Туризм • 09 Қыркүйек, 2021

«Атамекен» экспедициясы – Ақжайық өңірінде

918 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» акционер­лік қоғамы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйым­дастырған «Атамекен» экспедициясы 6-7 қыркүйек күн­дері Батыс Қазақстан облысы аума­ғымен жүріп өтті. Негізгі бағыт – биыл құрылғанына 220 жыл толып отырған Бөкей хандығының астанасы – Хан ордасы ауылы болғанымен, жол-жөнекей Ақжайық, Қазталов аудандарына соғып, ел-жұртпен жүздестік, тәуелсіздік жетістіктерін көрдік.

«Атамекен» экспедициясы –  Ақжайық өңірінде

Кең байтақ Қазақстанның тарихи-мәдени және туристік әлеуетін кеңінен көрсетіп, насихаттау мақсатында жол­ға шыққан «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері қыз­меткерлері, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өкілдері, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мамандары алдымен Ақжайық ауданының орталығына ат басын тіредік.

Жұбан еліндегі жүздесу

Ақжайық ауданы тұрғындары өз­де­рін бейресми түрде «Жұбан елінен­біз» деп мақтан тұтады. Тіпті Бәйтерек ауда­ны мен Ақжайық аудандарының шекарасында тұрған аудан гербінің үстінде «Жұбан елі» деп жазылып тұр. Мұндағы Жұбан – қазақтың белгілі ақы­ны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі «Мен қазақпын!» поэмасының авто­ры Жұбан Молдағалиев.

1

Өзге жұрт біле бермейтін шығар, ақын Жұбанның туған жеріне деген сүйіспеншілігі, қадір-құрметі ерекше болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүрген уақытында Орал облысының, Тайпақ өңірінің талай мәселесін жоғары мінберде көтеріп, оң шешілуіне ықпал еткен. Туған ауылы Сайқұдыққа сыйлаған жеке кітапханасы әлі күнге халық игілігіне жарап тұр.

2

Өткен жылы пандемияға қарамастан Жұбан ақынның ғасырлық мерейто­йын ақжайықтықтар кең көлемде атап өтті. Аудан кәсіпкерлері, қарапайым халық жиылып, бюджеттің бір тиынын да шығармай, 30 млн теңге қаржыға ­аудан орталығынан «Жұбан орталы­ғы» ғимаратын тұрғызды. Қазір мұнда ша­ғын музей, жас ақындар үйірмесі жұ­мыс істейді.

– Біздің үйірмеде 200-ге тарта шәкірт бар. Бүгінге дейін 12 айтыскер ақын шықты. Санат Мұхамбетжанов, Бекболат Қаленов, Әсет пен Айнабек Бисенға­лиев сынды ақындар қазір облыстық, республикалық додаларға қатысып жүр. Әрине, бұл үйірмеге жазылған шәкірттің бәрі ақын болмас, бірақ сөз құдіретін, өлең өлкесінің қадір-қасиетін білетін, түсінетін тұлға болып қалыптасары анық, – дейді үйірме жетекшісі, ақын Сағынтай Бисенғалиев.

в

Экспедиция мүшелері алдымен Ақ­жайық аудандық тарихи-өлкетану му­зейін аралап көрді. Сонау 1949 жылы Азамат соғысының батыры Василий Чапаевтың мемориалдық музейі ретінде ашылған мұражайда өлкенің арғы-бергі тарихы барынша қамтылған. Айта кетейік, бұрынғы Тайпақ және Чапаев аудандарының бірігуінен пайда болған Ақжайық – Батыс Қазақстан облысында жер көлемі жағынан ең үлкен аудан. 18 ауылдық округі бар. Елудің үстінде елді мекен Жайық өзенінің қос жағалауын қаусырып, Атырау облысының шекарасына дейін созылады. Мұнда Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысының іздері сайрап жатыр, Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының зираты Базаршолан ауылдық округінде. Әйгілі Махамбет батыр өмірінің соңғы кезеңін осында өткерген, 1868 жылғы «Ел ауа» көтерілісі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Күн­батыс Алашорданың талай-талай тұлғасы туып-өскен өңір. Кеңес өкіметі жылдары байырғы тарих айтылмай, басты кейіпкер Василий Чапаев болғаны да рас. 80 мыңнан аса жәдігер жинақталған аудан музейінде бұрынғы олқылықтың орны толып, өткен тарихқа барынша байыпты баға берілген. Ерекше жәдігерлер қатарында Махамбет Өтемісұлы уақытша қамалған жертөленің темір шілтерлі есігі, Чапаевтың пулемет орнатылған «тачанка» арбасы, Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтің жұмыс кабинеттері назар аударды.

3

– Біздің өңірдің «Egemen Qazaqstan» газетіне ықыласы ерекше. Ауданда ба­сы­лымның мыңнан аса тұрақты оқыр­маны бар. Газет бетінде өңірдің жақсы жетістіктері де, түйінді мәселелері де дер кезінде жазылып келеді. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша өңірде жылына 70-80 жоба жүзеге асады. Биыл Бударин ауылында жергілікті кәсіпкерлер 70 млн теңге қаржы жұмсап, балабақша салып жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілмек. Аудандағы елді мекендер то­лық газдандырылған, биыл халықты таза сумен қамту 98 пайызға жетпек, – дейді біздің экспедиция мүшелерін қарсы алған Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев.

Рас, аудан ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дық тойын лайықты қарсы алғалы отыр екен. Сапар барысында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен де кездестік. Ардагер журналист Тілес Жазықбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажығалиев, ардагер жиһанкез Қуаныш Аққалиев, «Радуга» славян орталығы­ның жетекшісі Валентина Боричевская сынды тұлғалар өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Ақжайық ауданындағы ақжарқын кездесуден кейін қайтадан атқа қондық.

 

Жақсы ісі көп Жалпақтал

«Атамекен» экспедициясының ке­ле­сі ат басын тіреген жері – Қазталов ауда­нындағы Жалпақтал ауылы болды. 5 мыңдай тұрғыны бар бұл елді мекен 1997 жылға дейін Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданының орталығы болған. Аудан мәртебесінен айрылып, мәртебесі төмендеген жылдары ауыл тұрғындары қалаға көшіп, ел іргесі сөгіле бастағандай болған. Бірақ түзеліпті. Түзеген – Жалпақ­талдың өз жұрты, намысты жастары.

2

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның «Туған жер» қозғалысы, яғни аза­маттардың өз ауылына, туған жеріне көмегі біздің Жалпақталда 2000 жыл­дары-ақ қолға алынған, – дейді мақта­нышпен ауыл тұрғыны, әріптесіміз Қы­дыр Харесұлы.

Жалпақталдық мектеп түлектерінің жыл сайын мамыр айында туған ауылына қомақты тарту жасауы 2013 жылдан бері жүйелі жолға түсіпті. Кейбір есепке қарағанда соңғы сегіз жыл ішінде мұнда 150 млн теңгенің жұмысы атқарылыпты.

2

Шынында да ауылда меценаттардың күшімен салынған нысандардың санына жету қиын. Жол бойындағы ауыл атауы жазылған белгіден бастап, бірнеше саябақ, тынымбақтар, субұрқақ, 4-5 футбол алаңы, стрит-воркаут алаңы, ба­лалардың бірнеше ойын алаңы, ардагерлер аллеясы, аспалы көпір, көше сағаты... – осылардың бәрі де ауылдың сәніне сән қосып әрі жергілікті халықтың игілігі­не жарап тұр.

Мәселен, 1969 жылы туған түлектер 3,6 млн теңге қаржыға Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Құсайынов атындағы көше бойына өрнектас төсеп, субұрқақ орнатқан. Ал 1977 жылғылар орталық саябаққа 8 млн теңге жұмсап, футбол алаңын салыпты. 2014 жылы жеке кә­сіпкер Айдос Сәрсенғалиев Жалпақтал ауылындағы мешіт ғимаратына қос мұ­нара орнатып, 25 млн теңгеге күрделі жөндеу өткізсе, келер жылы 5 млн теңгеге Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жөндепті. 1978 жылғылар балалар ойын алаңын салса, 1980 жылғы­лар 7 млн теңгеге «Жалпақтал» сілтеме бел­гісін орнатып, жол жиегіне электр баға­наларын тартқан. Осы ауылдан шық­­қан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 13 Социалистік Еңбек Ерінің мүсіні орнатылған «Батырлар аллеясын» 1966 жылы туған түлектер 10 млн теңгеге ор­натқан. Айта берсе, мұндай мысал тіпті көп.

3

– Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 30 жыл болды. Туған аулымызға естелік сыйлық үшін сыныптастар бірігіп, осы «Жалпақтал жағалауы» алаңын жаса­дық. «Шаңырақ» композициясын орнатып, жағалауды абаттандырдық, алаң­­ды қоршап, қарағай, үйеңкі көшеттерін ек­­­тік. Демалып отыратын орындықтар, көше шамдары, өрнектас – бәрін өз күшіміз­бен салдық. Мен қазір осы саябақтағы көшеттерді күнделікті суғарып, қадағалап жүремін, – дейді бізге алаңнан кездес­кен Арыстан Телжанұлы. Қараөзенге орнатылған аспалы көпірдің алдынан ашылған әдемі мүйісті абаттандыруға 7,5 млн теңге қаражат кетіпті.

