министрліктер осы мәселені терең зерттеу­ге тиіс. Бұл – мәселенің бір ұшы ғана», деген спикер тағы бір кедергі ретінде латифундистерді, яғни ірі жер иелерін атады. «Елімізде үлкен көлемдегі жерді иемденіп алып, оны тиісті мақсатта пайдаланбай отырғандар бар. Бұл – шындық. Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы осы жайтқа ерекше назар аударды. Алдағы уақытта жерді алып, мақсатты пайдаланбай отырған шаруа қожалықтарымен және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен ашық әңгіме жүргізу керек. Бұл мәселені тек айтып қоймай, құқық қорғау органдары, басқа да тиісті органдар белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Себебі бізде жер бар және ол бәріне жетеді. Тек «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермей, бәрін жүйелі түрде зерттеп, заңмен реттеуіміз керек. Президентіміз айтқан жаңа заң осы мәселелердің басын ашып беруі қажет. Сондықтан біздер, сенаторлар, сол бағытта жұмыс істейміз», деді депутат.

Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері, Үкімет ауқымды жұмыс істеуі керек екенін айтқан спикер аталған заң ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер ететіндігін де жеткізі. «Қазір кейбір шағын ауылдарда 50-100 жылқыдан, 200-300-ден қой ұстап отырған тұрғындар бар. Олар ауыл маңайындағы онсыз да көлемі кішкентай жерді деградацияға ұшыратып, тақырға айналдырып жіберді. Меніңше, сондай азаматтар ауылдан шалғай отырып, шаруа қожалықтарын ашып, кеңейіп жұмыс істеуі керек. Ал, ауылда аз малмен отырған жеке қосалқы шаруашылықтары отырған жөн. Заң жобасын талқылау кезінде осы жайт та қаперге алынса деймін», деген ол бұл мәселенің ауылдың тазалығына да әсер ететінін ескертіп өтті.

«Жаңа заңды дайындау кешенді жұмысты талап етеді. Оған тұтас Үкімет жұмылуы керек. Бұл жерде, ең алдымен, ауылдағы ағайынның әлеуметтік мәселесі тұр. Яғни ауыл халқының өмір сүру сапасы, ауыл-аймақтың болашағы осы заңға тікелей байланысты болады деуге толық не­гіз бар». Осылай деп ойын түйіндеген спи­кер заң жобасын талқылау кезінде қате­лікке жол бермеу керектігін шегелеп өтті.

 «Жеке заңның болмауы –
әділетсіздік!»

«2003 жылы қабылданған «Жер кодексін» түбегейлі өзгертпейінше, «Жайылымдар туралы» заң да, «Жеке қосалқы шаруашылықтар» туралы жаңа заң да жұмыс істемейді. Себебі кодекстегі нормалар бұл заңдарға мүлде кереғар». Бұл – экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің пікірі. Жер кодексі әуел бастан дұрыс қабылданған жоқ. Бұл заңның артында белгілі бір топтардың ғана мүддесі тұр. Халықтың мұң-мұқтажына жауап бермейтін заң кімге керек?! Ал жер – біздің соңғы ресурсымыз», дейді ол.

«Жайылымдық жер жоқ деген сөз – жай сөз. Елімізде жайылымдық жерден көп жер жоқ. 187 миллион гектар жер бар. Әр мал басына 20 гектар жерден келеді. Ал іс жүзінде мал басына 2-3 гектардан аспайды. Ал норма бо­йынша 5 гектардан кем болмауы керек. Жер бар, бірақ жайылымдықтың көбі белгілі бір топтардың жеке мүддесіне қарай бөлінген. Қазір осындай жерлердің деніне сол жекелер иелік етіп отыр. Ал ауласында тұрған 5-6 бас малына жайылым таппай жүргендер ауылдың қарапайым тұрғындары, қосалқы шаруамен айналысатын жүрген шаруалар. Екінші бір мәселе – мың гектарлап жайылымдық жерді жекешелендіріп алған сол қожайындардың көбі сол жерді басқа мақсатта пайдаланып отыр немесе жер мүлде бос жатыр», дейді профессор.

Т.Есіркеповтің мәлімдеуінше, пайдалануға жарамды 80 миллион гектар жайылымдық жердің ең құнарлы 30 жарым миллион гектары еліміздің үш облысына тиесілі. «Олар – Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола өңірлері. Осы үш аймақта адам басына 12-14 гектар жерден келеді. Ал қазақтар көп шоғырланған оңтүстік, батыс облыстарында 1 гектардан аспайды. Сондықтан ең алдымен, ішкі көші-қон мәселесін шешіп алуы­мыз керек. Ал қазір 70 пайыз қазақ құнарсыз жерде отыр», дейді Тоқтар Әбенұлы. «Жайылымдарды миллион гектарлап жекеге өткізіп алғандардың кім екенін де ешкім білмейді. Бізде бәрі жасырын. Ал егер осы мәліметтердің бәрі анықталса, талай заңсыздықтың беті ашылар еді» деген ойын бүкпесіз жеткізген ғалым «Қарапайым шаруалардың құқын қорғайтын заңның болмауы – әділетсіздік!» екенін ашына айтты. «Бұл – қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік әділетсіздік. Қазақстанда 70 пайызға дейін өнім шығаратын қосалқы шаруалардың еңбегі әлі күнге дейін лайықты бағаланбай келеді. Себебі заң жоқ», деді мәселені төтесінен қойған профессор.

Жеке қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі маңызды рөліне қарамастан елімізде «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» жеке заңның жоқ екеніне Т.Есіркепов те ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы толықтай нарықтық қатынастарға көшкен кезде де мұндай заңның мүлде қабылданбағанын атап өткен спикер: «ТМД-ның барлық дерлік елдерінде, мысалы, Ресей, Беларусьте мұндай заң дер кезінде жарияланды. Аталған заң арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың дамуын, олардың басқа нысандарға айналу жолдарын анықтауға болады. Еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерінің жартысынан көбі осы секторда тиесілі. Ал мал шаруашылығында одан да көп өндіріледі», деп бұл саланың маңыздылығын санамалап берді.

Осыған орай ғалымға «Мемлекет басшысының «өте қысқа мерзімде» деген шектеуі тағы бір сапасыз заңның дайындалуына әкеп соқпай ма?» деген сұрағымызды қойған едік. Алайда Тоқтар Әбенұлы: «Елімізде қанша ауыл, елді мекен бар екені белгілі. Ауыл тұрғындарының, мал басының саны да шамамен анықталған. Ғылыми тұрғыдан қанша жайылымдық жер қажет екенін анықтау анау айтқандай қиын емес. Ауыл маңындағы қанша жерді сол елді мекеннің тұрғындарына бере аламыз? Жеке меншіктегі қанша жер нақты пайдаланылуда? Осы сұрақтар анықталса, заң жобасын әзірлеу ұзақ уақытты талап етпейді. Түптеп келгенде, мәселе асығыстықта емес, жайылымдық жер проблемасының өзектілігінде жатыр. Сауатты дайындалған, ғылыми не­гіз­делген заң шикі болмайды. Ең басты­сы, бұл заңды халық біліп, ауыл жұрты тү­суінуі керек. Белгілі бір топтардың мүдде­сіне емес, халықтың алаңдатқан мәселесін шешіп беретін заң керек. Ол үшін осы заңды дайындайтын Парламентте елдің мүддесін қорғайтын азаматтар отыруы тиіс», деп ойын түйіндеді ғалым.