Дүниежүзілік доданың ашылу салтанатында құтқарушы спортшылар Жамбыл облысында жарылыс салдарынан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға қатысқан мәртебелі меймандардың қатарында Халықаралық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының президенті, Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Вадим Синявский, Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрінің бірінші орынбасары Александр Чуприян болды.
Жалпы, Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясы және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған жарыстың пандемияға байланысты санитарлық-карантиндік талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз өткенін айта кеткен ләзім.
Әлем чемпионатына дүние жүзінің он елінен, атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Словакия, Польша, Сенегал, Чехия, Өзбекстан, Моңғолия, Аустрия және Қазақстаннан 10 ерлер және 5 әйелдер командасы қатысып, жүлделерді сарапқа салды.
Айта кету керек, Қарағанды дәл осындай деңгейдегі жарысты өткізген Қазақстанның екінші қаласы. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин кеншілер астанасының кездейсоқ таңдалмағанын айтады. Оның пікірінше, қолайлы логистикаға және стандарттарға сәйкес стадионның болуы таңдаудың дәл осы қалаға түсуіне тікелей әсер етіпті. Өйткені чемпионатты ашық аспан астында өткізу қажет болған екен.
Жарысты ұйымдастырушылар стадионда қажетті база дайындап, доданың жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасаған. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін киім шешетін шатырлар, фудкорт орнатылды. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрімен танысу мақсатында арнайы этно-ауыл құрылғанын айта кету керек. Бұдан бөлек, чемпионаттың ашылуы аясында апаттық-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтіп, онда отандық өнімдер де келушілер назарына кеңінен ұсынылды.
Әлем чемпионатының додасы оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағынан өту, жауынгерлік қанат жаю және 100 метрден төрт өрт эстафетасы сыны бойынша өтті.
Жарыс қорытындысында Беларусь құрамасы жалпыкомандалық есепте әйелдер және ерлер арасында әлем чемпионы атанды. Екінші жүлде Ресей командасына бұйырса, қола жүлдені Чехия құрамасы қанағат тұтты. Ал Қазақстанның ерлер командасы жауынгерлік қанат жаю жарысында чемпион атанды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубоктардан бөлек медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Келесі әлем чемпионаты Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін болды. Осыған орай, жарыстың жабылуында Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы әріптестеріне Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының туын табыс етті.
ҚАРАҒАНДЫ