4

– Жалпақтал ауылында тарихи ғи­мараттар да көп. Мұнда көпес Овчин­никовтың үйі, жазғы саябақ, бұрынғы саз мектебінің ғимараты секілді орындар бар. Ерекше сәулет ғимараты, ағаштан қиып салынған мына саяжайды күрделі жөндеуден өткізіп, музейге айналдыру туралы шешім қабылданды, – дейді бізге Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уәлиқызы.

1

Қазталов ауданының «Egemen Qazaqstan» газеті тарихында да елеулі орны бар: байырғы басылымның тұңғыш редакторлары Халел Есенбаев пен Тамим­дар Сафиев осы өңірде туып-өскен болатын. Тарихы терең топырақпен қимай қоштасып, сапарымыздың басты нысанасы – Бөкей ордасына жол тарттық.

 

Бөкей ордасының екінші тынысы

Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылы Орал қаласынан 600 шақырым жерде орналасқан. Ол жолдың жартысынан астамы асфальтсыз, қара жол. Екі-үш күн бұрын жауған нөсерден лайсаңға айналған жолдың кей тұсынан қиналып өтіп, Сайқынға қас қарайғанда жеттік. «Жол азабы – көр азабы» деген тауқыметті талай жылдан бері тартып келе жатқан ордалықтардың төзімінде шек жоқ екен...

2018 жылы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына асфальт жол салу қажеттігін айтып, Үкіметке тапсырма бер­ген болатын. Алғашқы жоба бойын­ша бұл жол 2021 жылдың соңында пай­далануға берілуі тиіс еді. Бүгінде жол құры­лысы басталғанымен, түрлі себеппен созылып барады.

ыв

– Елбасы тапсырмасымен қол­ға ­алын­­ған жол құрылысының 103 шақы­рымы біздің Бөкей ордасы аумағымен өтеді. Қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін 40-45 шақырым жол салынады деп отырмыз. Жалпы, Бөкей ордасын облыс орталығымен жалғай­тын жол құрылысы 2024 жылы толық пайдалануға берілуі тиіс. Оның сыртында Хан ордасы ауылына дейін тартылатын 21 ша­қырымдық республикалық маңызы бар жол да екі жыл ішінде салынбақ, – дейді Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов.

Облыс орталығынан шалғайда орна­лас­қанына қарамастан Бөкей ордасы ауданы ауыл шаруашылығы дамыған, бақуатты өңір саналады. Ауданда 16 мыңға жуық халық тұрады, 542 шаруа қожалығы бар. Мұндағы малды бө­кейліктің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне тең бөлсе, әр адамға 5 сиыр, 2 жыл­қы, 6 қой-ешкіден келеді екен.

1

Аудан басшысы өңірдегі елді мекен­дер толығымен табиғи газ игілігін көріп отырғанын, ауылдар ауыз су құбырымен 85 пайызға қамтылғанын айтып өтті. Жер шалғайлығы және жол жоқтығы азық-түлік, құрылыс тауарларының қым­баттығын тудырғаны байқалады. Мә­селен, соңғы күндері нан бағасы – 210 теңгеге, АИ 92 маркалы бензиннің 1 литрі – 210 теңгеге жеткен. Тұрғындардың айтуынша, биыл жеке құрылыс та жыл­дағыдан баяу. Өйткені құрылыс зат­тарының бағасы аспандап кетті, оларды алыстан жеткізу де оңай емес.

Біз сапар барысында ауданның зия­лы қауым өкілдерімен, аудандық мәс­ли­хат депутаттарымен жүздесіп, өңір тұр­ғындарын мазалаған мәселелерге де құ­лақ қойдық. Алайда ол бөлек мақаланың еншісінде.

2

Басқа аудандармен салыстырғанда Бөкей ордасының туристік әлеуеті ерек­ше екені сөзсіз. Мұндағы Хан Орда­сы тарихи-мәдени, архитектуралық-этно­графиялық музей-қорығы Қазақ­станның Жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енген бірегей кешен. Жыл сайын алыс-жақын шетелден және өз отандастастарымыздан мыңдаған турист арнайы келетін. Мәселен, 2019 жылы 21 мың турист келген екен. Пандемия бұл үрдісті бұзды. 2020 жылы келушілер саны 4 мыңнан сәл ғана асыпты. Биыл жыл басынан бері 7,5 мыңдай адам келген.

