Әсіресе Президенттің «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз», деген бір ауыз сөзі көкейіме қонды. Мемлекет басшысы Қазақстандағы ғылымды дамыту жөніндегі ой-тұжырымдарын бұған дейін де аз айтқан жоқ. Алайда Жолдауда айтылған пікір мен берілген тапсырмалардың орны мүлдем бөлек. Президент Жолдауда «Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», деді. Еліміздің ғылым саласында түйткілді мәселелер бар ма өзі? Бар болғанда қандай. Мәселен, біз ғылымды академиялық жолмен дамытуды доғардық. Дүние жүзінде ғылым екі-ақ жолмен дамиды. Соның біріншісі – академиялық жол болса, екіншісі – университеттік жол. Батыстың Oxford, Cambridge сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал Кеңес Одағы академиялық жолды ұстанды деуге болады. Келместі көксеп, өткенді аңсап отырғаным жоқ. Алайда бұрынғы одақтас елдердің аумағындағы академиялық жүйе өте мықты болды. Соның нәтижесінде КСРО-ның ғалымдары ракетаны алғашқы болып ғарышқа көтерді. Оны дүниежүзі мойындайды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз кереметтей жаңалықтар ашып жатты. Алайда академия жабылып қалған соң жеткен жетістіктеріміз де, ашқан жаңалықтарымыз да азая берді.
Неге дейсіз ғой? Академия – Қазақстандағы ғылымның өркендеуін алдын ала болжап, алдағы 5-7 жылдықта оны қалай дамыту керектігін жоспарлап отырған еді. Екіншіден, академияның мемлекеттік бюджеттегі өзіндік орны болатын. Оған миллиардтаған қаражат бөлініп тұратын. Академиядан айырылып қалған кезімізде онымен бірге ғалымдарымыз да абдырап қалды. Бағынысты ғылыми-зерттеу институттары да далада қалды. Университеттер болса, ғылыми-зерттеу институттарына дұрыс жөн сілтеп, жүйелі жұмыс жүргізуді білмеді. Соның кесірінен еліміздегі 100-ге жуық институттан бас-аяғы 7-8-і ғана қалды. Бұдан да аз болуы мүмкін.
Президент «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым», деді Жолдауда. Мемлекет басшысының бұл сөзін қос қолдап қолдаймын. Себебі ғылымның негізі – іргелі ғылым. Осы мәселені жүйелі жолға қойған дұрыс болар еді. Қ.Тоқаев бұл сөзді бекер айтып отырған жоқ. Орасан ой жатыр мұнда. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне жеткен 3 жылдық грант. Неге? Себебі 3 жылда жаңалық ашып, зерттеуді аяғына жеткізу мүмкін емес. Бұл туралы Президент те «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», деп айтып отыр.
Ойлап табылған жаңа дүниені қолданысқа енгізіп, өндірістік жолға қою үшін де кемі 5-7 жылға жуық уақыт керек. Сондықтан іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізудің мәні мен маңызы аса зор. Тамаша бастама! Бұрынғы академия болмаса да, соған жетеғабыл қадам жасалып жатыр.
Ғылыми-техникалық дамудың стратегиясы деген бар. Мұндай стратегия 15-20 жылға жасалады. Бұл жұмысты ғалымдардың үлкен ұжымы қолға алады. АҚШ, Жапония, Қытай және Еуропа елдерінде мұндай стратегия бұрыннан бар. 2016 жылы Ресей осындай стратегияны қолға алып, бекіткен болатын. Бізге де осындай стратегия қажет. Президент оған тікелей қадағалау жасап, 5-6 жыл сайын тиісті өзгерістер енгізіп отыруы қажет. Бүгінде елдегі ғалымдарымыз 3 топқа бөлініп қалды. Алғашқылары 70-тен асқандар болса, орта буын 50-60 жастың маңайында. Кенже буын саналатын 25-40 жас аралығындағы ғалымдар тағы бар. Үш буынның ғылымға деген көзқарасы үш түрлі. Ал мұндай стратегия үш буынның да басын біріктірер еді.
Жалпы, еліміздегі ғылымды дамытуға қатысты Жолдауда көтерілген әр бастаманы қолдаймын. Жауапты органдардың ендігі міндеті – Президенттің тапсырмасын жерде қалдырмай, уақтылы, жүйелі ұйымдастыру ғана. Отандық ғылымды осылай ғана алға бастыра аламыз.
Темірғали КӨКЕТАЕВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор