Кеше Орталық коммуникациялар қызметі мінберінен Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер, Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқаларының төрағалары Ақылтай Қасымов пен Еліс Әбдіқадыров Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын сот-құқықтық мәселелерге орай журналистерге брифинг берді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметі мінберінен Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер, Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқаларының төрағалары Ақылтай Қасымов пен Еліс Әбдіқадыров Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын сот-құқықтық мәселелерге орай журналистерге брифинг берді.
Кездесуді ашқан ОКҚ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев алдымен осы аптада болатын маңызды саяси шараларға тоқталып өтті. Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының депутаттары Страсбургте өтетін Еуропа Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің іс-шараларына қатысады, деді ол. Ал 28 қаңтарда Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінде «ҚР тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар, Қаржы және бюджет жөніндегі комитетте «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобалары қарастырылмақшы екен.
Ал Мәжіліс комитеттерінде Қылмыстық-атқару кодексі мен «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң жобалары бірінші оқылымда қаралады. 29 қаңтарда болатын Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда Қылмыстық кодекстің жобасы мен Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің Хатшылығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қарастырылады.
Осыдан әрі ресми өкіл сөзді Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовқа берді. Елбасы өзінің Жолдауында қоғамда адал бәсекелестік, әділдік пен заң үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет орнату қажеттігін атап өтті. Соның ішінде сот жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігі туындайды. Алдағы уақыттарда еліміздің экономикалық, әлеуметтік салаларының қарқынды дамуына, әлемде орын алып жатқан құқықтық инновацияларға сай ұлттық сот жүйесі тиісті деңгейде болуы керек. Осыған орай бүгінгі күні кешенді шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстардың негізгі бағыттары 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының аясында белгіленген, деді шешен.
Одан әрі Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің жобалары әзірленіп, Парламентке енгізілгенін жеткізді. Сонымен бірге, Президент тапсырмасына сәйкес Жоғарғы Соттың жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын дайындауға кіріскені белгілі болды. Осы кодекстер сотта іс жүргізудің сапасы мен құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырып, адам құқықтары мен бостандықтарына конституциялық кепілдіктерді нығайтады деген сенімдеміз, деді А.Қасымов.
Сот жүйесін дамыту, оның жұмысын ұйымдастыруды жоғары деңгейге жеткізу – тұрақты ғылыми, кадрлық, материалдық-техникалық, қаржылық және әлеуметтік қамсыздандыруды талап етеді. Сот төрелігін жүзеге асыруда кең ауқымды ақпараттандыруды енгізу де бүгінгі күннің талабы. Бізде осыған қажетті технологиялар жан-жақты қолданылуда, деді шешен. Сот жүйесін үздік кадрлармен жасақтау мәселесіне тоқталғанда ол жаңа кадр саясатының тұжырымдамасын әзірлеуге кіріскендерін және болашақ судьялардың жеке рейтингін анықтауда құпия электрондық сауалдама практикасын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, судьялар жүктемесінің өте көп екендігіне орай жаңадан 450 бірлік судьялық орындар ашылғандығы айтылды.
Алқа төрағасының айтуына қарағанда, Қазақстанның соттары 2013 жылы 1 млн.-нан астам арыз-шағым мен істер қараған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық екен. Одан әрі шешен ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы өзара іс-қимылдардың тұжырымдамасы әзірленетінін жеткізді. Азаматтардың сот жүйесіне деген пікірлері және олардың заңға деген құрметтері көбіне масс-медианың жұмысымен мазмұндалады, деп атап көрсетті А.Қасымов өз сөзінде. Осыған орай Судьялар одағы Қазақстанның Журналистер одағымен және «Әділ сөз» халықаралық қорымен бірлесіп, ағымдағы жылы республика бойынша сот қызметін жариялап, таныстыруға арналған конкурс ұйымдастырып отыр, деді ол. Сөзінің қорытындысында А.Қасымов бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, журналистерді осы мәселе бойынша сындарлы ынтымақтастыққа шақырды.
Осыдан кейін Жоғарғы Соттың алқа төрағалары журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».