28 Қаңтар, 2014

Тринидад және Тобагомен байланыс орнайды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Тринидад және Тобаго Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Родней Чарльз екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.

 

Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Тринидад және Тобаго Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Родней Чарльз екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.

Қол қою рәсімі кезінде екі­жақты деңгейдегі және бүкіл­әлем­дік ұйым аясындағы ын­ты­мақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары бо­йынша пікір алысылды. Қазақстан мен Тринидад және Тобагоның даму кезеңдерінің ұқсастығы, атап айтқанда, тәуелсіздікке қол жеткізулері, демократиялық дамуы, өңірлік интеграциялық үдерістерге қатысуы, қоғамның толеранттылығы атап өтілді.

Тараптар мемлекеттер ара­сын­дағы өзара тиімді байланыстарды кеңейтудің маңызына ден қойды. Әсіресе, энергетика, сауда-саттық, өңірлік рыноктарға қолжетімділік, туризм мен білім беру салаларындағы байланыс­тар ауқымын кеңейтудің қажет екендігі атап көрсетілді.

Сондай-ақ, Қазақстанның осы арал мемлекеттің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын да­мытуға ықпал ету мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, Қазақстан үшін өз тауарлары мен қызметтерін Латын Америкасы мен Кариб бассейні өңіріне шығарудың маңызы айтарлықтай.

Кездесу кезінде екі мемле­кет үшін де қызығушылық танытылатын БҰҰ-ның күн тәрті­біндегі маңызды мәселелер де талқыланды. Олардың арасын­да теңізге шығатын жолдары­ жоқ елдер мен шағын арал мем­лекеттердің проблемаларын шешу, орнықты даму мақ­сат­тарын белгілеу, қоршаған ортаны қорғау, т.б. мәселелер бар.

Тринидад және Тобаго – Кариб­ теңізінің оңтүстік бөлігінде орна­ласқан арал мемлекет. 1,3 миллион халқы бар. Саяси жүйесі пар­ла­менттік демократияның британдық үлгісіне негізделген парламенттік республика болып табылады. Экономиканың негізгі секторлары – мұнай мен газ өндіру және өң­деу. Сондай-ақ, Тринидад және Тобаго – әлемде асфальттің аса ірі­ табиғи резервуары бар ел.

Бұл ел БҰҰ-ға 1962 жылдың 18 қыркүйегінде енген. Америка Мемлекеттері Ұйымына, Кариб қоғамдастығына, Дүниежүзілік сау­да ұйымына, Латын Америкасы экономикалық жүйесіне мүше болып табылады.

«Егемен-ақпарат».