29 Қаңтар, 2014

Қалдықтар қайта өңделетін болады

447 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

01-Үкімет-үйіЕлімізде жыл сайын 500 мың тоннаға дейін қағаздар мен картондар, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса сияқты тұрмыстық қатты қалдықтар «қоқысқа» шығарылады екен. Енді бұдан былай мұндай ресурстарды екінші рет пайдалану мүмкіндігі туғалы тұр. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында айтылды.

Елімізде жыл сайын 500 мың тоннаға дейін қағаздар мен картондар, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса сияқты тұрмыстық қатты қалдықтар «қоқысқа» шығарылады екен. Енді бұдан былай мұндай ресурстарды екінші рет пайдалану мүмкіндігі туғалы тұр. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында айтылды.

Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысын­да тұрмыстық қалдықтар жүйе­сін жаңғырту бағдарламасы ма­құлданған болатын. Оны тал­қылау барысында Үкімет басшысы елімізде қалдықтарды өңдейтін зауыттар жоқ деуге болатынын, сонымен қатар бұл саланы реттейтін құқықтық негіз де қалыптаспағанын, енді аталған жаңа бағдарлама осы мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. Премьер-Министрдің бұл сөзін бағдарлама жайында баяндама жасаған Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров та құптады. Ол бұл бағдарлама тұрмыстық қатты қалдықтарды жоғары деңгейде басқаруға қол жеткізуге, сонымен бірге «жасыл экономика» курсы негіздері мен қағидаттарын сақтай отырып, осы секторды бизнес пен жеке құрылымдар үшін тартымды етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

«Тауарлар мен қаптамалардың өндірушілері немесе импорттаушыларына заттар пайдаланылғаннан кейін оларды жинау мен қал­дық­тарды қайта өңдеуді заңнамалық түрде бекіту керек», деген министр өндірушілердің жауапкершілігін күшейту ұстанымы қалдықтардың барлық түрлеріне қатысты болмай­тынын да айтып өтті. Әлемдік тә­жірибеде өндірушілердің жауап­кершілігін күшейту ұстанымдары ескі автокөліктерге, пайдаланылған шиналарға, аккумуляторлар мен батареяларға, қаптамаларға қа­тысты, дейді ол.

2050 жылға дейін созыла­тын аталмыш бағдарлама 3 кезең­де жүзеге асырылады. Бұл кезең­дер тосыннан пайда болған жоқ. Аталған мерзім Қазақстан Респуб­ликасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамада, сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген.

«Бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытында шығаруды қамтамасыз ету үшін контейнерлер мен қоқыс тасымалдау­шы техникалар паркін жаңарту жолымен тұрғындарға қызмет көрсету ауқымын арттыру болып табылады. Сондай-ақ, биологиялық тез бұзылатын қалдықтарды жеке жинау­ды енгізу, қапталған қалдықтарды жинау, қауіпті тұрмыстық қалдықтарды жинау мен қайта жарату жүйесін енгізу, 2050 жылға дейін санитарлық полигондар үлесін 100 пайызға дейін көбейту, сондай-ақ қалдықтардан «жасыл» энергия өндіру деңгейін арттыру мәселесі болады», деді министр.

Н.Қаппаров баяндама барысында тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеуге жеке секторды тарту қажеттігін де айтып өтті. «Бұл салаға жеке секторды тарту бойынша әлемдік статистика сараптамасы оның қатысу үлесінің зор екендігін көрсетіп отыр», деді ол. Министрдің айтуынша, жеке сектор мемлекеттік құрылымдарға қарағанда барынша тиімді екендігін көрсеткен. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін пайдалану жеке секторды аталған қызмет саласына тартуға, мемлекеттік және жеке инвестиция арасындағы үйлестіру тетіктерін жетілдіру әрі ұйымдастыру құрылымдарын реформалауға мүмкіндік береді.

Министр тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға қажетті қаржы сомасымен де бөлісті. Бағдарламаның ілкі кезеңі үшін 52 млрд. теңге көлеміндегі бюджет шығыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл сома қазірдің өзінде рес­пуб­ли­калық бюджеттік комиссия тарапынан қол­дау тапқан. Сондай-ақ, 2020 жылға дейін шамамен 75 млрд. теңге сомасында жеке ин­вестиция тарту жоспарланған. Бұл жалпы шығыстардың 60 пайызын құрайды.

Н.Қаппаровтың атап өтуінше, жалпы көлемі 127 млрд. теңгені құрайтын бұл қаржы шығыстардың 4 санаты бойынша пайдаланылады. Аталған санаттар мыналар: биологиялық ыдырайтын қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды дер уақытында шығаруды қамтамасыз ету үшін контейнерлер мен қоқыс шығаратын көліктер паркін жаңғырту, жаңа полигондар салу, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу.

Мәселені түйіндей келе, Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар берді. «Аталған мәселелер екі жыл ішінде талқыланған болатын. Бүгін біз бұл бағдарламаны қабылдау мәселесін қарастырып отырмыз. Аталған мәселелерді мақұлдап, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне тиісті қаулы жобасын Премьер-Министр Кеңсесіне бекітілген тәртіпте енгізуді ұсынамын», деді С.Ахметов.

Кешегі Үкімет отырысында сондай-ақ, құжат айналымын қысқарту және ақпараттар тасқынын оңтайландыру шаралары да талқыланды. Онда мемлекеттік органдар тиімділігін арттыру, бірыңғай электронды мұрағаттар жүйесін құру, мемлекеттік басқару мен жоспарлау жүйесін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар қаралды. Тақырыпқа орай Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Е.Қошанов пен Көлік және коммуникация­лар министрі А.Жұмағалиев есепті баяндама жасады. Талқылау қорытындысында «Біздің ортақ міндетіміз – құжат айналымын барынша қысқарту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау», деп атап көрсетті С.Ахметов. Премьер-Министр мемлекеттік органдарға 1 наурызға дейін бірін-бірі қайталайтын құжаттарға қатысты бақылау туралы барлық тапсырмаларына тексеріс жүргізу және оларды бақылаудан алу бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі тапсырма берді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар