Өнер • 09 Қыркүйек, 2021

Отандық операдағы айтулы оқиға

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Операның» талантты әншісі, аталған театрдағы опера труппасының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов еліміздің вокалдық классикалық өнері тарихында алғаш рет әлемдік деңгейдегі бірегей жобаға – Винченцо Беллинидің «Пуритандар» операсының CD-дисктегі аудиожазбасын жасауға қатысты. Онымен бірге операны бельканто жұлдыздары – тенор Лоуренс Браунли, сопрано Сара Кобурн (АҚШ) орындады.

Отандық операдағы айтулы оқиға

DELOS америкалық ха­лық­аралық дыбыс жазу компа­ниясы әлемде 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оның жазбалары бірнеше рет Грэмми сыйлығына ұсынылған. Сонымен бірге айтулы жобаға литвалық солистер де қатысты. Жазбаға бастамашылық танытқан Нью-Йорк қалалық операсының жа­ңа­дан тағайындалған музы­ка­лық жетекшісі, әйгілі дирижер Константин Орбелян.

− Ел тарихында алғаш рет В.Беллинидің «Пуритандар» операсына қатысып, бірегей аудио­дис­кіні жазу – мен үшін үлкен тәжірибе болды. Танымал коуч, дирижер Джон Фишермен жұмыс істеу үшін бір апта ерте келдім. Жазу барысы асқан дәлдікпен жүр­гі­зіл­ді, ол төрт бөлімнен тұрды. Туындыны жазу, шамамен екі аптаға созылса да, бәрі де көңі­лімнен шықты. Әлемде Бел­ли­нидің «Пуритандар» операсы жазбасының бірлі-жарым нұс­қа­лары бар. Бұл шығарма – опера өнерінің шыңы, бельканто жауһары, сондықтан әншінің шеберлігі мықты болуы керек, себебі бельканто – вокалдық техниканы меңгерудің ең биік көрсеткіші, − деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов.

Шынын айтқанда, бұл әлем­дік музыка үшін ғана емес, отандық опера өнері үшін де айтулы оқиға. Эксклюзивті дискінің мұқабасында дарынды жерлесіміздің есімі жазылады. Енді Азамат Жылтыркөзов халықаралық тәжірибесін өз елімізде пайдаланып, шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қазақ­стан­дық орындаушылармен, дирижерлермен ұлттық опера репертуарын жазуға ниеттеніп отыр.