– Жолдың шалғайлығына қарамас­тан музейге келуші туристер аз емес. Ертең асфальт жол салынған кезде келушілер нөпірі күрт өсетінін болжап отырмыз. Сондықтан музей-қорықты дамыту, қыз­­мет аясын кеңейту мақсатында жоба жасап, облыс басшылығына ұсындық, – дейді музей-қорықтың директоры Ғайса Темірболатұлы.

Расында «Батыс Қазақстан облыс­тық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архи­тектуралық-этнографиялық музей-қо­ры­ғы» – Қазақстанның батыс өңірінде­гі бірегей және жалғыз музей-қорық. Оның негізі 1962 жылы Орда тарихи-революциялық мұражайы болып қа­ланған. 1997 жылы Бөкей Ордасының тарихи музейі болып өзгертілді. 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи музейі және оның балансында қалпына келтірілген бірнеше ғимарат негізінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрылды. 2003 жылы кешен ICOM-ға (халықаралық музейлер қауымдастығына) мүше болып, Парижде тіркелді. Қазір кешен құ­рамында республикалық маңызы бар 13 ғимарат, Хан зиратындағы Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және этнограф ғалым Мұхамед-Салық Баба­жанов кесенелері кіреді.

Бүгінде музей-кешен құрамында Бөкей Ордасының тарихи мұражайы, Бөкей ордасындағы халықтық білім беру мұражайы, Хан сарайының қару-жарақ палатасы және Хан мешіті, тұңғыш қазақ баспаханасы, Шәңгерей Бөкеев музейлері ашылып, көрермен назарына ұсынылған. Ғайса Темірболатұлының айтуынша, жақында бөкейлік алғашқы аурухананың 1852 жылы салынған ғима­ратына реставрация басталмақ. Ал­дағы жылы Сейітқали Меңдешов пен Алма Оразбаеваның тұрған үйлері де жаң­ғыртудан өтуі тиіс.

3

– Хан ордасы ауылының табиғаты да, тарихы да ерекше. Алдағы жылдары өңірдің туристік әлеуеті еселеп артатыны түсінікті. Біз сол кезеңге қазірден дайын болуымыз керек. Алыстан келген турис­тер бұл жерге келгенде тек музейді көріп қана қоймай, толыққанды демалуы тиіс. Орданың қарағайлы орманы, таза ауасы, шағылды құмдары, емдік балшығы, яғни табиғи мүмкіндігі өте көп. Соны толығымен пайдалану керек. Жергілікті халық та туристер нөпіріне дайын болуы, туристік сервис: қонақ үй, асхана қызметін, сыйкәде бұйымдарын ұсынуға әзір тұруы керек. Біз осы ұсыныстардың бәрін жүйелеп, нақты жоба жасап, облыс әкіміне ұсындық. Егер ол жоба бекітілсе, іске кірісеміз, – деген еді аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Музей директоры Ғайса Темір­болат­ұлы Бөкей ордасына жол салынып, екін­ші тынысы ашылатын күнді асыға күтуде. Музей-кешенді дамыту бойынша жоба жүзеге асса, кешен аумағында этноауыл, ойын алаңдары, велосипед жолы, жасанды көл, жылқы және түйе фермасы, санаторий-емдеу және спорт сауықтыру кешендері ашылып, ауыл халқына да жаңа жұмыс орны көбеймек. Қазақстанның ең қиыр батысында жатқан «айналасы айшылық, көлденеңі күншілік, көрген жан қиып кете алмас» Жәңгір хан ордасының екі ғасырдан кейінгі екінші өмірі қазірдің өзінде естіген жанның есін алып, қызықтырып тұр...

 3

Батыс Қазақстан облысы

 

P.S. Біздің сапарымыз Бөкей орда­сының құрылғанына 220 жыл, Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 180 жыл толған мерейлі даталармен тұспа-тұс келді. Алайда пандемия бұл мерекелерді кең көлемде атап өтуге мұрсат бермей отыр. Екі күнге, 1200 шақырымға созылған сапарымызда Батыс Қазақстан облысының бір пұшпағын ғана шолып өтіппіз. Шежірелі Шыңғырлау, қазыналы Қаратөбе, Күнбатыс Алаш­орданың ұясы Жымпиты секілді тарихи топырақ, киелі мекендер кезегін күтіп қалғаны рас. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясы – газет қызметкерлері үшін де, оқырман қауым үшін де қажетті шара болғанына көзіміз жетті.