Медицина • 08 Қыркүйек, 2021

Эпидемиолог Сәкен Әміреев өмірден өтті

505 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, эпидемиолог-вакцинолог, медицина ғылымдарының докторы Сәкен Әміреев өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Эпидемиолог Сәкен Әміреев өмірден өтті

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласы мен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті үлкен, орны толмас қазаға ұшырады.

Бүгін таңертең Қазақстандағы эпидемиология және вакцинация мектебінің негізін қалаушы, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Әміреев Сәкен Әміреұлы короновирустан көз жұмды.

Қаралы хабарды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің баспасөз қызметі растады.

«С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері Сәкен Әміреұлының туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады», делінген хабарламада.

Cәкен Әміреев 1940 жылы 5 қаңтарда Алматы облысы Қабанбай (бұрынғы Андреев) ауданы Мұқай ауылында дүниеге келді, 1957 жылы Екпінді орта мектебін тамамдады. 1958-1964 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтында оқып дәрігер- эпидемиолог маманы атағын алды. 1964 жылы КССР Денсаулық сақтау министрлігінің микробиология эпидемиология және гигиена ғылыми-зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданды.

1967-1970 жылдары АММИ аспиранты. 1970 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атағын қорғады.

Профессор С.Әміреев бруцеллез проблемаларының әртүрлі салалары бойынша 2 монография, 4 ғылыми жинақтар, 6 томды ғылыми-әдебиеттерге шолулар жарық көрді, 5 докторлық, 12-кандидаттық диссертациялар қорғалды (ғылыми-жетекші, ғылыми-кеңесші болды).

Айта кетейік, ол пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавируспен күресте алдыңғы қатарда болды.