– Паралимпиадаға көк байрақты желбіретіп, Әнұранымызды шырқату үшін барған едім. Жеңіске жету үшін бапкерімнің кеңесін, өзімнің тәжірибемді толық пайдалануға тырыстым. Бірақ сәл сәттілік жетіспеді. Енді Парижде өтетін Паралимпиадаға дайындықты бастаймын. Сол кезде намысты қолдан бермей, күмісті алтын медальға айналдыруды көздеп отырмын, – дейді Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.
Парадзюдодан ел құрамасының бас бапкері Жандос Қияновтың айтуынша, жаһан жұрты көз тіккен додаға барған спортшылардың бәрінің жүлдегер атанар мүмкіндігі болған. Әсіресе Әнуар Сариев – әлемдік рейтингте алғашқы үштікке енген татами шебері. Сол себептен, ол екінші айналымға қарсылассыз шыққан. Ал екінші кезеңде моңғол спортшысын жартылай жеңіспен ұтты. Онымен тартысты белдесуде саусағын ауыртып, мұрны сынған. Соған қарамастан, келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланконы екі әдіспен жеңген еді. Алайда ақтық кездесуде әзербайжандық Вугар Ширинлиден ұтылды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Паралимпиаданың күміс жүлдегерлері Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатинаға Toyota көлігі мен 2 бөлмелі пәтер, 1 миллион теңге берді. Паралимпиада жүлдегерлерінің шеберлігін шыңдаған бапкері Жандос Қияновқа 4 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
– Бұл – еліміздің параспорты үшін тарихи жетістік, қажырлы еңбек пен биік намыстың, өршіл рухтың жемісі. Ең бастысы, Атырау спортшыларының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына айрықша тартуы. Парадзюдошылар қара ормандай жанкүйері мен мыңдаған жасқа қайсар мінездің мәнін ұғындырды, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ Паралимпиада ойындарының қатысушылары Аманжол Жанбота, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов, Нұрлан Домбаев, Ержан Сәлімгереев пен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.
Атырау облысы