
Украина астанасы Киевте демонстранттар билікпен келіссөз жүргізуден бас тартып, наразылық акцияларының ауқымын кеңейтуге шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyg.org хабарлады.
23 ақпанда оппозиция жетекшілері Виталий Кличко, Олег Тягнибок және Арсений Яценюк Украина басшысы Виктор Януковичпен тағы кездесті. Кездесуден соң Тәуелсіздік алаңына барған Кличконың айтуынша, келісімге сәйкес, президент Янукович пен ішкі істер министрі демонстранттарға күш қолдануды, зорлық-зомбылықты тоқтатып, барлық қамалғандарды босатады. Ал наразылық танытушылар милицияға қарсы әрекеттерін тоқтатуы тиіс.
УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Олег Тягнибок алаңда демонстранттардан қамалғандардың босатылуы үшін Грушевский көшесін босатуды сұраған болатын. Бірақ демонстранттар ол ұсынысты қолдамай, қарсылықты жалғастыра беруге ниет білдіріпті. Оған жауап ретінде Тягнибок наразылық танытушыларды тәртіп сақтап, нұсқауды орындауға шақырды.
Оппозицияның тағы бір жетекшісі Арсений Яценюк наразылық акциясын Институт көшесінен Ольгинский көшесіне дейін кеңейту туралы мәселе көтерді.
Киевте 19 қаңтарда бейбіт жиын өткізуді шектейтін заң қабылдануына қарсы жаппай ереуілдер басталған еді. Содан бері шерушілер мен милиция арасындағы қақтығыстардан бес адам қаза тауып, 300-ге жуығы жарақат алды.
Украинадағы халық наразылығы 2013 жылы қарашада - Украина президенті Янукович Еуропа Одағымен серіктестік шартына қол қоймай тастағанынан кейін басталған. Украина билігі ЕО-дан бас тартқан соң Мәскеумен келіссөздер өткізіп, Кремль бұл елге қаржылық көмек беруге және газды арзан сатуға келіскен.
Еуропамен интергацияны жақтаушылардың содан бері басылмай келе жатқан «Еуромайдан» акциясы 2004 жылы Украинада болған «қызғылт-сары төңкерістен» кейінгі ең ірі наразылық шарасы болып отыр.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Azattyg.org
Фото: Zn.ua