Елорда • 12 Қыркүйек, 2021

Елордада жылыту маусымына дайындық жүргізілуде

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылыту маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталды, оның барысында тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендетуге бағытталған іс-шаралар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада жылыту маусымына дайындық жүргізілуде

Алдағы жылыту маусымында қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек? Бұл туралы онлайн брифингте қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті.

«Бірінші кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтары (1792 отбасы) мен жатақханаға қайта жабдықталған үйлер (1328 үй) арасында, екінші кезеңде саяжай алқаптарында (шамамен 6 мың саяжай үйі), ал үшінші кезеңде негізгі тұрғын үй қорында (33 мыңнан астам жеке тұрғын үй) алдын алу жұмысы жүргізілді», деді ол.

Айтуынша жылыту маусымына дайындықтың түйткілді мәселелері нақты ұсыныстар әзірлеумен қалалық ТЖ комиссиясының отырысында қаралды. Сонымен қатар ол азаматтардың өрт қауіпсіздігі негіздерін білмеуінен өрттің 80%-дан астамы орын алатынын жеткізді.

Брифинг соңында ол алдағы қауіпсіздік шараларын түсіндіріп өтті:

 - алдағы жылыту маусымына жылыту жүйелерін жөндеу және дайындау;

- тікелей жылыту маусымының алдында жылыту пештері мен жүйелерінің түтін құбырларын, мұржаларын және басқа элементтерін, кемінде үш айда бір рет күйеден тазалау;

- электр сымдарын тексеру, ескірген және уақытша схема бойынша салынған электр сымдарын ауыстыру;

- электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, жылыту үшін қолдан жасалған стандартты емес электр жылыту құралдарын ПАЙДАЛАНБАУ;

 - материалдарды, киімдерді от жанып тұрған пештің үстінде кептірмеу;

- ауланың аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау;

- балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау.

«Есіңізде болсын, өртті сөндіруден көрі оның алдын алған жеңіл. Өзіңізді және жақындарыңызды өрттен қорғаңыз, тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз. Өрт кезінде 101 нөміріне қоңырау шалыңыз», - деп ведомство басшысы сөзін қорытындылады.